Өткен жолы газеттеріңіздің соңғы бір санында «Баспасөз хатшылары қазақ тіліне неге шорқақ?» тақырыбымен шыққан мақаланы оқып шықтым. Тілшілеріңіз Аслан Оспанов көптің көкейінде жүрген тіл мәселесі, әсіресе, сол мемлекеттік тілді насихаттайтын органдардың баспасөз хатшыларының ана тіліне деген енжарлығын жақсы көтеріп отыр.
Жалпы, тіл мәселесіне байланысты өткен іс-шараларды тізбектеп, мақтап жаза берудің қажеті жоқ. Қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш емес, керсінше, ананың ақ сүтімен келетін сол ана тілді білмеу нағыз масқараның масқарасы деп білуіміз керек. Бұл масқараны осыдан бірер жыл бұрын италияндық жиһанкез Реналью Гаспирин өзінің Қазақстанға саяхаты кезіндегі естелігінде айтқан болатын. «Мен әлемнің 141 елін аралаған адаммын. Солардың ішінде өз мемлекетінде өз тілінде өмір сүре алмай отырған бейшара халықты көрдім. Ол – қазақтар», деген еді жиһанкез. Шынымен де, біз бүгінгі күні өз тілін білмейтін, білсе де, білгісі келмейтін бейшара халықтың күйін кешудеміз.
Бүгінгі күні қайда барсаң орыс тілі кеудені керіп алда тұрады, қазақ тілі соңында еріп жүретін бала сияқты. Біз мұндай қалпымызбен жүз жылда қазақ тілін дамыта алмаймыз. Менің ойымша, «Баспасөз хатшылары қазақ тіліне неге шорқақ?» мақалада айтылғандай, мемлекеттік тілді дамытушы ол мемлекеттік қызметшілер. Мемлекет қабылдаған іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге көшу жөніндегі бағдарламаға сай, барлық құжаттар шынымен мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс. Мемлекеттік қызметшілердің де мемлекеттік тілді қолдануы керек. Бұл туралы заң да бар. Өйтпеген, жағдайда мемлекеттік қызметшілерді бақылайтын мемлекеттік қызметтер істері органдары оларды қатаң жауапқа тартуы тиіс деп есептеймін. Иә, болмаса, мемлекеттік қызметшілердің сыйақысы мен үстемақысын төлеген кезде тіл білгірлігі де ескерілуі тиіс.
Өкінішке қарай, мемлекеттік қызметке, билікке келген біздің кейбір мемлекеттік қызметшілеріміз қазақ тілін білмей-ақ қызметке кірісіп кететінін қайтесің? Кейде қызметке тағайындалғаннан кейін үйренуге уәде беруді шығарды. Ол да «тілді білейін, үйренейін» деген ой емес, әйтеуір, «бір жерден ши шығып кетпесін» деген мәжбүрлік амалы. «Мұны тілді қолдау емес, тілді қорлау» деп түсінген жөн. Өзінің ұлтын басқарып отырып, ана тілінде сөйлей алмау – нағыз сорлылық. Өйткені, халықтың мұң-мұқтажын еш сезінбейді. Сезіну былай тұрсын, ар-намысын қорлауға дейін барады.
Мемлекеттік тілдің мәртебесі, қазіргі хәлі туралы тіл жаңашырларының жазбағаны жоқ. Жазып та, айтып та, соттасып та жатыр. Өзге тілдерді білгеннің артықшылығы жоқ, бірақ, Қазақстанда тұратын қазақтарға өз ана тілін білмеу – ұят! Әсіресе, мемлекеттік қызметте жүріп, мемлекеттің нанын жеп отырғандардың мемлекеттік тілде сөйлемеуі барып тұрған қылмыс!
Валихан ИСМАЙЫЛОВ.
Атбасар ауданы.