Нан

Сөйлеу керек өзің жайлы өзгеше,
Ойлау керек өзің жайлы тереңнен.
Саған деген асылықты көз көрсе,
Ұялғаннан өткенге сөз берем мен.

Тулақ өмір тепкісіне жолыққан,
Тарын жылдар суретінен табам мұң.
Үзім нан-ай, аш өзегі тарыққан,
Қолы жетпей қиналғанда бабамның.

Ащы тері жон арқасын айғыздап,
Қара жердің тырнап қатқыл жамбасын.
Үнемдеген бір бидайдан ауызға ап,
Сол зұлматтан әлі қорқам өз басым.

Рас, ол кездің өшкен бүгін қарасы,
Жылдар өткен үзім нан деп үздіккен.
Егін салып, қырда қазақ баласы,
Диірмендер таппай тыным дән үккен.
Келе жатсың тіршілікпен бір жасап,
Сені өсірген жандар неткен қайратты!
Көкейімде сонда да әлі бір сұрақ,
Сол еңбекке кімдер қалай бойлапты?!

Жеңіл сөйлеп желпінеміз кейде бір,
Бәрі де оңай, нан да өзі келердей.
Мен білетін нағыз ерлер елде жүр,
«Ойға-қырға дән жөнелткен біз» демей.

Тоқ болған соң, астамшылық тағы бар,
Бөлеміз кеп ақ нан, қоңыр, қара деп.
Әлемде әне, Сомалилер нанға зар,
Сан сауалдан сансырайды санам көп.

Ал, біздерде бала ойнайды нанменен,
«Тәйт!» демеген үлкеніңді әрі қой.
О, үзім нан, бұл күнге де тәубе етем,
Сенің барың – жерде өмірдің бары ғой!..

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар