дейтін сөздің астарында ұлттық тәрбие жатыр екен-ау!
Қазақ халқы ежелден ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген халық. Ауылда, әжелеріміз «Балалар, жерде жатқан нанды көрсеңдер жан аяғы баспайтындай жоғары көтеріп қойыңдар, обал болады» , – деп отырушы еді. Бұл күнде қалада аяқ бассақ, алдыңда нан қоқымы жатады. Оны айтасыз, көшеде туралған нан, кейде бөлкелеп, көң-қоқыс төгетін жәшіктердің жанында, жерде, кім-көрінгеннің аяғында тапталып жатқанын көріп қынжыласың…
Әуелі көргенімді айтайын. Ата-әжемнің бауырында өскеннен болар, ол кісілер мені жанынан бір елі тастамайтын. «Қошақаным» деп еркелететін әжемнің ыстық махаббаты жылдар өтсе де жүрегімді сол бала кезімдегідей жылулыққа бөлеп келеді. Бір күні ата-әжемді қалада тұратын немерелері қонаққа шақырды. Тойдан мен қаламын ба? Ата-әжеммен бірге ілесіп бардым. Жеңгем біз келеді деп дайындалған болуы керек, аста-төк бір астау ет асып алдымызға тартты. Кешкісін, желінбеген ет қалғанын ескермей, тағы да қазан көтеріп, палау пісірді. Әжем болса, «Айналайын, оның бәрін кім жейді, асты ысырап қылма» дегені күні бүгінгідей есімде. Жеңгем бұл сөзге құлақ аспады. Таңертең желінбей қалған тамақ ашып кетті деген желеумен төгіп тастамақшы болды. Мұны байқап қалған әжем, орнынан атып тұрып, қолындағы табақты жұлып алды. Оның дәл осылай ашуланғанын бұрын-соңды көрмеген едім.
– Айналайын-ау, мынауың не, обал емес пе!–деді. «Е, бұларға шыр бітпейтіні, сол екен ғой»,–деп бертінге дейін айтып жүрді. Жеңгем де сол жолғы оқиғадан сабақ алды ма, үйіне барсаң, балаларына обал болады деп нан қоқымын жеуді үйретіпті. Қайран, апатайым менің!
Ал, енді естігенімді айтайын. Біздің елде бір Зәуре есімді (есімі белгілі себептерге байланысты өзгертіліп алынған) апа тұрған. Сол кісінің тұқым-жұрағаты аштық жылдары Омбы тоқ қала деп естігесін, сонау Керекуден жолға шығыпты. Аш-жалаңаш, жолдан шаршап-шалдыққасын мына Уәлиханов ауданындағы бір ауылға келіп қонады. Ол кезде Зәуре апай 13 жаста екен. – Біз тоқтаған үй иесінің тұрмысы жақсы екен. Бізге қуырылған бидаймен шай берді. Әлденіп алғасын, жолға шығуымыз керек еді, ағам біз бүгін осында қонамыз деді. Мен оның осындай шешімге келгеніне таң қалдым. «Жолаушы мұраты – жету»,– демекші, жолдан қалмайық деген жеңгемнің сөзіне де құлақ аспады. Таңертең оянғанымда бір сұмдыққа тап болдым. Туыстарымның бірі де жоқ. Сөйтсем, үй иесі ағама: «Сен маған, мына қарындасыңды бер, мен саған бір пұт бидай беремін. Ол менің үлкен ұлыма әйел болады»,– деп алып қалса керек. Түнде мен ұйқыға кеткенде, ол ағама бір пұт бидай беріп, шығарып салыпты. Осылай, қарғам, аштық заманында мені туған ағам бір пұт бидайға сатып жіберіп еді. Біз не көрмедік»,–деп сол әжей зар еңіреп жылап отыратын дейді ел адамдары сол әжейді еске алғанда.
Бұл күнде халыққа тоқтық кірді. Кепиет жайлай бастады. Аштық жылдары елдің қандай күй кешкенін тарих беттерінен білеміз. Біз жоғарыда келтірген Зәуре апаның басынан кешкендігі туралы оқиғаның өзінен адамдардың нан үшін қандай қатыгездікке барғанын аңғаруға болады. Естеріңізде болар, кешегі Хрущев заманында ел жүгерінің нанын да жеді емес пе? Ал, егемендік алып еңсемізді енді-енді түзей бастаған тұста, ауылда нан қымбат болып, кейбір үйлер кебек илеп, кебектің нанын жегенін қалай ұмытамыз? Бүгін біздің тұрмысымыз түзелді. Түзелгені соншалық, қатқан нанды жемейміз, ол қоқыс салатын жәшіктің жанында, жерде, кім-көрінгеннің аяғының астында жатады. Соны көре тұра, иіліп жерден көтеріп қоюға ерінетіндер де жоқ емес. Жоқ, біз жерде жатқан нанды көтеруге жиіркенеміз, тіпті арланамыз! Айналып өтеміз! Ақша жатса, айналып өтпес едік-ау!..
Айтпақшы, Сіз «мыжыма» жеп көрдіңіз бе? Жымисаңыз, жегеніңіз. Тәтті болады, иә? Әжем ыстық нанды пештен алысымен, сары майға былғап, алдымызға тартатын. Май сіңген бір үзім нан таңдайыңда ериді. Бал татиды кәдімгі! Бір үзім нан! Бойыма қуат берген қасиетіңнен, айналдым! Нан жерде жатпасыншы, ағайын…
Есіңізде болар, дастархан басына жиналғанда үлкендер туралған нанның қоқымын кім жесе, сол бай болады деуші еді ғой. Содан, үйдегі бар бала таласа-тармасып туралған нанның қоқымын бір түйірін де қалдырмай жеп қоятынбыз. Бүгінгі күннің ата-анасы баласы дастарханнан нанның қоқымын жесе, оны кәдімгідей ар көріп, «Немене, ашсың ба, тарт қолыңды» деп жекуі мүмкін. Кешегі ата-әжелеріміз біздерге нанның қадірін білуді сол қоқымын тауысып жеуден бастап үйретті. Ал, Сіз, үйдегі балаңызға, я бәлкім немереңізге нан қоқымын жеп қой, бай боласың дегенді айтасыз ба?! Ойланып көріңізші. Ұмытып барады екенмін, Сіздің де балаңыз бай болсын!
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.