Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел халқына Жолдауында белгіленген негізгі бағыттың бірі – агроөнеркәсіп кешенін дамыту. Мемлекет басшысы онда саланы дамытудың жаңа мүмкіндігін айтып, нақты міндеттерді белгіледі.
Бәрінен бұрын органикалық және экологиялық таза өнім өндірісін дамытуға ерекше назар аударылды. Бүгінгі таңда органикалық өнім өндірісі отандық өнімнің бәсекелестігін арттыруға және экспорттық әлеуетті дамытуға бағытталған басымдық бағыттардың бірі болып табылады. Мұнда синтетикалық пестицидтер, синтетикалық минералды тыңайтқыш, өсу реттегіші, жасанды тамақ қосымшасы пайданылмайды. Бүгінгі таңда облыстағы 4 шаруашылық 48 мың гектар алқапқа органикалық өнімді өсіруге сәйкес сертификаттар алды.
Оның ішінде Ақкөл ауданындағы «Еңбек», Ерейментау ауданындағы «Новомарковка-2010», «Новомарковка 2002», Аршалы ауданындағы «ТНС Агро» серіктестіктері жыл сайын алыс және жақын шетелдерге экологиялық таза өнім экспорттайды.
Саланы дамытудың келесі бағыты суармалы жерді ұлғайту болып табылады. Биылғы жылы суармалы жердің алқаптары 3,1 мың гектарға ұлғайтылды. Қазір бұл жер 24,1 мың гектарды құрайды. 2030 жылы облыс суармалы жер алқабын 136 мың гектарға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.
Басымдық дақылдар алқабын әртараптандыру аясында биылғы жылы азықтық дақылдар алқабы 3,8 мың гектарға ұлғайтылып, 178,2 мың гектарды құрады. Сондай-ақ, облыс толық көлемде мал азығымен қамтамасыз етілді. Биылғы жылы 1139,9 мың тонна шөп дайындалып, жоспар 102,3 пайызға орындалды. Ауыл шаруашылығын дамыту өңдеуші өндірісті дамытумен тікелей байланысты.
Биылғы жылдың 8 айында азық-түлік өндірісі көлемінің өсуі 115,6 пайызды құрады. Оның ішінде ет бойынша – 198,5 пайыз, ұн – 118,8 пайыз, сүт – 107,7 пайыз. Бұл Нұр-Сұлтан қаласына өнім тасымалдау-ды көбейтуге мүмкіндік берді. Астананың рыногына 19 мың тонна ет өнімі, 91,3 мың тонна сүт, 184,3 миллион дана жұмыртқа тасымалданды. Сонымен бірге, Ақмола облысында еңбек өнімділігін арттыруға және 2022 жылға 2,5 есе көп өңделген ауыл шаруашылығы өнімін экспорттауға бағытталған агроөнеркәсіп саласын дамыту бойынша Елбасының тапсырмасын орындау жұмысы жалғасуда.
Өнімділікті арттырудың тиімді бағыттарының бірі цифрландыру мен нақты технология болып табылады. Бүгінгі күні облыста нақты жер өңдеу элементтерін пайдаланатын 95 шаруашылық бар. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда. Өткен жылы А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы базасының 3 мың гектар алқабында нақты жер өңдеудің полигоны құрылды. Мұндағы ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімі өңірдегіден 2,5 есе артты. Жалпы шығынды үнемдеу дәстүрлі жер өңдеу жүйесімен салыстырғанда 16-20 пайызды құрады. Өткен жылдан бастап ауыл шаруашылығы жерлеріне космостық мониторинг жүргізіледі. Бұл дала жұмысын жүргізу агротехникасы бойынша жедел оңтайлы шешім қабылдауға мүмкіндік берді.
Мал шаруашылығын цифрландыру негізінен, «Астана өнім» акционерлік қоғамы, «Родина» АФ», «Есіл Агро», «Камышенка», «Еңбек» серіктестіктері мен «Хамзе» шаруа қожалығы тәрізді тауарлы сүт фермаларында пайдаланылады. Бұл кәсіпорындарда табынды сауу, азық беру тәрізді өзге де басқару үрдісі автоматтандырылған. Бұл технологиялық үрдісті оңтайландыруға мүмкіндік беріп, еңбек өнімділігін арттырады, өндірілген өнімнің өзіндік құнын азайтады. Өнімділіктің үлкен резерві мал шаруашылығы саласында. Биылғы жылы етті мал шаруашылығын дамыту аясында малды бордақылау кәсіпорындарының қуаты 15 мың басқа көбейтіледі. Несиелік институтпен 6,3 мың бас ірі қара сатып алу және 43 ет фермасын ашу қаржыландырылды.
Өңірде сүт бағытындағы мал шаруашылығы дамуда. Қуаты 400-ден 1200 басқа дейін бес ірі тауарлы сүт фермасын құру бойынша жоба қолға алынды. Етті құс шаруашылығын дамыту үшін саланың әлеуеті үлкен. Макинск құс фабрикасы жобасының жылына 25 мың тонна ет өндіретін бірінші кезеңі жүзеге асырылды. Екінші кезең кәсіпорын қуатын 50 мың тоннаға дейін көбейтеді. «Капитал Прод-жект» серіктестігі жылына 20 мың тонна ет өндіруде.
Биылғы жылдың 8 айында өңірдегі құс саны 26 пайызға өсті. Құс етін өндіру 2 есеге көбейді. 2021 жылы екінші кезең іске қосылғаннан кейін Макинск кәсіпорны өндірістік қуатын 50 мың тоннаға дейін көбейтеді. Бұл құс етімен Қазақстанның ішкі рыногы қажеттілігінің 15 пайызын қамтамасыз етуге және еліміз бойынша бұл өніммен импорттың үштен бірін жабуға мүмкіндік береді. Жыл басынан бері жүргізілген жұмыстың нәтижесінде ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі өткен жылдың сәйкес мерзімі деңгейінен 137,3 миллиард теңгеге немесе 15,8 пайызға өсті. Осы есептік мерзімде агроөнеркәсіп кешені саласына 35 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 1,7 есе көп.
Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді мемлекеттік қолдау түрінде 35,7 миллиард теңге бөлінді. Қаржы ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісін ұлғайтуға, техниканы жаңартуға, инвестиция тартуға бағытталды. Бұл өз кезегінде еңбек өнімділігін көбейтуге оң ықпалын тигізді. Жоспарланған барлық шараларды жүзеге асыру Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған барлық міндетті орындауға күш салуға мүмкіндік береді.
Қасым ИТҚҰСОВ,
Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары.