Көкшетау қаласындағы «Agrimer Astyk»серіктестігінің базасында «Nur Otan» партиясының «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасының «Аграрлық сектор» бағыты бойынша өңірлік партия кураторы комиссиясының отырысы болып өтті.
Алдымен, аталмыш комиссия мүшелері астық қабылдау кәсіпорнын аралап көрді. Комиссияның отырысын аталмыш өңірлік партия кураторының орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты, «Фермер-2002» серіктестігінің директоры Валерий Пельцер ашып жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде биылғы көктемгі егіс басталмас бұрын Ақмола облысының диқандары өткен жылғы деңгейден төмен емес мөлшерде астық жинаймыз деп мақсат қойғанын айтты.
–Бүгінгі таңда облыстың барлық аудандары егін орағы науқанын аяқтады. 2019 жылы егіншілік саласын қолдауға 11,3 миллиард теңге субсидия бөлінді. Бұл өткен жылғы деңгеймен бірдей. Биылғы жылы минералдық тыңайтқыш пен гербицидтер сатып алу бағдарламасы бойынша субсидия нормативі 50 пайызды құрады. Бұл шара ақмолалық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің барлық жаздық егіс алқабында химиялық өңдеу жүргізуіне, сондай-ақ, қажетті минералдық тыңайтқыш сатып алуына мүмкіндік береді,–деген Валерий Пельцер бұл бағыт бойынша бірқатар мәселелер қаралып, бірқатар ұсыныстар енгізілетінін айтты. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Димаш Таласбаев өңірдегі биылғы жылғы егін орағының қорытындысы жөнінде айтып берді.
–Облыста ауыл шаруашылығы дақылдарының барлық түрлері бо-йынша тәуір өнім алынды. Егіншілік саласындағы бұл жоғарғы көрсеткішке қазіргі заманғы технологияны енгізудің және жыл сайынғы мемлекеттік қолдау көлемінің өсуінің арқасында қол жеткізілді. Тек биылғы жылдың өзінде облыстың агроөнеркәсіп кешеніне 35,7 миллиард теңге бағытталды. Бұл сапалы тұқым, химиялық препараттар мен тыңайтқыш сатып алған, машина-трактор паркін жаңғыртқан ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін субсидиялауға мүмкіндік берді. Сөйтіп, қажетті агротехникалық шаралардың барлық кешені тиісті деңгейде жүргізіліп, 4,3 миллион гектар алқаптан 5,2 миллион тонна астық алынды. Орташа гектар берекесі 11,8 центнерді құрады. Сондай-ақ, 215 мың тонна картоп, 45 мың тонна көкөніс жиналды. Бұл өніммен облыс және Нұрсұлтан қаласының қажеттілігін қамтамасыз етуге болады. Бүгінгі таңда облыста 100 мың гектар майлы дақылдар әлі жиналған жоқ. Майлы дақылдар тұқымы әзірге 110 мың тоннаны құрайды. Гектар берекесі 7 центнерден айналды. Егер ауа райы мүмкіндік берсе, майлы дақылдар толық жиналады,– деді Димаш Таласбаев.
Ақмола облыстық аграрлық несие корпорациясы басшысының міндетін атқарушы Имат Қуанышевтің айтуынша, корпорация биылғы жылғы дала жұмыстарын жүргізуге 60 миллиард теңге бөліпті. Сөйтіп, 3,1 миллион гектар алқапта ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру үшін 2 169 шаруашылық қаржыландырылған.
–Корпорация өз қаржысы және тартылған қаржы есебінен 269 шаруашылықты қаржыландырды. Бұл сома 10,01 миллиард теңгені құрайды. «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының Ақмола филиалы дала жұмыстарын жүргізу үшін биылғы жылы тікелей және 8 несие серіктестігі арқылы 9 аудан және 1 қалада орналасқан 190 шаруашылыққа 3 380 285 862 теңге несие берілді. Бұл қаржыға 118445 гектар алқапқа дән себіліп, жинап алынды. Талдап айтатын болсақ, «Кең дала» бағдарламасы бо-йынша 65 755 гектар егіс алқабы бар 107 шаруашылыққа 1 848 337 751 теңге, «Агробизнес» бағдарламасы бойынша 52 690 гектар егіс алқабы бар 83 шаруашылыққа 1 531 948 111 теңге бөлінді,–деді Имат Қуанышев. Жиын соңында кәсіпкерлердің қойған сауалдарына жауап берілді.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.