Күз барлық әуесқой аңшылар мен балықшылар үшін қолайлы мезгіл. Осы кезде балықты ұстау жеңілдей түседі, құстар топ-тобымен жылы жаққа ұшады. Ақмола облысының өзендері мен су айдындарында балықшылар мен аңшылар қарасы да көбейеді.
Өкінішке орай, аң мен балық аулауды құмартқандардың көбі қауіпсіздік ережелерін ұмытады. Мұндай жағдай олардың өмірін қиюы мүмкін. Күз айлары қарсаңында, Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және апаттан құтқару қызметіндегі жедел құтқару жасағының құтқарушылары Көкшетау және Щучинск қалаларының барлық аң мен балық аулауға арналған дүкендерінде алдын алу рейдтерін жүргізуде. Шара барысында, аң мен балық аулау жабдықтарын сатып алған аңшыларға өзен мен көлдердегі қауіпсіздік ережелерін сақтау жөнінде жадынамалар мен буклеттер таратылды.
Осы бағытта құтқарушылар мүмкіндігінше аймақтағы бірқатар аңшылар мен балықшыларды қамтып, су айдындарында қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттілігі туралы ескертеді. Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және апаттан құтқару қызметіндегі жедел құтқару жасағы басшысының міндетін атқарушысы Марат Бөрібаев аңшылық маусымы кезінде барлық аңшылар мен балықшылар сақ болып, судағы қауіпсіздік шараларын сақтауын сұрайды. Ол үшін қайықтар мен өзге де жүзу құралдары ақаусыз болуы қажет. Қайықта құтқару кеудешелері тәрізді жабдықтар мен су сарқитын ыдыс болуы тиіс. «Сақтансаң, сақтаймын», демекші, қайғылы жағдайдың алдын алған жөн.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.