Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сексенбай әулиенің аты ұлықталды - АРҚА АЖАРЫ

Сексенбай әулиенің аты ұлықталды

Ақмола облысының Зеренді ауданындағы Ортақ ауылында осы елдің тумасы Сексенбай әулиенің жерленген зиратының басына ескерткіш белгі орнатылып, ас берілді. Көкшетау қаласының іргесіндегі Даңқой елінен шыққан Сексенбай Малкелдіұлы 1810-1903 жылдар аралығында өмір сүрген. 1818 жылы сегіз жасында шеттен келген керуеншілерге ілесіп, әуелі Бұқараға, одан соң Мекке-Мәдинаға барып, діни білім қуады. Бастапқыда қазақ қажыларына «қолғанат бала» атанып, онымен бір мезгілде ислам дінінің де қыр-сырына бойлай береді.

Ерекше қабілетінің арқасында медресеге оқуға қабылданып, оны тәмамдағаннан кейін де сол бетімен Мекке-Мәдинада тұрақтап қалады. Мұрағаттарда сақталған дерек көздері Сексенбай әулиенің үш мүшел, яғни, 36 жыл бойы сол ислам дінінің орталығында тұрғанын, осы уақыт ішінде дінге, Құранға терең бойлап, араб дін қайраткерлерінің арасында өзінің тақуалық, әулиелік қасиеттерімен зор беделге ие болғанын растап отыр.
1854 жылы ұзақ сапардан елге оралған Сексенбай әулие алдымен Көкшетау мешітінің указной молласы болып тағайындалып, кейін 1865 жылы осы қызметін Көкшетау уезіндегі Баба-Бағыс мешітінде жалғастырады. Бұл туралы деректер Ресей мемлекеттік әскери-тарих музейінде нақты көрініс тапқан.
Меккеге қажылыққа жеті рет барған Жанбатыр қажы да өз естелігінде «Мекке шәріпте ноғай-сарт қажыларының баспанасы бар екен. Қазақтардың баспанасы жоқ. Олар ноғай-сарттардан жалға алады. Көп жыл Меккеде тұрып келген Сексенбай әулие қалың Атығай Қарауылдың игі жақсыларымен мәжіліс құрып, тәккия тұрғызу жөнінде ұсыныс айтады. Атығай Ишанұлы Қожахмет пен Шопанұлы Қосшығұл бұл ұсынысты қызу қолдап, тобықты Құнанбай, керей Аңдамаспен бірге Меккеге аттанады. Бұлардың қажылыққа барып, тәккия салдырған жылы – милади 1872-1873 жыл» деп нақты жазып кеткен көрінеді.
Сексенбай әулиенің алдынан ғұлама дін қайраткері Науан хазірет те қосымша дін дәрістерін алған деген дерек бар. Бүгінгі таңда Сексенбай бабасының кемі бір ғасырдан астам уақыт бұрын қолына ұстаған қасиетті Құраны шөбересі Нұрланның үйінде сақтаулы тұр. Ежелден сырқаттанып қалған немесе төтеден жазатайым бір жағдайға ұшыраған адам осы Құранды қолына алып, Сексенбай әулиенің аруағына сыйынса, бірер күннен кейін халі ептеп бері қараған жайлар да аз болмапты. Мұны әулиенің ескіден тоқығаны мол немересі Тілепберген Ғайсаұлы ата аруағының қатты қысуымен байланыстырады екен.
Осындай ерекше қасиеттерімен ел арасында аты кең тараған Сексенбай әулие өзінің 93 жыл жасаған ұзақ ғұмырында туған жері – Даңқой елінде де моллалық құрып, әуелі Ақылбай Тілепұлының мешітінде, кейін осы ауылдың мыңдап жылқы айдаған ағалы-інілі атақты байлары Нығметжан-Тәшеннің көк мешіті мен медресесінде де халықты дінге баулып, бала оқытады. Әулиенің имандылық жолындағы бұл еңбегінің де зая кетпегенін сол тұста осы төңіректен 22 бірдей адамның Меккеге сапарлап, қажы атанып оралуы да дәлелдей түседі.
Жиырмасыншы ғасырдың басында патшаның ықпалымен орыс миссионерлерінің Көкшетау мұсылмандарын шоқындырмақ болған әрекеттері орын алып, Сексенбай әулие кәрілік келіп, шәу тартқанына қарамастан, осыған қарсылықтың да басы-қасынан табылады. 1903 жылы жасы жетіп, бақилық болған әулиенің қазасына алыс-жақыннан жұрт өте көп жиналып, жаназасын Науан хазіреттің өзі шығарады.
Сексенбай әулиенің қазасы туралы қаралы хабар бірден бірге жетіп, Меккедегі көзін көрген дінбасыларын да жайбарақат қалдырмайды. Әулиеге құрметтері ретінде олар сол тұста Даңқой елінен қажылыққа барған Данияр Қойшыұлына қасиетті Қағбаның жамылғысын (кисва) сыйға тартады. Қазір атасы Меккеден алып келген бұл жамылғыны Көкшетау қаласында тұратын шөбересі Мәктай Молдабаев ағамыз өз шаңырағында көзінің қарашығындай қастерлеп, сақтап келеді.
Күні бүгінге дейін өз ұрпақтары болмаса, ауыл адамдары Сексенбай әулие туралы білген жоқ десе де болады. Бұған алдымен, жетпіс жыл бойы діннен бездірген кеңестік ұр да жық саясат кінәлі екені белгілі. Әулие туралы мұрағаттардағы деректерге алғаш зер салған көкшетаулық белгілі шежіреші Шыңғыс Оразалыұлы осы жолы жиналғандарға Науан хазірет, Сәкен Ғылмани, Момақан Әлжаппарұлы, семейлік Хәкім Омар сияқты дін қайраткерлерінің, Думаның депутаты болған Шәймерден Қосшығұлов пен Көкшетау уезіндегі Алашорданың жетекшісі, журналист-ағартушы Мұхаметсәлім Кәшімовтың қалдырған жазбаларының негізінде құнды сыр шертіп берді. Сондай-ақ, көпшілік арада қанша уақыт өтсе де, баба есімін ұмытпай, осылай ұлықтай білген әулиенің тікелей ұрпақтары Серік Қабдырахманов, Еркін және Манарбек Ғайсиндерге, тағы басқа да азаматтарға зор ризашылықтарын білдірді.
Сексенбай әулие заманында «Гиймадел ислам» атты кітап та жазған. Араб тілін жетік білген. Бала жасынан керуенмен кетуі, ескіден «зиратта шырақ жанады» деген сөздердің қалуы, ауылдың тұсынан өткен жолаушылардың «бұл елде әулие жатыр» деп беттерін сипап өтуі Сексенбай әулиелігінің құдіретінен болса керек.
Атығай-Қарауылда қанша халық,
Сексенбайдың қасиетін аузына алып.
Түнейді басына барып, зиярат қылып,
Мақшарда жолықтырар рахмет қылып,–
деп 1906 жылы атақты Тезекбай ақынның жырға қосуы да осы сөзімізді растай түскендей. Өткенімізге ойлы көзбен қаратқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының да септігі тиіп, осындай асыл баба рухымен қайта табысып жатқан туған елі мен ұрпақтары алда да әулие есімін барынша қадір тұтып, ел-жұртқа кеңінен таныта түсуді мұрат санап отыр.

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.

Суретте: Сексенбай әулиеге орнатылған ескерткіш белгі.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар