Тіл — өткеннің ұрпаққа қалдырған аманаты, бүгінгі күннің абыройы, ертеңгі күннің кепілі. Сондықтан да өз ана тіліміздің қадірін біліп, өз тілімізде дұрыс сөйлесе білу – әр қазақ баласының бірден-бір міндеті болып табылады.
«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деген Ахмет Байтұрсыновтың қасиетті қағидасына сүйенсек, Ата заң аясында бақ-берекетіміздің сақталып отырғаны тіл саясатын да дұрыс жүргізудің жемісі екені анық. Тілдің мәселесі – ұлттың мәселесі, соған байланысты, 22-қыркүйек Тілдер күні мерекесіне орай, «Балдәурен» Республикалық оқу-сауықтыру орталығында «Әрбір тіл -өзінше ұлы» атты кеш өтті. Кештің негізгі мақсаты, тіл тазалығын сақтауға, мәдениетті сөйлеуге, шешендік өнерді оқушы бойына сіңіре отыра, ана тіліне деген сүйіспеншілігін қалыптастыру. Кешті ұйымдастырған тіл мамандары Калиева Салтанат Сағынайқызы, Жүсіпова Күнсұлу Кельманқызы және Темірболатова Эльмира Дулатқызы жоғары белсенділік танытып, аталмыш іс-шараның мазмұнды әрі тартымды өтуіне себепші болды. Кеш барысында тіліміздің қадір-қасиетін ұлықтайтын нақыл сөздер мен шешендік сөздер сахналық қойылым ретінде көрініс тауып, қазақтың қара домбырасынан терме-жырлар ақтарылды. Сондай-ақ, ауысым қатысушыларының ана тілі туралы авторлық өлеңдері оқылып, атақты ақын-жазушыларымыздың өлеңдерін мәнерлеп оқумен жалғасын тапты. «Балдәуреннің» мың бұралған бишілері мен әншілері кештің көркін кіргізді.
Іс-шара жоғары деңгейде өтіп, әр баланың жүрегіне тілге деген сүйіспеншіліктің дәнін сеуіп, қасиетті тіліміздің абыройын асқақтатты.
Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі- Қалиева Салтанат Сағынайқызы