Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
- АРҚА АЖАРЫ

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева: «Баршамызға ортақ бір ғана биік мақсат бар, ол – қоғам мен мемлекет мүддесіне қызмет ету!»

Біз бұл жиынға зор ықыласпен қатыстық. Тәуелсіздік мүддесі үшін қызмет етуге бар саналы ғұмырын арнап келе жатқан әр қазақстандыққа елдің мүддесі қашан болсын жоғары болып қала берері анық. Нұр-Сұлтан қаласында Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаеваның төрағалық етуімен Сенаторлар кеңесінің алғашқы отырысы аса бір ілтипатты жағдайда өтті.

Бұл жиынды ашып, жүргізіп отырған Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева өзінің кіріспе сөзінде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиясы, Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы, Қазақстан халқына Жолдауы барша қоғам мен мемлекеттік билік органдарына ауқымды және күрделі міндеттерді қойып отырғандығын ерекше атап көрсетті.
– Бұл қайта жаңарулардың барысында республика Парламенті мен өңірлік мәслихаттардың рөліне ерекше басымдық беріліп отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біздің мемлекеттік биліктің формуласы: мықты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» деп атап көрсетті». Сондықтан, Қазақстан Респуб-ликасы Парламентінің Сенатын нығайту, оның қызметін жаңа мазмұнмен толықтыру, Сенат пен оның депутаттарының қоғамдық және әлеуметтік-саяси процестерде жоғары деңгейде белсенділік танытуы – біздің тікелей міндетіміз»,– деді Д.Н.Назарбаева.
Конституцияға сәйкес қазір Парламенттің Жоғарғы палатасына елеулі дәрежеде өкілеттік берілген. Бұл орайда Дариға Назарбаева «Сенат – негізгі кадрлық тағайындауларға түрткі болатын институт. Еліміздің бюджетін қалыптастыру мен бекіту, сондай-ақ, оның атқарылуын бақылау кезінде ол шешуші қызмет атқарады. Сенат Қазақстанның өңірлерінің атынан өкілдік етеді және өңірлік мәслихаттардың үні болып табылады. Республикалық заң шығару деңгейінде ең үздік, толыққанды және конституциялық тұрғыдан ресімделген нысанда өңірлердің мүддесін білдіреді», – деп және Сенат – мемлекетіміздің бұлжымас негізі болып табылатынын, мемлекет пен қоғам үшін маңызды орнықтырушы функцияны атқаратындығын атап айтты.
Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева өңірлер мен республикалық деңгейдің, өңірлердің өз арасында диалог болуы керектігін айтты. Сонымен бірге, ол қазіргі таңда еліміздің дамуы мен ілгері жылжуы үшін алдағы уақытта дұрыс ойластырылған шешімдер қажет екенін, бұл шешімдер заманауилық пен даналықты, жаңалықтар мен өткен ұрпақтың тәжірибесін ұштастыра алуы тиіс екенін атап өтті және осындай түсініктен келіп, Парламенттің Жоғарғы палатасында кеңесші орган – Сенаторлар кеңесін құру идеясы туындағанын, оның құрамына алдыңғы шақырылымдардағы неғұрлым беделді, ең тәжірибелі Сенат депутаттары шақырылып отыратынын айтты.
– Бұл Кеңес даналықты, тәжірибені, ұстамдылықты және тұрақтылықты білдіреді. Біз оны тікелей диалог жасайтын, өзекті проблемаларды талқылайтын, оларды шешу жөнінде ұсынымдарды дайындайтын ашық алаң ретінде қызмет етеді деп ойлаймыз. Сенаторлар кеңесі жұмыс істеп отырған депутаттық корпустың сенімді тірегіне айналады деп үміттенеміз. Бізге Сіздердің білімдеріңіз, тәжірибелеріңіз, күш-қуаттарыңыз, Қазақстанның шынайы патриоттары ретіндегі белсенді өмірлік ұстанымдарыңыз қажет. Өйткені, баршамызға ортақ бір ғана биік мақсат бар, ол – қоғам мен мемлекет мүддесіне қызмет ету», – деп атап өтті Сенат Төрағасы Д.Назарбаева.
Сенаторлар кеңесінің алғашқы отырысында Кеңес мүшелері Өмірбек Байгелді, Ғани Қасымов, Мұхтар Алтынбаев, Бірғаным Әйтімова мен Зинаида Федотова, Дулат Құсдәулетов өз ұсыныстарын ортаға салды. Өмірлік тәжірибелері мол бұл қайраткерлердің барлығы да Сенаторлар кеңесінің құрылғандығын орынды болғандығын атап көрсетті.
– Бізді жергілікті жерде жұртшылық әлі де сенатор есебінде қабылдайды. Алдымызға келіп, өздерінің ой-пікірлері мен өтініш-тілектерін айтып та жатады. Қолымыздан келгенше сол алдымызға келіп жатар адамдардың айтқандарын тыңдап, қол ұшын беріп те жатамыз. Елдің ортасында жүріп, Сенаттың абыройын ойлаймыз. Бізді кейде «экс сенатор», болмаса «бұрынғы сенатор» деп жататындыққа қарамастан біз өзімізді Сенаттың өкілі санаймыз,–деп осы Сенаторлар Кеңесін құруды ойластырған Сенат Төрағасы Дариға Назарбаеваға ризашылығымды білдірдім.
Бұл орайда Дариға Назарбаева «бұрынғы сенатор деген болмайды, сіздер қашан болсын сенатор болып қала бересіздер» деген өз ойын айтты. Отырыс барысында айтылған бірқатар ұсыныстар Сенат регламентін өзгертуге бағытталды. Ол ұсыныстардың барлығы зерделеніп, жұмыс барысында ескерілетін болады.
– Құбылмалы әлемде, жаңа жағдай мен жаңа уақытта Сенаттың рөлін түсіну қажет. Регламент – бұл ең алдымен, қоғам, ел, мемлекет пен Конституция алдындағы құқық өкілеттігі мен жауапкершіліктің үйлесімі. Сондықтан, өзгерістер де енгізу қажет. Сондай-ақ, өкілеттіктер мен жауапкершілік деңгейін қайта қарап, регламентте бекіту керек, – деді Ғани Қасымов. Ал, Сенаторлар кеңесін құрудың өзектілігі туралы сөз еткен мемлекеттік және қоғам қайраткері Зинаида Федотова: «Бұл өте қажет және құнды жұмыс. Бұл Сенат пен жалпы мемлекет үшін үлкен көмек болады. Біз сөз жүзінде емес, іс жүзінде қоғам үшін пайдалы қызмет атқарамыз», – деді.
Сенаторлар Кеңесінің алғашқы отырысында Бірғаным Әйтімова Сенаторлар кеңесі Төрағасының орынбасары, Нұрлан Қылышбаев Кеңес хатшысы болып сайланды. Сенаторлар кеңесінің Жұмыс жоспары бекітілді.
Еліміздің тәуелсіздігін одан әрі нығайтып, елдегі қалыптасқан тұрақтылық пен бірлікті сақтаудың қазіргідей аса жауапты кезеңінде мемлекет мүддесін бәрінен де жоғары қоя отырып, қызмет жасау әрқайсымыздың басты міндетіміз болса керек. Біздің әрқайсымыз Тәуелсіздік үшін, елдегі тұрақтылық үшін жауаптымыз!
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері,
Сенаторлар Кеңесінің мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар