Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Баспасөз хатшылары қазақ тіліне неге шорқақ? - АРҚА АЖАРЫ

Баспасөз хатшылары қазақ тіліне неге шорқақ?

Қазақ журналистері екі есе артық жұмыс істеп, басқа әріптестерімен бірдей жалақы алады. Неге? Қашанғы өз елімізде өгейсіп жүрер екенбіз! Қашан қазақ тілі мемлекеттік тілге айналады?! Бүгінгі күні мемлекеттік тілдегі БАҚ пен қазақ тілді журналистерді осы мәселе толғандырады.

Еліміз Тәуелсіздігін алғаннан бергі ширек ғасырдан астам уақыт ішінде баспасөз саласында мемлекеттік тіл мәселесі жайында жиі айтылып келеді. Соған қарамастан, тіл мәселесінің әлі күнге дейін шешілер түрі жоқ. Сең қозғалған. Оң өзгерістер бар. Бірақ олқылықтар да жоқ емес. Әсіресе, баспасөз хатшыларының бір парақ баспасөз хабарын мемлекеттік тілде жаза алмайтындығы немесе жазғысы келмейтіндігі қазақ тілді журналистерді қажытып отырған жайы бар.
Бір ғасырдан астам тарихы бар облыстық «Арқа ажары» газетіне көптеген мемлекеттік мекемелер баспасөз хабарын әлі күнге дейін орыс тілінде жібереді. Жасыратыны жоқ, ара-тұра «біз бармыз» деген сияқты кейбір мекемелерден қазақша ақпараттар да түсіп тұрады. Ал, оның мәтінін оқып, түсініп көр. Амалсыздан орыс тілінде жазылған ақпаратқа қайта жүгінуге тура келеді. Бұл жайтты осы күні облысымыздағы кез-келген қазақ тілді БАҚ бастан кешіп отыр десек, артық айтқандық болмайды. Осыдан кейін мемлекеттік тілге деген немқұрайлылық БАҚ-та қызмет ететін қазақ журналистерінің намысына тимегенде қайтеді. Басқа әріптестерімен бірдей жалақы алып, екі есе артық жұмыс істеп отырған қазақ журналистерін осы ой қатты мазалайды.
Осы күні облыс әкімдігінен бастап, көптеген мекеме, ұйымдардың баспасөз хатшылары баспасөз хабарын мемлекеттік тілде дайындамайтынын, журналистерге орыс тілінде сұхбат беруге әзір тұратынын көріп жүрміз. Жақында ғана мемлекеттік мекемелердің тек орыс тілінде ғана сайт жүргізетіні туралы газетіміздің соңғы сандарында сын мақала жарық көрген еді. Енді, кезек көптің көкейіндегі жүрген баспасөз хабарламасы мен басшылардың баяндамасына да келгендей.
Қазақ «арбаның алдыңғы дөңгелегі қалай жүрсе, соңғысы да солай жүреді» дейді. Басшылар қай тілде сөйлесе, баспасөз хатшылары да сол тілде шүлдірлейді. Яғни, оларға да басшының тілін табу керек. Өңірлік коммуникация қызметінде апта сайын өтіп тұратын брифингтердің басым көпшілігі, тіпті, түгел дерлік қазақша сәлемдесуден басталып, орыс тілінде жүргізіледі. Брифингке келген әкімдер мен департамент, басқарма басшылары қазақша сәлемін жасап, орысша зуылдата жөнеледі. Бұдан айналып келгенде, қазақ журналистері зардап шегеді. Еліміз Тәуеліздік алған алғашқы жылдары журналистер Президенттен бастап, әкімге, кезкелген сала басшыларына халықты толғандырған қажетті сұрағын қысылмай-қымтырылмай қойып, бірден жауап алатын еді. Қазір әр мекеменің баспасөз хатшылары басшыларының оққағары сияқты өз басшыларының маңайына жолатпайтын болды. Қазақша сұрақ қойсақ шенеуніктер орысша жауап қатады. Тіпті, кейбір әкімдер брифинг болар алдында орынбасарларына немесе баспасөз хатшыларына редакцияларға қоңырау шалдыртып, журналистердің сұрақ қоймауын өтініп жататыны бар. Осыны көріп отырған баспасөз хатшылары арқаны кеңге салмағанда қайтеді.
Мемлекеттік мекемелердің баспасөз қызметтеріне келетін болсақ, төтенше жағдайлар департаменті, облыстық полиция департаменті, облыстық денсаулық сақтау, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармалары сияқты көптеген мекемелерден келетін ақпараттар негізінен бір ғана орыс тілінде жазылады. Бұлардың сайттарындағы жаңалықтар да түгел дерлік орыс тілінде жарияланады. Қазақшасын қазақ тілді БАҚ-та шыққан мақалаларды көшіріп салып қоя салады. Яғни, бұнысы жәй көз алдау сияқты.
Мысал ретінде айта кетсек, «Əлеуметтік медициналық сақтандыру» ұлттық акционерлік қоғамы Ақмола филиалы жеберетін баспасөз хабарламалары үнемі орысша келеді. Мекеме басшысы Нұрлан Ақылбековтың өзінің ана тіліне енжар қарауы ақылға сыймайды. Әрбірден соң, халықты әлеуметтік медициналық сақтандыру тек орыс тілді азаматтарға ғана қажет пе, иә, болмаса, қазақ тілді оқырмандар екінші сортты адамдар ма деп қаласың. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті де төтенше жағдайларды алдын алу шаралары туралы баспасөз хабарламасын орыс тілінде, жариялап келеді.
Мұндай мысалдарды осылай тізе беруге болады. Ағылшын сөздері мен терминдері жиі кездесетін құрылыс, өнеркәсіп салаларындағы тіл мәселесін айтпаса да түсінікті. Ең болмаса, халыққа қажетті денсаулық, құқық қорғау органдары салаларында қазақ тілі міндетті түрде орыс тілімен қатар жүруі тиіс қой.
Жоғары да келтірілген мысалдардан-ақ, мемлекеттік тілдің әлі күнге дейін өгей күй кешіп отырғанын көруге болады. Бұл жағдай БАҚ пен әлеуметтік желіде де жиі көтеріліп келеді. Бірақ әлі күнге еш нәтиже жоқ. Бұл түйткілді мәселені қалай шешуге болады? Қазақ тілді журналистер ақпарат орыс тілінде келсе, оны аударып бермей, керсінше, қазақшасын талап еткені дұрыс. Діттеп келгенде, бұл заң талабы. Мемлекет қабылдаған іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге көшу жөніндегі бағдарламаға сай, барлық құжаттар мемлекеттік тілде болуы тиіс. Яғни, баспасөз хабарламасы да мемлекеттік тілде дайындалуы керек.

PS: Мемлекеттік мекеме басшылары мен баспасөз хатшыларының мемлекеттік тілді білмеуі – мемлекеттік тілді ғана емес, мемлекеттің заңын да мойындамау емес пе? Сондықтан, әрбір басшы баспасөз хатшысын дұрыс таңдауы қажет дер едік.

Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар