Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көшелер кеңейтіліп, жолдар жөнделіп жатыр - АРҚА АЖАРЫ

Көшелер кеңейтіліп, жолдар жөнделіп жатыр

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетау қаласында салынып жатқан әлеуметтік нысандар мен жөндеу жұмыстары қолға алынған көшелердің құрылысымен танысып, қала басшылығы мен мердігерлерге жұмысты ширатуды және жер қатқанша негізгі жұмыстарды аяқтауды тапсырды.

Облыс басшысы алдымен Краснояр кентінің іргесіндегі Нұрлы көш елді мекенінде болып, ауылдың орталық көшесіне жүргізіліп жатқан асфальт төсеу жұмыстарының барысына назар аударды. Кент әкімінің орынбасары Серікжан Мәкіштің айтуынша, ағымдағы жөндеу жұмыстарына қалалық бюджеттен 25 миллион теңге қаржы бөлінген. Бұл қаржыға 10800 шаршы метр асфальт төсеу керек болса, бүгінгі күнге дейін оның тең жартысы орындалыпты.
– Жөндеу жұмыстарын «Дисай Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Мердігерлер осы айдың соңына дейін жоспарланған жұмыстарды толық орындауға уәде беріп отыр, – дейді Серікжан Мәкіш.
Сонымен қатар, Краснояр ауылдық округінің әкімдігі облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасына «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы шеңберінде 50 миллион теңге қаржыға сұраным берген. Егер бұл өтінім құзырлы орган тарапынан қолдау тауып жатса, келер жылы елді мекендегі өзге көшелерге жөндеу жұмыстары да жүргізілетін болады.
Осы ретте, облыс әкімі жөндеу жұмыстарымен танысып, сапасы мен уақытылы жүргізілуіне көңіл бөлді. Асфальт төсеу кезіндегі кейбір ұсақ кемшіліктерді ескеріп, жоюды тапсырды. Ал, ауыл тұрғындарымен кездесуінде келер жылы осында 280 орындық жаңа балабақшаның іргесі қаланатынын атап өтті.
Бұл күнде облыс орталығынан Краснояр бағытындағы жолдың бойында жаңа балабақшаның құрылысы жүргізіліп жатыр. 2016 жылы қолға алынған мектептің құрылысын аяқтау бастапқыда 2019 жылға жоспарланды. 2017 жылы техникалық жер-асты жабынын орнату бойынша, тіреуіш қабырғаның монтажы, КТПГ-ны монтаждау, қоршау орнату, кәріздің сыртқы желілерін орнату, септикке арналған шұңқырлар қазу бойынша жұмыстар аяқталған еді. Алайда, 2018 жылы іргетасы отыруына байланысты ленталық іргетасты свайлық іргетасқа ауыс-тыру туралы шешім қабылданды. Осыған байланысты ғимарат құрылысы бойынша жұмыстар уақытша тоқтатылған болатын. Енді міне, барлық кемшіліктер жойылып құрылыс қайта жаңғыртылып отыр. Облыс әкімі мердігерлерге құрылыс жұмыстарына жеделдеп кірісуге тапсырма берді.
Бұдан бөлек, облыс әкімі Ермек Маржықпаев №6 орта мектебінің және №13 «ЭКОС» экологиялық мектеп-гимназиясының жанынан салынып жатқан жаңа ғимараттар мен Сарыарқа шағын ауданында қолға алынған көпқабатты 12 тұрғын үйдің қазығын қағу жұмыстарына назар аударды. Білім ордаларының маңынан бой көтеретін нысандар 300 және 420 оқушыға арналған.
Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық ынтымақтастығы форумы келер жылы Көкшетауда өтетіндігі белгілі. Оған дайындық облыс орталығын дамытудың біраз мәселелерін шешуі тиіс. Қалада тұрғын үй құрылысы қарқын алып, көшелер жаппай жөнделуде. Осы ауқымды шараға орай қолға алынған «Болашақ» сарайы құрылысының жоғары қарқыны да қуантпай қоймайды. Балалар мен жасөспірімдерге арналған нысанның жоба бойынша құны 6,5 миллиард теңгені құрайды. Жалпы көлемі 7 мың шаршы метрді құрайды. Ғимарат екі бөліктен тұрады. Біріншісі интеллектуалдық дамуды қалыптастыратын аймақ болса, екіншісі спорт алаңдары.
– Қазір нысанның іргетасын құю алдындағы дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жобаға сай нысан 2020 жылы форумға дейін пайдалануға беріледі. Жұмысқа еш кедергі жоқ барлығы ойдағыдай жүргізілуде, – дейді жоба жетекшісі «БиоГрупп» серіктестігінің өкілі Жомарт Қырсықпаев.
Облыс әкімі құрылыс жұмысын сапалы әрі қарқынды жүргізуді тапсырды. Осы күні Қопа көлінің жағасында іргесі қаланып жатқан жаңа православие шіркеуі мен жағажай аумағында жол құрылысы алаңында да болды. Бұл екеуінің де құрылысы келер жылы аяқталуға тиіс. Сол себепті, облыс әкімі күн суытып, жер қатқанша негізгі жұмыстарды аяқтауды тапсырды.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар