Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өткен сенбіде жұмыс сапарымен Нұр-Сұлтан қаласында болып, қарттар мен мүгедектерді әлеуметтік қолдау айлығы аясында елорда мен оған іргелес аудандарда тұратын жүзге жуық ақмолалық ардагерге құрмет көрсетіп, мерекелерімен құттықтады.
Шарада соғыс және еңбек ардагерлерін құттықтаған өңір басшысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, мемлекет тарапынан аға ұрпақ өкілдеріне барынша қамқорлық жасалып отырғанын айта келе, бұл мәселенің жергілікті биліктің де үнемі назарында екендігіне тоқталды.
– Бүгінгі еліміздің көркейіп-гүлденуі, ұрпақтарымыздың шат-шадыман, бақытты тұрмысы, әрине, аға ұрпақтың маңдай терінің, елге сіңірген еңбегінің жемісі. Еліміздегі іргелі облыстың əлеуметтік-экономикалық дамуына сіздер зор үлес қостыңыздар. Сондықтан, сіздерге ұдайы қамқорлық көрсете береміз, – дей келе, облыс әкімі Ермек Маржықпаев барлық ардагерлерге гүл шоқтарын және ақшалай сый-сияпат тапсырды.
Сонымен қатар, шарада бұрынғы әріптестері мен замандастарын облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл және Көкшетау қалалық ардагерлері кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Өз кезегінде ардагерлер де мерейлерін өсірген облыс басшылығына ризашылықтарын айтты. Олардың арасында Социалистік Еңбек Ері Сағила Есенжолова, облыстың бұрынғы әкімдері Сергей Кулагин мен Владимир Гартман, бұрынғы Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Қасым Таукенов, экс-сенатор, белгілі қоғам қайраткері Светлана Жалмағамбетова сияқты бірқатар ардагерлер болды.
Ардагерлерді құттықтау шарасы жергілікті шығармашылық ұжымдар мен әншілері ұсынған концерттік бағдарламаға ұласты.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.