Сәкеннің шығармашылық келбеті

Өткендегі тарихи оқиғалар мен құбылыстарға,тарихи тұлғаларға объективті,толымды сараптың болмауы кейінгі қоғамды ұрпаққа шығармасы анық. Өткен ХХ ғасыр – зор саяси сілкіністер мен қоғамдық катаклизмдерге, миллиондаған жандардың өмірін қиған екі бірдей дүниежүзілік соғыс өртіне толы шырғалаң кезең болатын. Әсіресе, ХХ ғасырдың басы күрделі саяси оқиғаларға,алапат зардаптар мен қуғын-сүргіндерге, адам тағдырының алмағайын сәттеріне, қым-қуат драматизмге толы, зіл батпан ауыр салмағымен, өксікті, қамырықты күйімен санада таңбаланып, есте қалары аян. Азамат соғысының трагедиясы да миллиондаған тағдырларды сергелдеңге салды.

ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамындағы ұлт зиялылары қандай көңіл-күйді бастан кешірді? Қандай саяси сезімдерді өз тағдырлары арқылы сана безбеніне салды? Көшпелі патриархаттық қоғамдағы ұлт зиялылары нені көкседі? Нені арман-мұрат тұтты? Патшалық Ресей империясының орталықтарында бастау алған саяси дүрбелеңнің әсер-ықпалы метраполияның отары боп саналатын шет аймақтағы Еуразияның апайтөс кеңестігін мекендейтін Ұлы дала тұрғындарына да жетіп жатты. Отарлық қанау шегіне жеткен алаш баласына бұл метраполиядағы саяси процестер түсініксіз, жұмбақ, бұлдыр еді. Осы күрмеулі тар өткелектен алмағайын сәттерде алаш баласын бостандыққа жеткізіп, қалай аман алып шығу ұлт зиялыларының алдында тұрған келесі міндет, өзекті, зәру мәселе еді. Осындай ұлт тағдыры безбенге салынған тар кезеңде туған халқын бостандыққа жеткізіп, ұшпаққа шығару ұлт зиялыларының қоғамдық-саяси жұмысының, саяси қозғалыстарының басты методологиясы болды. Осы игілікті мұрат-мақсатта артық кеткен,кем түскен сәттер де аз болған жоқ. Оны ұлт зиялыларының соқтықпалы-соқпақсыз тағдыр жолдарынан анық байқаймыз.

Міне, осындай алмағайып кезеңдерде ұлт зиялыларының алдында қай жол дұрыс болмақ деген күрмеуі қиын диллема тұрды. Ұлт зиялыларының негізгі бөлігі Алаш қозғалысын құрып, кейіннен Алаш Орда үкіметін түзді, ал екінші бір зиялылар «Үш жүз» партиясының төңірегіне топтасса, ал үшінші тор РСДРП-нің шет аймақтардағы ұйымдарына мүше боп кіріп, «кәмәнес», «бәлшебек» атанды. Алаш Орда үкіметінде болған ұлт зиялылары ұлттық демократиялық, буржуазиялық мемлекет құру арқылы ұлтты теңдікке жеткізуді көздесе, ал, «Үш жүз» партиясының өкілдері РСДРП платформасына жақындау позицияда тұрып өздерін «халықшыл социалистер» деп атады. Яғни, олар ұлтты теңдікке жеткізудің жолы социализм жолы деп түсініп, бұқаралық социализмді, ұлттық социализм моделін дұрыс көрді. Ал үшінші «кәмөнес», «бәлшебек» атанған зиялылар РСДРП-нің ұлт саясаты жайындағы жайындағы ұрандары мен тезистеріне имандай ұйып, қатты сенді.Ұлтты теңдікке жеткізудің жолы – жұмысшы, шаруалардың диктатурасына сүйенген социалистік қоғам деп түсінді. Бәрінікі де ұлт қамы, ұлт мүддесі.
Алаш қайраткерлері ұлтты дамытудың демократиялық үдерісінде қоғамдық-саяси прадигма ретінде батыстық құндылықтарға негізделген саяси демократия-
ны преорагатива(басымдық) ретінде алға қойды. Бәлшебик қайраткерлерінің де жолы батыстық өркениет құндылықтарын алға шығару болды. Айырма соңғыл-сарында тапсыз қоғам құру идеясы еді. Екі қозғалыстыңда көздегені – ұлт қамы, ұлт мүддесі.
ХХ ғасыр басындағы қазақтардың ұлт плебициптінің көрінісі –1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі болды. Бірінші топ көтеріліске үндеп, патшаға қарсы шығуды үндесе, екінші топ патша әскеріне қарсы шығу, қарусыз халықты босқа қыру деп есептеді. Бірінші топтың көздегені отарлаудан әбден езілген, болып кеткен халық санасын жігерлендіру, қайрау жат жерде емес, өз жерінде жастығын ала кетіп,жан беру десе, екінші топ мұздай қаруланған көк темір құрсалған әскерге қарсы шығып, шыбындай қырылғанша, майдан жұмысына барып, әскер тәртібін көріп,азаматтық санасы қалыптасып,болашақ қарулы көтеріліске даярлық деп түсінді. Бұл-ұлт зиялыларының кейінгі трагедиясы мен драмасына жалғасқан саяси жіктелістің басы болды. Осы бірінші топтағы ұлт зиялыларының ішінде ұлтымыздың рухани дүниесінің үш бәйтерегі – Сәкен, Ілияс, Бейімбет есімдерін ерекше тебіреніспен атауға болады.(Бұл қазақ әдебиетінің үш арысы, үш бәйтерегі бір жылы туып, бір жылы дүниеден өткендер. Кезінде мектеп қабырғасында жүргенде осы даталарды әдебиет оқулығынан оқып, таң қалатынбыз.Оқулықта қайтыс болды деп жазылатын.Сталиндік сүргінге ұшырап,жазықсыз атылып кеткендерін, кейін білдік).Бұлар туралы біржақты, сыңаржақ ат үсті пікір айту – шындықтың шырайын кіргізбесі хақ. Сондықтанда есімдері аталған ұлт зиялыларына қатысты тарихи дәуір, кезең атмосферасын ескере отырып, саяси конъюнктурасыз объективті, әділ толымды көзқарас тұжырымдар қажет. Енді әңгімеміздің өзегі болып отырған, ұлт арыстарының бірі биыл 125 жылдығы аталғалы отырған Сәкен Сейфуллиннің қоғамдық-саяси, әдеби тұлғасына тоқтала кетсек.
Зұлым тағдырдың қайырымсыз оғы өмірден ерте алып кеткен,үлкен қоғам қайраткері, абзал азамат, аяулы ақын Сәкен Сейфуллин осынау қысқа ғұмырында артына өлшеусіз мол мәдени мұра қалдырды. Қазақ әдебиетінің барлық жанрында қалам сілтеген жаңашыл ақын, көрнекті қаламгер қаламынан туындаған көркем шығармалар өзінің шынайы сезімімен, көркем образдары, терең идеялары арқылы халқымыздың эстетикалық игілігін байытқан туындылар болды. Сәкен өз шығармалары арқылы қазақ әдебиетіне тұңғыш рет төңкерісшіл рух енгізді. Оның өлеңдері мен поэмаларында өзі өмір сүрген кезеңнің, дәуірдің, заманның образы, өзі сол дәуірдің перзенті болғандықтан асқақ пафоспен берілді.
1914 жылы Қазан қалаында жарық көрген «Өткен күндер» жинағына кірген өлеңдерінде автор жастық шәкірттік өмірдің жай-күйлерін,патриархаттық әдет-ғұрпы көріністерін, игі жақсы аталып жүргендердің керітарпа мінез-құлықтарын баяндады, елдегі қазақ жастарын өнер-білімге, оқуға шақырды. Ағартушылық, демократтық бағытта, сыншыл реализм әдісінің арнасында жазылған бұл туындылар әлеуметтік-қоғамдық мазмұны, көркемдік-эстетикалық ерекшелігі, поэтикалық ақындық қуаты қаламгердің табиғи үздік талантын, азаматтық позициясын, пәлсапалық дүниетанымын айқын байқатты. Болашақ үлкен таланттың қалам қарымының өрісті жүлгесі мен қуатын айғақтады. Көркемдік-эстетикалық, идеялық бағдарын паш етті.
Көрнекті Сәкентанушы, профессор Тұрсынбек Кәкішев Сәкеннің ақындық болмысы, ондағы Абай рухы мен әсерін былайша тұжырымдайды: «Абайдан басталған жаңашылдық рухы ХХ ғасырдағы қазақ ақындарының ішінде Мағжанда бейнешілдікке ойысып, сөз құдіретін асқақтата беру жағында көп көрінсе, сыртқы келбет,екпінді ырғақ арқылы тоникалық өлеңге іш тарту Сәкенде мейлінше анық байқалды. Жаңа мақам іздеген уақытта Сәкен дәстүр шарттылығынан онша қорықпаған. Бұл жолда тамаша табысқа жетіп жатқанын да көреміз,орынсыз ожарланған кезде омақаса құлап, ерінен ауып қалғанын,қазақтың өлең өрнегіне зорлық жасап, төсегін жыртқанын да көреміз. Сәкен жасаған өлең өрнектері Абаймен деңгелес болғанымен,реформаторлық ниеттері мейлінше рухтас екендігі даусыз» (Кәкішев Тұрсынбек.Сәкеннің соты //Кітапта: Сәкен аялаған арулар. А.,2003,297-бет)
Сәкеннің қоғамдық-саяси жұмыстары оның әдеби шығармашылық,қаламгерлік өрісімен қабаттаса, қанаттаса жүргізілді. Елге әйгілі ақын, көрнекті қаламгер болып қалыптасқан Сәкеннің 1922 жылы «Асау тұлпар»атты өлеңдер жинағы, «Бақыт жолына», «Қызыл сұңқарлар» деген пъесалары жеке-жеке кітап болып басылады.Кейін ақынның «Домбыра» (1924), «Экспресс» (1926), «Тұрмыс толқынында (1928), «Еңбек-шарт-жалшылар қорғаны» (1928), «Көкшетау» (1929), «Альбатрос» (1932), «Қызыл ат»(1935), «Социалистан» (1935) атты өлең-поэмалары жарық көрді.
Проза жанрында Сәкен Сейфуллин «Тар жол тайғақ кешу» (1927) атты мемуарлық романын, «Айша» (1922), «Жер қазғандар»(1928), «Жемістер» (1935) атты повестер мен көптеген әңгімелерін жариялады. Сәкен Сейфуллин қазақ әдебиеті нұсқаларын жинап, олардан «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» (1931), «Батырлар» (1933) атты жинақтар құрастырды. Ақан серінің, Ақмоланың кітаптарын, Ш.Құдайбердиев аударған «Ләйлі-Мәжнүннің» нұсқасын бастырды. 1932 жылы қазақ халқының ауыз әдебиетін зерттеуге арнаған «Қазақ әдебиеті» (Билер дәуірінің әдебиеті) атты зерттеу оқулығын жариялады. Ол мектеп оқушыларына арналған әдебиет оқулықтарын жазуға қатысты және әдебиет сынына араласып көптеген мақалалар жазды. 1936 жылы Қазақстан жұртшылығы Сәкеннің әдеби қызметінің 20 жылдығын мерекеледі. Жазушы көркем әдебиетті дамытуда сіңірген еңбектері үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Бұл орденмен қазақ қаламгерлерінің ішінде тұңғыш ие болғанда Сәкен еді.
«Абаймен табақтас, рухтас өткен өлең өрнегіне келген, онда Сәкеннің атақты «Советстан түрін алдымен ауызға алу қажет. Өйткені ол – Сәкеннің ілгерінді-кейінгі ізденістерінің қорытындысы, қазақ поэзиясындағы жаңашылдықтың үлгісі. Абайдың «Сегіз аяғы» сияқты өнегелі өрнек.
Талай ғасырдан бері әдебиетіміздің қайнар бұлағы, өркендер арнасы болып келген поэзия жаңа дәуірде соны сипат алып, профессионалды поэзияның образ жасау ізденісі өрістей түсті. Әрқилы көркемдік тәсілдер тоғыса келіп, С.Сейфуллин творчествосында өмір шындығы өршіл романтика арқылы жарқырап көрінді.» (Т.Кәкішев Сәкен аялаған арулар. А., 2003,298-бет).
Сәкен поэзиясында тоникаға іш тарту басым дедік. Ақын өлеңдеріндегі ұйқастан туатын ырғақты интонациялық екпінмен жеткізу қазақ поэзиясына сіңе бастаған жаңалықтың нышаны, силлабикалық өлеңге тоника элементтерінің ене бастауы дер едік. Абай өлеңдерінде бұл білдірілмей жүзеге асырылса, Сәкен осы көркемдік жүйені «Советстанда» әбден орнықтырып,қазақ өлең өрнегінде бұрын мүлде кездеспеген жаңа түр жасады.
«Ешбір ақын-жазушы болып жатқан шындықты суреттеуге таңбасы жетпей жатқанда Сәкеннің «Біздің тұрмыс» романын жазып, публицистикалық «Қызыл атты»сол кездегі қызыл көздердің қалай сабағаны, талағаны, Сәкенді кеңес әдебиетінен қуып шығып, одақтас жазушы дегенге әрең көнгендерін, кешегі «упадничествосын», сары уайымшылдығын ұмыта алмай жүрген ақын екендігін әлсін-әлі ескертіп отыруға «социалистік реализм» сыншылары белсене кіріскен болатын» – деп жазады профессор Тұрсынбек Кәкішев.
Сәкен тек ақын, жазушы болып қана қойған жоқ, халқы үшін үлкен істер тындырған ірі қоғам қайраткері. Қоғам қайраткерлігі сияқты «лауазым» ешбір жарлықсыз, мандатсыз беріледі. (Т.Кәкішев). Сәкен халықшылдығымен оның тілек-талабына құлақ қоя, ден қоя білді. Сондықтан оның есімі халық жүрегіне кең жол тартты. Халық мұндай перзентін жоғары қойып ардақтайды, қастерлейді. Осы бір халықшыл қасиетін Сәкенді басқа қайраткерлерден ерекшелеп, даралап, бір қырымен бар сыр-сымбатымен тарих беттерінде жарқырап көрінуін жол ашты.
Сәкен Сейфуллин Қазақстан Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасы болып,сол кездегі Қазақ Республикасының астанасы Орынборда қызмет еткенде бірқыдыру игі істер тындырды. 1923 жылы «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейін» деп сол кезде ең өткір мақала жазып, «қырғыз» аталып келген елдің 1925 жылдан «қазақ» аталуына зор үлес қосты. Қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беріп, кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу жайында «Еңбекші қазақ» газетінде тоғыз мақала жазып, Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы ретінде талайларға бұйрық беріп, тиісті қаражат көздерін тапты.
Сәкен Сейфуллин – өте ұлтжанды азамат болды. Ол жаңа өмірді, жаңа тіршілікті қазақи түсінікке, қазақи танымға жуықтатып асау тұлпар образы арқылы береді.
Сәкен қанша жерден коммунист болса да айналадағы құбылысты, шындықты қазақы өлшеммен, қазақы пайыммен, қазақы дүниетаныммен пайымдайды, саралайды. Өз ұлтын қалтқысыз сүйетіндігін Алаш қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш математика профессоры Әлімхан Ермеков былай деп еске алады: «Сәкенді қызылдар жағында, ал біздерді «Орда» жағында болды демесеңдер, Сәкен бізден гөрі әлдеқайда ұлтшыл еді».
Оқырмандарын күні бүгінге дейін өзінің лирикалық әсерлігімен баурап келе жатқан ақынның «Көкшетау», «Біздің жақта», «Ақсақ киік», «Сыр сандық», «Тау ішінде», «Аққудың айырылуы» сияқты шығармалары өзінің ұлттық болмысымен, ұлттық қасиетімен ерекшеленеді.
Сәкен тек поэзия, проза, драма, жанрлары, әдебиеттану ғылымы саласында ғана емес қазақтың ән өнерін, музыка саласын «Көкшетау», «Тау ішінде», «Біздің жақта», «Ақсақ киік» сияқты әндерімен байытқан саңлақ өнерпаз, сирек талант иесі бола білді. Сәкеннің кісілік келбеті, өнерпаздың тұлғасы жайында Мұхтар Әуезов: «Сәкен еңбегіне сыншы да, тарихшы да емес, жай қатардағы оқушы есебінде көз жіберсек, өзгеде жоқ екі түрлі қасиеті басымдап айқындала шығады. Мұның біріншісі – жалтағы жоқ шыншылдығы, екіншісі – ақындық тәкәппарлығы» – десе, қазақ сөз зергері Ғабит Мүсірепов Сәкен жөнінде: «Тұла бойы тұнып тұрған ақындық еді, қара тырнағына шейін ақындық үшін жаратылған. Сәкен қазақ Совет әдебиетінің негізін бірден-бір қалаушы көшбасшысы болды. Тарих оған жүктеген міндетті ешқайсымыз атқарған жоқпыз. Тарихқа зорлық жүрмейді» – деп жазды.
Сәкеннің адал дос, іні серігі, шәкірті, қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгері, ұстазы Сәкен туралы: «Сіздер мені осы уақытқа шейін қазақ кеңес әдебиетінің бастаушысы деп білдіңіздер. Енді шындықты біле жүріңіздер, сол әдебиеттің негізін қалаушы, алғашқы туын көтеруші – Сәкен Сейфуллин. Сондықтан, мен көптің бірімін, ал Сәкен – қазақ совет әдебиетінің атасы» – деп тебірене еске алады. Сәкен туралы ойы-
мызды қазақтың көрнекті лирик ақыны Сырбай Мәуленовтің:
«Өлімге жан екенсің қия алмайтын,
Өлеңнің кұшағына сыя алмайтын.
«Қазақты көргің келсе, міне, осы деп»
Көрсетсе жер жүзіне ұялмайтын» –
деген сөзімен аяқтағымыз келді.
Сәбит ЖӘМБЕК,
Ш.Уалиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар