Макинка қаласындағы қарттар үйінде 58 қария тұрып жатыр. Басым көпшілігінің бала-шағасы бар. Бауыр еті балаларының ата-аналарынан безіп кетуіндің себебі неде?!
Макинск қаласындағы арнайы әлеуметтік көмек көрсету орталығының жанында ат басын іріктік. Қарапайым тілде қарттар үйі деп аталатын мекеменің алдынан ұқыпты қолдың табы анық байқалады. Адамдар жайғасып отырып дем алатын орындықтар қойылыпты. Гүл егілген. Тек күрең күздің алғашқы суығы ұрып, сола бастаған. Ағаш егілген. Ең шетінде елеусіздеу, қойындаса өскен қос терек тұр. Бірі діңінің дәрмені кетіп қартайған да, екіншісі кейін көктеген жас бәйтерек. Зер салып қарасаңыз, кейінгісі бұрынғысын демеп тұрғандай. Бұл өңірде жиі болып тұратын екпіні үй жыққандай ызғарлы, долы желден қорғайтындай. Табиғатта да жансыздың өзі бір-біріне қорған болады екен-ау.
Қарттар үйінің басшысы Надежда Ларио-
новамен кездескен соң екі, әлде үш жыл бұрын жолсапардың жөнімен жүздесіп танысқан Қажымұрат Шоланов ақсақалды сұрағанбыз. Тағдырдың тәлкегімен қарттар үйін қоныс еткен адам. Бір кезде облыстық филармонияда қызмет еткен. Жалпақ жұртты әдемі әнімен тәнті қылған, табиғи таланты мол, тамаша кісі. Ал, мінезі ше? Соншалықты биязы, әдепті. Кескін-келбеті келісті. Өмірден көргені де, көкірегіне түйгені де мол. Үш бірдей қызын әлпештеп өсірген.
Сол жолы көкірегіндегі көп жайды айтып еді. Ән де салып берген. Әлі құлағымызда. Кете Жүсіптің «Өмір сырлары».
Көңілім гүл, өмірім бақша, тілім бұлбұл,
Адамзат осы үшеуімен жасайды гүл.
Өмірі адамзаттың жаз бен қыстай,
Гүлденіп тұрады ылғи жасап жыл-жыл.
Жапанның мүлгіп жатқан даласындай,
Көрінер өткен өмір бұлдыр-бұлдыр.
Бұлтартпай сол бұлдырмен жүргеніңде,
Ордаңдап ор қояндай өмір зырғыр.
Өң бермей өтінішке өте шығар,
Жалынып десеңдағы өмір құрғыр.
–Біздің де қызылды-жасылды қызық қуған шағымыз аз емес еді,–деп күрсінген ақсақал, – өте шықты. Ендігі көрген күн осы. «Өмірдің алды сайран, соңы ойран» деп Ақан сері атаң айтпап па еді? Кім айтса да, біліп айтқан. Сайранды салып едік, енді міне…
Надежда Николаевнаның айтуына қарағанда, әнші ағамыз аман екен. Қуанып қалдық. Өкініштісі жүрек талмасына ұшыраған. Ән салу қайда, сөйлеудің өзі мұң. Қазір қарттар үйінде жөндеу жұмыстары жүріп жатқан соң Щучинск қаласындағы ағайынының қолына кеткен. Жөндеу біткен соң қайтып оралмақ. Ағамыз ғана емес, осында тұрып жатқан 58 адамның жартысынан көбі уақытша ет жақын туыстарының қолына көшірілген. Аз уақыттан соң бауыр басып қалған ортасына кейін қайтпақ. Бәлкім, бала-шағасымен де табысар, мауқын басар.
Мауқын басар демекші, сағыныштың сарытап оты лаулап жанған да кез болыпты. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында мекеме басшысы Надежда Николаевнаға өзгеше ой келген. Қарттар үйіндегі қариялардың түгелге жуығының бала-шағасы бар. Жалғыз осы төңіректе ғана емес, іргедегі Ресейде, арыдағы Германия-
да тұрады. Әлгі балаларды іздеп тауып хабарласқан. Айтқан өтініші қиын да шаруа емес. Бейнебаян арқылы бұл дүниеде бар екендіктерін білдіріп, ата-аналарын құттықтаса, тілектерін жеткізсе дегенге саяды. Мойны жар бергендері бейнебаяндарын түсіріп жіберіпті. Дәл мереке күні тамаша шара өткізілген. Ән шырқалған, би биленген. Тәп-тәуір дастархан жайылған. Дәл осы жерде тосын сый ретінде Надежда Николаевна әуелі мән-жайды қысқаша айтып алып, бейнебаянды көрсеткен. Жаңа ғана қариялардың көтеріңкі көңіл-күйімен күмбірлеп тұрған кең зал сілтідей тынды дейді. Жанарлары жаутаңдаған қаншама кейуана кімнің бір жапырақ қарғалары хабарласар екен деп экранға үңілген. Алдымен Германиядағылар көрініпті. Сән-салтанатқа малынған, жиһазға толы бөлме. Бақыттың нұры жүздерінен төгіліп тұрған бала-шағалары. Бала-шағалары жай сөз, әйтпесе, тепсе темір үзетін, зіңгіттей азаматтар, ажарлы азаматшалар, құлдыраңдап жүгірген кішкентайлар. Олар жаңағы қарттар үйінде қамығып отырған кейуаналардың ұрпағы. Кейін Ресейдің әлденеше қаласында түтін түтетіп жүргендер көрінген. Олар да мерекемен құттықтаған. Дәл осы сәтте бауыр еті балаларын көрген қарт жүректер езіліп кетсе керек. Әлде қуаныш, әлде қайғы. Мерекені мұң басқан. Өзге түгіл мекеме басшысының өзі де көз жасына ерік берген. Ас қамдап жүрген аспаздар да, ешбір қатысы жоқ былайғы жұрт та жылаған.
–Бала-шағасын, туыстарын іздейміз, хабарласамыз,–дейді мекеме басшысы,–тауып та, айтып та жатырмыз. Таяуда бір қарияның осы қалада тұратын ұлын таптық. Індете іздесек, қарияның өзі ертеде ажырасып кеткен екен. Онда баласы тым жас, тіпті есі де кірмеген. Туған әкесін көрмей өсіпті. Есесіне өгей әкенің шарапатын көрген. Сол кісінің тегіне жазылған.
Мекеме басшысының сөзі ой салды ма екен, әлгі жас жігіт өмірі көрмеген әкесін іздеп келген. Алғашқыда әрине, жатырқаса керек. Бауыр баспаған, әкелік махаббатын сезінбеген. «Жетім қозы тасбауыр, жетілер де отығар» дегендей, бір кезде бұрылмай кеткен әкесін көргенімен, қолына алғысы келмеген. Кейін анасы «қалай болған күнде де әкең ғой, қолымызға алайық» десе керек. Балалық сезімі оянды ма, кім білсін әлгі жігіт қарттар үйінен әкесін алып кетіпті.
– Осы Макинка қаласының жұртшылығы түгел танитын, заманында мектеп директоры болып істеген Черняк дейтұғын қария болды. Атын ұмытып қалыппын,–дейді мекеме басшысы,– ұлағатты ұстаз. Алдынан жүздеген жасөспірім тәрбиеленіп шыққан. Сол кісінің қызы әкесін тастап Ресейге көшіп кеткен болатын. Кейін өзі зейнетке шыққан соң көшіріп әкетті. Біздің мекемені паналаған Нина Зыкованың үш баласы бар. Қаншама хабарласып айтқанымызбен, мың сылтауы таусылмайды. Пәтеріміз тар, жағдайымыз жоқ деседі. Қазақта «бір әке-шеше он баланы баға алады, ал, он бала жабылып, әке-шешесін баға алмайды» деген қанатты сөз бар ғой. Өмірден алынған пайым.
Мекеме басшысының айтуына қарағанда, мұндағы қариялардың ең төменгі зейнетақы алатындардан басқаларының зейнетақысының 70 проценті арнайы қорға аударылады. Ол қаражат мекеменің қажетіне жұмсалады. Мұнда қариялар қаражат жұмсайтын қажеттілік те жоқ. Бес мезгіл тамақ ішеді, өзге уақытта да шай-су ішкісі келсе орындары дайын. Әр бөлмеде жас шамасы, денсаулықтары, мінез-құлықтары ескеріле отырып екшелген екі адамнан тұрады. Аптаның екі күні монша жұмыс істейді. Диспансерлік есепте тұрған қарияларға дәрі-дәрмек тегін беріледі. Сөйтіп, азын-аулақ қаражат жинала бермей ме? Ар-ұятты жиып қойып, өздері баққысы келмейтін әке-шешесінің зейнетақысына таласатындар да бар екен. Тіпті шетел асып кеткендер де ата-анасын сағынып емес, азын-аулақ қаражатына көзін сатып келеді дейді. Ал, қариялар болса іштен шыққан шұбар жылан, өз перзенттері, несін аясын, жиналған қаражатты алақандарына салады.
Көңілге бір демеуі, қариялар үйін паналаған жергілікті ұлт өкілдері сирепті. Осыдан бірер жыл бұрын көп болатын. Қазір 58-дің алтауы ғана. Зейнет жасына жетпеген алты мүгедек бар, тыл еңбеккерлері 4, еңбек ардагерлері – 2. Қарттар үйіндегі қариялардың орташа жасы – 75.
Барлық жағдай туғызылған. Сенсор бөлмесі, еңбек терапиясы шеберханасы, демалыс мүйісі, кітапхана. Демеушілердің көмегінің арқасында интернетке қосылған компьютер сыныбы жабдықталыпты. Қариялар бейнебайланыс арқылы жақын және алыс шет елдердегі ағайын-туыстарымен сөйлесе алады.
Мәдени-көпшілік, спорт сайыстары өткізіледі. Шахмат ойнайсыз ба, іс тігесіз бе, қалауыңыз білсін. Биылғы жылы өңірдегі қасиетті жерлерді аралап қайтыпты. Бірінші топтағы мүгедек Анатолий Литвинчук, Алпысбай Әлжанов, екінші топтағы мүгедек Николай Жуков, Сергей Данилюк мүгедек спортшылар арасында өткізілетін «Надежда» облыстық спартакиадасының жүлдегерлері. 2018 жылы орталық ауланы көгалдандыру жөнінде аудандағы ең үздік мекеме атанған. Қариялардың денсаулығын жеті медицина қызметкері қадағалайды. Әр жыл сайын толық медициналық бақылау жасалады. Қажет болса, облыстық аурухананың, Нұр-Сұлтан қаласындағы медициналық мекемелердің көмегіне жүгінеді. Ғимараттың қабаттары арасында қимыл-қозғалысы ауыр қарияларға қажетті электр көтергіш орнатылған. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы Күлән Сейдахметова бастаған жанашырлар ұдайы келіп, хал-жағдайларын біліп тұрады. Аудандағы қарияларға қатысты шаралардан қағажу қалған емес.
Бір қарағанда, бәрі гүл жайнап тұрғандай. Бірақ, мұң бар. Ауыр мұң. Тілдесіп отырып төмен қарайтын кейуаналардың жүзінде қарттар үйіндегі сан түрлі тағдыр жолы тәрізді әжімнің ізі сайрап тұр. Құлағымызға Қажымұрат ақсақал салған ән тағы жеткендей. «Өң бермей өтінішке өте шығар, жалынып десеңдағы өмір құрғыр». Өте шығатыны анық қой, өкініші болмасын деңіз.
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.
Бұланды ауданы.
Суреттерді түсірген
Төлеген Қосшығұлов.