Құрметті соғыс және еңбек ардагерлері!
Міне, 30 жылдан бері 1 қазанда ардагер қарияларымызды әспеттеу дәстүрі жалғасын тауып келеді. Бұл күнді 1990 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Халықаралық қарттар күні деп бекіткен болатын.
Бұл мереке әрбір отбасын аға ұрпақ өкілдерінің еңбектегі және Отан қорғаудағы ерліктерін құрмет тұтып, тағзым етуге үндейтін, ұрпақтар сабақтастығының, замана байланысының рәмізі іспетті. Ол біздің халқымыздың балаларын үлкенді сыйлауға тәрбиелейтін ұлттық рухымен де үндесіп жатыр.
Сіздер өмірдің көп ауыртпалықтарын бастан өткердіңіздер – Отан үшін от кешіп, тылда уақытпен санаспай еңбек еттіңіздер, тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құруға атсалыстыңыздар. Туған өлкені дамытуға қосқан сүбелі үлестеріңіз үшін айтар алғысымыз шексіз, ал, жастарға беріп жатқан өнегелі тәрбиелеріңіз өз алдына бір төбе.
Балаларыңыздың сіздерге деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығын, немерелеріңіздің балдай тәтті күлкісін естіп ұзақ өмір сүре беріңіздер! Шын жүректен Сіздерге мықты денсаулық, көтеріңкі көңіл-күй, белсенді өмір және береке-бақыт тілеймін!