Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына ширек ғасыр өтті. Осы мерзім аралығында халық қалаулылары ел үшін біраз істің басын қайырып, маңызды шешімдер қабылдады. Халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысты. Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы Әлібек Баймағамбетов бізбен әңгімесінде бүгінгі таңда әр деңгейдегі мәслихаттар халық пен билік арасын берік жалғап, өңірдің дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған істерді келісіп атқаратын ашық алаңға айналғанын айтты.
Әлібек Бекболатұлының облыстық мәслихаттың хатшысы болып сайланғанына көп уақыт өте қоймаса да, өкілетті органның алдында қандай міндеттер тұрғанын, атқарушы билікпен байланыс орнатып, тұрғындармен қалай жұмыс істеу керектігін жақсы біледі. 2006 жылы алғаш рет Көкшетау қалалық мәслихатына депутат болып сайланған кезінен бастап халықтың әл-ауқатын жақсарту, бюджет қаражатын ұтымды пайдалану, жастарды жұмыспен қамту, әлеуметтік нысандардың материалдық-техникалық базасын нығайту, көшелер мен жолдарды абаттандыру бағытында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарып келеді. Көкшетау қалалық мәслихатында үш шақырылым бойы депутат болған аралықта қаланың әлеуметтік-мәдени дамуы жөніндегі комиссияға, «Nur Otan» партия-сы фракциясына жетекшілік етті. Ал, алтыншы шақырылымда Ақмола облыстық мәслихатының депутаты болды.
– Сол кезде облыс көлемінде түйткілді мәселелермен бетпе-бет келдім. Бүгінде құрамына Центральный, Васильковка, Көктем, Сарыарқа ықшамаудандары кіретін №22 сайлау округінде 15 мыңнан астам сайлаушым бар. Істеліп жатқан жұмыстар аз емес. Аталған ықшамаудандарда тұрғын үйлер, автотұрақтар, спорт алаңдары салынуда. Жалпы, қаламыз бойынша қандай оң өзгерістер орын алып жатқанын тұрғындар біледі. Әрине, бәрі жақсы, бәрі дұрыс десем, бұл сөзім жалған болар еді. Шешілмей жатқан мәселелер әлі де бар. Әр сессияда мәселе көтеруге тырыстым. Бұл кейбір басшыларға ұнамаған да шығар. Алайда, халық бізге сенім артқаннан кейін олардың мұң-мұқтажын атқарушы билікке жеткізу, соны бірге шешу парызымыз. Сайлаушыларымның алдында үнемі есеп беріп отырамын. Бір мәселе шешілсе, соған көңілім толып қалады, – деді Әлібек Бекболатұлы бізбен әңгімесінде.
Өкілетті билік органдарында бір мекемеге қарау деген секілді тіке бағынушылық жоқ. Десек те, облыстық мәслихат аудандардағы жергілікті өкілетті билік органдарымен тығыз байланыста жұмыс атқарады. Себебі, облыстық бюджеттен өңірлерді дамыту үшін қомақты қаражат бөлінеді. Аудандардың жай-күйін, қандай мәселелері барын жергілікті мәслихаттар арқылы біліп отырады.
–Өкінішке орай, облысымыз дотациялы. Осы ретте, біз өңірлердегі түйткілді мәселелерді анықтап, бюджет қаражатын нақты проблемаларды шешуге бағыттауымыз керек. Жуырда ғана Целиноград ауданының Қараөткел ауылына барып келдім. Сайтымызға ауылда жолдардың сапасы сын көтермейтіні туралы шағым түсті. Фельдшерлік-амбулаториялық пунктке қатысты біраз проблемалар бар екен. Тұрғындармен бетпе-бет сөйлесіп, мәселелерін облыс әкіміне жеткіздім. Осы ретте айтайын дегенім, біз кез-келген мәселеге жедел әрекет ете білуге тиіспіз. Өкінішке орай, бүгінде көптеген шенеуніктер халық алдына шыққылары келмейді. Депутат сайлаушылардың мүддесін қолдауы керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Қазақстан халқына арнаған Жолдауында азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қалыптастыру идеясын айтты. Бұл тұжырымдаманы іске асыру бәрімізге ортақ міндет. Біз кез-келген мәселеге құлақ асуымыз керек және сонымен бірге, жағдайды өз көзімізбен көруіміз керек. Жүз рет естігенше, бір рет көру менің өмірлік ұстанымым, – деген облыстық мәслихат хатшысы кәсібилік, прагматизм кез-келген адамның бойынан табылуы керектігін айтты. Депутат болуы үшін адам тұрғындардың проб-лемаларымен өмір сүріп, шешуге тырысуы керек деп есептейді ол. Халық оларды сол үшін сайлайды, зор сенім артады, сол сенім үдесінен шығу үшін депутат күні-түні аянбай еңбектенуі керек.
Әңгіме барысында халық қалаулысы Целиноград ауданы астанаға іргелес жатқандықтан, онда қазіргі таңда тұрғындар санының бірнеше есеге артқанын, бюджеттің үштен бір бөлігі сонда бағытталатынын тілге тиек етті. Кезінде инфрақұрылымы жоқ, тақыр жерге үй салған тұрғындар бүгінде көптеген мәселелермен бетпе-бет келуде. Ауданның бірқатар ауылдарында нақты тұрғындар саны ресми тіркеуде тұрғандар санынан әлдеқайда көп. Облысымыздың Егіндікөл, Қорғалжын аудандарын қоса алғандағы халық Целиноград ауданының бір ғана ауылында тұрып жатыр. Қазіргі таңда бюджет қаражатының басым бөлігі сол жаққа бағытталып отырғаны да сондықтан.
Осыған қарамастан, басқа да аудандар ұмыт қалып жатқан жоқ. Облыстық мәслихат сессияларында бюджет қаралған кезде елді мекендерде жолдарды, мектептерді жөндеуге, жаңа ғимараттар салуға қомақты қаражат бөлінеді. Осының барлығында депутаттардың қосып отырған үлесі зор. Бүгінгі таңда облыстық мәслихаттың құрамында халықтың қамын жейтін, жоғын жоқтап тұратын, айтатын кезде айтып қалатын тісқаққан депутаттар аз емес. Әңгіме барысында мәслихат хатшысы Нартай Ысқақов, Әнел Ерденова, Сағадат Әшебеков, Әсен Жақсылықов, Александр Гусев, Елена Мащинская, Валерий Симчук, Ирина Жукова, Геннадий Осиненко секілді облыстық мәслихат депутаттарының есімін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, алдағы уақытта мәслихаттарға аға ұрпақтың ізімен білімді де білікті жастар келіп жатса, оған тек қуанатынын, тұрақты комиссиялардың жұмысын одан әрі жетілдіргісі келетінін жеткізді.
–Жасыратыны жоқ, біз астананың маңайында азық-түлік белдеуін құрамыз деп өз өңіріміз жайлы ұмытып кеттік. Облысымыз астықты өлке болғанымен, нанның бағасы қымбат. Етті де өзіміз өндірсек те, тұрғындар оны қолжетімді бағаға сатып ала алмай отыр. Нұр-Сұлтанда еттің бағасы біздегіден арзан. Өндірілген өнім экологиялық таза болуы керек. Жол – тіршіліктің күретамыры. Елді мекендерде жолдар салынса, ауылдарымыздың жағдайы бірте-бірте оңалады деп ойлаймын. Осындай-осындай мәселелердің шешілуіне тұрақты комиссия отырыстарында ықпал етуге тырысамыз. Бүгінде елімізде білімді азаматтар көп. Алайда, мені жас ұрпақтың бойында адамгершілік қасиеттердің кемшін болып бара жатқаны қатты алаңдатады. Билікке білімді ғана емес, сонымен бірге, елді сыйлайтын, отансүйгіш, жоғары мәдениетті азаматтар келуі қажет. Ең әуелі, қалтаны толтыруды емес, халықты ойлағандары абзал. Әлемнің Англия, Франция, Сингапур, Ганконг секілді көптеген мемлекеттерінде болып, тұрғындарының бақуатты тұрмысын көріп, таң қалдым. Бұл елдерде өмір сүру сапасы неліктен жоғары десем, оларда жемқорлық атымен жоқ екен, барлық салаларында жаңа технологиялар енгізілуде. Жеріміз пайдалы қазбаларға толы болса да, халық соның игілігін толық көре алмай отыр. Бұған тек билікті кінәлай беру орынсыз. Барлығымыз бірігіп, мәселені сындарлы түрде шешуге кірісуге тиіспіз, – деді Әлібек Баймағамбетов.
Сөз арасында Қазақстан мәслихаттарының құрылғанына 25 жыл толуымен қатар, тағы бір мерейлі датаны айта кетсек, артық болмайды деп ойлаймыз. Осы қазан айының алтысы күні Көкшенің төл перзенті, халық қалаулысы Әлібек Баймағамбетов асқаралы алпыс жасқа толғалы отыр. Үнемі халықтың мүддесін қолдаумен келе жатқан ел ағасы Көкшетауда туып-өскен. Осындағы педагогикалық институттың орыс тілі және әдебиеті бөлімін бітірген. Уәлиханов ауданында алғаш еңбек жолын бастап, ауылдық мектепте бірнеше жыл ұстаздық еткен. Одан кейін қаладағы Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 орта мектепте директордың орынбасары, мектеп директоры болады. 1990 жылы облыстық атқару комитеті аппаратына бас маман қызметіне шақырылып, онда әлеуметтік салаға жетекшілік етеді. Біртіндеп мемлекеттік қызмет жүйесіне қарай ойыса бастайды.
Кезінде кәсіпкерлікпен де айналысқан. Көкшетау облыстық әкімшілігі басшысы орынбасарының көмекшісі, Көкшетау облысы әкімінің көмекшісі, Қазақстан халықтарының кіші ассамблеясының бас маманы, инспекторы, хатшылықтың меңгерушісі болды. «Nur Otan» партиясының кеңесшісі, қоғамдық-саяси жұмыстар бөлімінің меңгерушісі, қалалық филиал төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Облыстық мәслихаттың хатшысы болып сайланғанға дейін облыс әкімдігінің жанындағы өңірлік мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру орталығының директоры болды. Қай жерде еңбек етсе де, адалдықтың ақ туын жықпай, үнемі қарапайым халықтың жанынан табылуға, ойынан шығуға тырысты.
– Осы еңбек жолымда көптеген марапаттарға қол жеткіздім. Алайда, мен үшін ең жоғары баға – халықтың сенімі мен алғысы, – деген Әлібек Бекболатұлына зор денсаулық, жауапты қызметінде табыс тілей отырып, мерейлі жасыңыз құтты болсын, ел үшін тындырған игі істеріңізбен халықтың ыстық ықыласына бөлене беріңіз дегіміз келеді.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.