Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Абай мектебінде «Рухани жаңғыру» кабинеті ашылды - АРҚА АЖАРЫ

Абай мектебінде «Рухани жаңғыру» кабинеті ашылды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру аясында

Зеренді ауданы Қонысбай ауылының Абай орта мектебінде «Рухани жаңғыру» мұражай кабинеті ашылды. Айта кетуіміз керек, Ақмола облысындағы орта білім беретін мектептерде барлығы осындай 40 кабинет ашылған.

Салтанатты шара мектеп оқушыларының шұғылалы биімен басталып, жиынға қатысқан құрметті қонақтардың ыстық ықыласымен жалғасын тапты. Аталмыш игі шараға Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Нартай Ысқақов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенова, Зеренді ауданы әкімінің орынбасары Райхан Ғабдуллина, Ақмола облыстық өлкетану мұражайының директоры Қуаныш Шақшақов және тағы басқа лауазымды қызметкерлер мен ардагер ұстаздар, мектеп ұжымы қатысты.
– Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге негізделген маңызды құжат. Тарих – туған жерден басталады. Әр мектепте өз мұражайының болуының маңыздылығы өте зор, өйткені, мұражай – халқымыздың рухани-мәдени байлығы. Бүгін Зеренді ауданында алғашқы болып Қонысбай ауылының Абай орта мектебінде «Рухани жаңғыру» кабинеті ашылғалы тұр, – дей келіп аудан әкімінің орынбасары өз сөзін жүрекжарды тілегімен түйіндеді.
Салтанатты жиында Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Нартай Ысқақов, Ақмола облыстық білім басқармасының басшысы Ботагөз Дүйсенова, облыстық «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің басшысы Қайрат Ниязбекұлы, талай жыл мектеп директоры қызметін атқарған, еңбек ардагері Қайдар Бекенов сөз сөйледі. – Зеренді ауданы ежелден танымал тұлғаларға, қасиетті жерлерге бай ел. Еліміздің бай тарихын, халқымыздың рухани құндылықтарын насихаттау мақсатында құрылған «Рухани жаңғыру» мұражай кабинеті өскелең ұрпақтың бойында елжандылық сияқты абзал қасиеттерді дамытып, өз тарихын танып білуге зор септігін тигізетіні анық,– дей келіп, ардагер ұстаз өзінің көптен бері шежіре тарихқа байланысты деректерді көзінің қарашығындай сақтап, жинақтап жүргенін баса айтып, алдағы уақытта осының барлығын аталмыш мұражай-кабинетке тарту ететіндігін жеткізді.
«Рухани жаңғыру» кабинетінің көк лентасын облыстық мәслихаттың депутаты Нартай Ысқақов пен облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенова қиып, салтанатты түрде ашты.
Мұражай кабинет ұлттық нақышта безендірілген. Бір бұрышында ауыл тарихынан хабардар етер көне жәдігерлер орналасқан. Латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін де әзірлеп іліп қойыпты. Ауданның киелі жерлері, Ботай мәдениеті, Құмай ескерткіші, «Ұлы даланың жеті қыры» туралы ақпараттар бар. Сонымен қатар, қазіргі заманға сай электрондық кітапханада орналасқан. – Алдағы уақытта бұл кабинетте сынып және тәрбие сағаттары, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын тақырыптық кештер, мәдени іс-шаралар өткізіліп тұрады. Кез-келен мектеп оқушысы елінің, өскен жерінің тарихын зерделеп оқимын десе, осы жерден бар ақпаратты алуына болады. Кабинеттің өзін ұлттық нақышта безендіруге тырыстық. Алдағы уақытта дөңгелек үстел қойып, осы жерде ой-талқылар, жиындар өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Бұл кабинет компьютермен де жабдықталатын болады, –дейді мектеп директоры.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласында өткен республикалық тамыз мәслихатында Қазақстанда қала мен ауыл балаларының білім деңгейінде айырмашылық болмауы керек деп атап өтті. Ол өз сөзінде: «Білім беру стандарттары бірыңғай болуы керек. Бұл білім беру бағдарламаларына да қатысты. Балалардың бәрі тұрып жатқан жеріне немесе ата-анасының әлеуметтік мәртебесіне қарамастан бірдей сапалы білім алуы керек. Білім және ғылым министрлігіне табысы төмен отбасылардан шыққан немесе күрделі әлеуметтік жағдайда жұмыс істеп, төмен нәтиже көрсетіп жүрген мектептерде оқитын балалардың академиялық үлгермеушілігін жою туралы арнайы бағдарлама жасап іске қосуды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Күні кеше Абай ауылында ашылған «Рухани жаңғыру» мұражай кабинеті ауыл балаларының сапалы білім, саналы тәрбие алуына зор ықпалын тигізері анық. Ауданның таңдаулы мектебінің жетістіктері таңданарлықтай. Ал, ауыл мектебінің материалдық жағдайы қалай? Бұл ойлантарлық мәселе…
Біздің байқағанымыз, ұстаздар ұжымы мен ауыл балаларының білімге деген ұмтылысы мақтауға тұрарлық. Әманда осылай болғаны абзал ғой.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар