Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жол бойындағы тас тұғырдағы тұлғалар - АРҚА АЖАРЫ

Жол бойындағы тас тұғырдағы тұлғалар

    «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Нұр-Сұлтан-Бурабай аралығындағы күре жолдың екі жақ қапталына Ұлы даланың ұлы тұлғаларының бірегейлері Кенесары хан, Біржан сал, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай мен Ақан сері ескерткіштері қойылды.Бұл тұлғалардың әрқайсысы халқымыздың жүрегіне жазылған тарих дер едік!

Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде Елбасының тікелей пәрменімен және үнемі қолдауымен Нұр-Сұлтан қаласы мен Бурабай аралығындағы салынған автомобиль көлігінің жолы, бұл біздің елдің тарихындағы әлемдік талапқа сай кербез Көкшеге қарай тұңғыш тартылған автобан болатын. Алты жолақты және мінген көлігің бір шайқалмай, сырғып қана ағып отыратын айнадай теп-тегіс бұл жолға халқымыз «Тәуелсіздіктің күре жолы» деп айдарлап ат қойып, сүйсіне атап айтатындары да бар.

Міне, жуырда Нұр-Сұлтан – Бурабай аралығындағы тәуелсіздіктің сол күре жолының екі жақ қапталына Ұлы даланың ұлы тұлғаларының бірегейлері Кенесары хан, Біржан сал, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай мен Ақан сері ескерткіштері қойылды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек»,–деген болса, сол ой енді міне, жүзеге де аса бастады деуге болады.
Әлқисса, ендігі әңгімені жол бойында тұғырда тұрған тарихи тұлғалардың сол ескерткіштері жайлы болсын. –Е, жарықтықтарым-ай, туған жерімізге оралдыңдар ма?,–деп көңілі толқыған талай бір ел үлкендерінің қуанышты жүздерін де көрдім. Расында да, көңіл шіркіннің толқитын да, жүректердің толғанатын да реті бар болатын.
Бурабайдан ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласына шыға беріс жолдың оң қапталындағы ақ қайыңы аралас қалың қарағайлы орманның ашық алаңқайына қойылған ат үстіндегі Кенесары ханның ескерткіші көп сырды аңғартары бар.
Кезінде ресейлік патша үкіметінің 1822 жылғы «Сібір қазақтары туралы» жарғысына сай қазақ даласындағы қалыптасқан хандық құрылым жойыла бастағандығын көне тарих ұмытар емес. Қазақтың еліне де, жеріне де өздерінің билеп-төстеу, басқару жүйесін орнықтыру үшін жасалған орыс патшасының бұл әрекеттерін Кенесары Қасымұлы әуелі дипломатиялық жолмен реттеуге әрекеттенгені де тарихи ақиқат. «Ақтау, Ортау, Қазылық, Жарқайың, Обаған, Тобыл, Құсмұрын, Өлкейек, Тоғызақтан Жайыққа дейінгі жерлер қазіргі патшаның тұсында тартып алынып, қаптаған бекіністер тұрғызылды. Міне, енді күн сайын жерімізге баса-көктеп кіріп, бекіністер салып, халықтың зығырданын қайнатып отырсыздар. Бұл біздің болашағымыз үшін ғана емес, бүгінгі тірлігіміз үшін де қатерлі. Менің тілегім – екі жақтың да халқы мизамшуақ өмір сүруі», – деп патша ұлықтарына жазған бір хатынан кейін хан Кене тағы да: «… Сіздің арғы бабаларыңыз, ал бізде менің атам Абылай патшалық құрған уақытта халық бейбіт және тыныш жағдайда өмір сүрді, оны ешкім бұзған емес. Екі жақ та өзара сауда жасады, біздің жұртымызға ешқандай да салық салынған жоқ. Ал одан кейінгі мезгілде бәрі өзгерді, біздің халқымыздан салық жинала бастады, оған басқа да түрлі таршылықтар жасалынды. Бұрынғы жасалынған бейбіт келісімді бұзып, Сіздің төменгі қарауыңыздағы басшыларыңыз бүкіл қазақ халқы Ресей бодандығына қарады деп жалған көрсетті, соның салдарынан менің Абылай атама қарасты жерлерде сегіз дуан орнады. Бұл біздің халқымыз үшін өте қайғылы жағдай, әсіресе, оған салықтың салынуы өкінішті-ақ. Сондықтан да, біздің бүтін қазақ халқымыз таршылық көрмей, тыныш рахатты өмір сүрсе екен деп, ұлы мәртебелім, Сізге өтініш айтуға өзімді бақытты санап, біздің халқымызды сол бұрынғы күйінде қалдырып, даламызда орналасқан сегіз округтік дуандар мен өзге де мекемелеріңізді жоюыңызды сұраймын», – деп император І Николай патшаға бейбіт ниетпен тағы бір хатымен өз ойын жеткізген-ді.
Қазақ жерінің көз алдында жат жұрттың қолында кетіп бара жатқанына наразы болған және де соған орай өзінің жазған хаттарына ешбір жауап бермей, өздерінің басқыншылық саясатын одан әрі үдете жүргізіп жатқан орыс патшалығының үстемдігіне қарсы шығып, Кенесары хан қалың қолымен атқа қонған-ды. Бурабайдан шыққан сол қалың қолымен Қараөткелді бетке алған қайран да, қайран ер Кене сол бетпен Ақмола бекінісін шауып, патша әскерін ес жинатпай талқандап тастаған-ды.
Әлемге әйгілі атақты Шыңғыс ханның жиырма жетінші ұрпағы, Абылай ханның немересі Кенесары Қасымұлының осы Ақмола бекінісін шабудан басталған қазақ халқының 1837-1847 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалысының қасіретін тарих және Ұлы даланың ұрпақтары ешқашан да ұмытпақ емес. Соның бір айғағындай, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қазақтың күйзелісті кезеңдерінің бірінде орыс патшасының өктемдігіне шыдай алмай, жан ашуымен кезінде өзі шапқан Ақмола бекінісінің, бүгінгі тәуелсіз еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласын қақ жарып, ағып жатқан Есілдің жағасына Кенесары ханның ескерткішін орнаттырып, «кесілген басың жаттың қолында қалса да, айбының асып, рухың ел төрінде, елдің ордасында тұрсын!», – дегенді әріден ойлағандығы деген сөзімізді бұдан бұрын да айтып, жазған да болатынбыз.
Енді, міне сол Кенесары бабамыздың тағы бір ескерткіші қазақ жерінің күре жолының бойына қойылғандығы елдік те ерлік рухымызды асқақтата түскендігі ақиқат. Жол бойындағы ескерткіштің биік тұғырында тұрған айбынды Кене хан ойлы да, жеңісті де, сырбаз бір салтанатты қалпымен азаттығы мен теңдігі және де байтақ жеріміздің кеңдігі үшін өзі күрескен қазақтың кең даласымен жер шоқтығы Көкшетаудың Бурабайынан Елордаға сапарлап шыққандай әсер қалдырары бар. Бұл хан Кененің – жеңісті де салтанатты сапары!
Сіз сол Бурабайдан шығып Нұр-Сұлтан қаласына қарай жүріп келе жатып жол бойындағы Біржан салдың ескерткішін көрер едіңіз де, соған еріксіз аялдайсыз. Бұл – сал Біржан ғой! Қазақ музыка зерттеушісі, академик Ахмет Жұбанов «қазақ музыкасының классигі» атаған Біржан сал қолындағы домбырасын қағып-қағып жіберіп, «Жер шоқтығы Көкшетау, тал-қарағай бақша бау» деп өз туған жерінің биігінде тұрып, асқақтата ән салып тұрғандай әсерде қаларыңыз да анық.
Және де қазақ әні классигінің бұл ескерткішінің Біржан сал ауданының аумағын басып өтер жол бойына қойылғандығы да терең мәнге ие болып тұр. Салдың өз ата-бабасының қонысы және өзі де туған жері бұрын Еңбекшілдер ауданы болып аталып келген-ді. Елбасының 2017 жылғы 13 желтоқсандағы Жарлығымен Ақмола облысының осы Еңбекшілдер ауданы Біржан сал ауданы болып қайта аталып, Тұңғыш Президентіміздің бұл шешімі халықтың зор ықыласына бөленсе, енді міне, мына ескерткіш те сол ықыласты халық көңілімен жарасым тауып, салтанаты асып тұр.
Күре жолдың Бұланды ауданының аумағындағы ну қарағайлы алқапты қақ жарып өтер тұсындағы биік төбеге қойылған Балуан Шолақтың ескерткіші де мынау байтақ далада талай бір толағай күш иелері болғандығының айғағындай асқақ қарап тұр. Бір бойына бұла күш те, сезімге толы сыршыл ән мен жыр да сыйған Балуан Шолақтың жол бойындағы осы бір ескерткішіндегі алып күш иесінің тұтас бітімі көңілді сүйсіндіріп, көз қуантады. Өз тіршілігінде тірі пендеге өр кеудесін де бастырмаған, басынан сөз де асырмаған Балуан Шолақ -Нұрмағамбет Баймырзаұлының бүгінгі тәуелсіз қазақ елінің бір биігінде тұрып:
Бөгеті жоқ маған жау қамалының,
Дүниенің бір ерке қонағымын.
Сүйіктім деп, ардақтап еркелеткен,
Мен халқымның Балуан Шолағымын!–
деп өзінің туған жеріне қайра оралғандығына тәуба да қыларың бар.
Анау, әне Ақан ғой!.. Ақан сері ғой!… Ендігі бір сәтте Ақан сері ескерткішін көріп те, көңіл шіркін тағы да шарықтай түсер еді! Бурабай мен Нұр-Сұлтан қаласы аралығындағы күре жолдың Ақкөл ауданына кірер тұсындағы бір биік төбенің басындағы тұғырда тұрған Ақан сері Қорамсаұлының да ескерткішінің көңілге түрлі ой салары бар. Сері мұңдылау ма қалай? Бұл әлде ғайып ғұмырында ғашықтықтың да, серіліктің де тәтті бір ләззатымен бірге, жан азабын да тарта білген сері Ақанның Ерейментаудағы Қусақ көлінің жағасында өткен Сағынайдың асынан дүлділ тұлпары Құлагерін қызғаныштың сойылына алдырып, қайғыдан қан жылап:
Құлагер топтан озған жүйрігім-ай,
Жарасар келте жібек құйрығың-ай,
Түбіне Ерейменнің айдап келіп,
Құдайдың қарай қойшы бұйрығын-ай,–
деп Сараласына мініп, сол астан зарланып келе жатқан беті ме екен?!.
Дүние-ай шіркін! Сол сәтте сері Ақанның «алдыңғы ат баран болмай, қылаң болды, жығылмаса Құлагер қайда деймін?,–деген зар үні мына ен даланы тағы бір жаңғыртып тұрғандай әсерде боласың да, бір сәт қамығып қаларың да бар. Кеудеңе толған әлдебір мұңмен көгілдір аспанға көз тігесің де, «бейшара шырылдайсың жерге қонбай» деген нала көңілді сері Ақанның Қараторғайын іздегендей боласың. Аспан көкпеңбек, мөлдіреп тұр. Сері Ақан да сол көгілдір де мөлдір аспан астын әнге бөлеп мәңгілік дүниені бетке алып, сапарлап барады. Тек қамықпа, налыма, сері жүрек! Ұлы даланың қасиетті бір биігіне ескерткіш болып орнаған Ақан сері Қорамсаұлының да тәуелсіз елінің бүгінгі және ертеңгі ұрпақтарының да айтар әні болып мәңгі жасай берері де анық. Күре жолдың бойындағы Ақан серінің де ескерткіші сол мәңгіліктің және де мәңгілік құрметтің белгісі!
Міне, жол бойындағы Үкілі Ыбырай ескерткіші! «Жасымда болдым балдырған, талайды әнге қандырған» деп өзінің асқақ та сазды үнімен қазақ сахарасын әнге бөлеп өткен Ыбырай Сандыбайұлының есімі қандай заманалар болса да ел есінен шығып көрген емес-ті. Тіпті сонау отызыншы жылдары жалған жаламен «халық жауы» атанып, айдалып кетсе де туған халқы Үкілі Ыбырайдың әндерін өз жүректеріне сақтап, ұрпақтан- ұрпаққа жеткізіп отырды. Аспандағы аққуға үнін қосқан Үкілі Ыбырайдың ел арасына көп тараған «Гәкку» әнін композитор Е.Г.Брусиловский өзінің «Қыз Жібек» операсында Жібектің негізгі ариясы, ал «Арарай» әнін «Ер Тарғын» операсында Ақжүністің ариясы ретінде пайдаланған болатын. Бұл Үкілі Ыбырай әндерінің сұлулық сипаты мен әуезділігінің құдіреті болса керек-ті!
Өткен ғасырдың елуінші жылдары Сәбит Мұқановтың әрекет етуімен «халық жауы» деген жаладан ақталса да, Үкілі Ыбырайдың сүйегінің қай жерде қалғандығы да, жарықтыққа топырақ қай жерден бұйырғандығы да осы күнге шейін белгісіз болып келеді. Енді, міне басында сол баяғы үкілі тақиясы бар, қолындағы домбырасының қос шегін қағып-қағып жіберіп:
Көз тоймас кербез сұлу Көкшетауым,
Ән-күйге толқып жатыр омырауың!
Сені аңсап, асқақтаған ащы әнімнің,
Ұшарда сыпырайын балақ бауын,–
деп мына дүниеге деген іңкәр бір сезімге бой алдырып, Үкілі Ыбырай да аңсап, асқақтаған өз жерінен орын тапты.
Біз қазақ елінің негізгі әрі басты бір күре жолының бойына орнатылған Ұлы даланың бірегей бес бірдей тұлғаларына қойылған осы ескерткіштер жайлы толғана айта отырып, бұл қазақ елінің рухын асқақтатқан елдік іс болғандығын атап айтар едік. Қазақстанның түстік өңірлері кезінде өз топырағында туған өз алыптарына айтарлықтай ескерткіштер соға да алмағаны анық. Ол заман өтті, кетті. Енді санамызды жаңғырта отырып, кең байтақ даламыздың биік жерлеріне және де жол бойына жаңа бір көрік беріп, әр жолаушының санасын жаңғыртарлық ойға бөлер ескерткіштер мына жердің иесі де, киесі де бар екен-ау деген көңіл хошын тудырары бар.
Еліміздің басты күре жолының бойына, осы Бурабай мен Нұр-Сұлтан қаласы аралығындағы автобанның екі жақ қапталына Кенесары хан, Біржан сал, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай мен Ақан сері ескерткіштері Ақмола облыстық әкімдігінің тікелей қолдап, бастамашылдығымен қойылғандығын зор қанағат сезіммен айтамыз.
Ұлттық сананы жаңғыртуда ескерткіштердің зор маңызы бар екендігі дәлелді қажет етпейтін ақиқат. Елбасының шілде айының алғашқы жексенбесін «Ұлттық домбыра» күні етіп белгілеуі халқымыздың ең қасиетті бұйымының бірі қазақтың қара домбырасын бәсін арттыра түскері анық. Халқымыздың домбыраға деген суып бара жатқан көңілдеріне сәуле түсті. Домбыраның күмбіріне қайра бір қаныға бастадық. Көкшетауда, ежелгі сал-серілер мекенінде әкімдіктің қолдауымен облыс орталығындағы қазақ театрының ашық алаңына биіктігі 11 метрлік инсталляция бетон-металл конструкциядан жасалған Домбыра монументі қойылды. Бұл домбыра алаңы қазір өнер адамдарының бас қосып, ақындардың өз жырларын оқитын, кез келген өнерге деген ынтасы барлардың әншілермен бірге ән салатын, күйшілердің күй тартатын сүйікті орындарына, былайша айтқанда ашық аспан астындағы амфитетарға айналып барады.
Қазіргі уақытта облыс әкімі Ермек Боранбайұлы Маржықпаевтың шығармашылық саласының мамандарын қолдау мен оларға қамқорлық жасап келе жатқандығына марқаямыз. Елдің басшы азаматының өзі қолдап, қатысуымен Көкшетау қаласының 195 жылдығына арналып ақындар фестивалі болып өтті. Бұл бір жыр мерекесіне айналды. Көкшенің айтыскер ақыны Құдайберлі Мырзабек пен осы шараға Сыр елінен арнайы шақырылған «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов Көкшетаудың мерейтойына жырдан шашу шашты. Ақындар фестиваліне Қараөткел мен Көкшетау өңірінің жиырмаға жуық ақындары қатысып, олар өз жырларын оқып, көрермен көңілін бір серпілтіп тастаған-ды.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық қолөнерімізді дамыту мақсатында үзбей жүргізіліп келе жатқан игі шаралардың бірі және көпшіліктің аса қызығушылығын тудырған көрпе құрау болды. Көкшетаулық көлөнершілер «Құрақ көрпе – Fest» фестивалінде құрап тіккен ең ұзын құрақ көрпесі Гиннестердің рекодтар кітабына енгізілді. Ұзындығы 16 шақырымдық және де көкшетаулық қолөнер шеберлерінің екінші бір диаметрі 33 метрлік және ұзындығы он бір шақырымнан астам тағы бір құрақ көрпелері ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғыртып, бұл да Гиннестердің рекордтар кітабына еніп, бірден екі әлемдік рекорд жасалды. Көздің жауын аларлықтай ұзындығы 16 шақырымдық және диаметрі 33 метрлік екі бірдей құрақ көрпеге сүйсінген қалың жұртшылықпен бірге Мәскеуден арнайы келген басшысы Болат Қабулов та таң қалып, мұндайды алғаш көріп отырғандығын қуана айтып, бұл құрақ көрпенің екеуін де бірден Гиннестердің рекордтар кітабына енгізіп, сол арада облыс әкімі Ермек Маржықпаевқа арнайы куәлік тапсырғандығын да көріп, ел көңілі аспандап кетіп еді.
Ел жаңғыру үстінде. Соның барлығы да ел тәуелсіздігінің және де елдегі бірлік пен тыныштықтың арқасында мүмкін болып отырғандығын айтқан ләзім. Барымызды бағалай түскенге не жетсін шіркін!
***
R.S.(Бұл мақаланың қысқартылған нұсқасы «Егемен Қазақстан» газетінде 2019 жылдың 30 тамызы жарық көрді).

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар