Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Саяси жаңғырудың қос міндеті: сабақтастық пен тұрақтылық - АРҚА АЖАРЫ

Саяси жаңғырудың қос міндеті: сабақтастық пен тұрақтылық

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Осы уақыт ішінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен еліміз әлемдегі беделді әрі орнықты мемлекетке айналды», деп биылғы жылдың 2 қыркүйегі күнгі алғашқы Жолдауының әлқиссасында атап көрсетуі біздің тәуелсіздік жолымен жүріп өткен кезеңімізге берілген әділ баға деп пайымдаймыз. Қ.Тоқаевтың өзінің президенттік қызметіне кіріскен сәтінен бастап Елбасының саясатын жалғастыратындығын ашық мәлімдеуі де тәуелсіздіктің баянды болуының тағдырын тереңнен ойлаған пайымды да парасатты шешімі еді.

Бізде басқа таңдар жол да жоқ. Біздің жолымыз – тәуелсіздік! Біздің жолымыз – тұрақтылық! Ендігі арада және қашанда болса қасиетті сол тәуелсіздікті сақтап тұру және оны нығайта беру біздің мәңгілік саясатымыз болып табылары да анық. Тарих бізге зор мүмкіндік берді. Сол мүмкіндіктің барлығын да Елбасы Н.Назарбаевтың тиімді пайдалана білгені де тарихи ақиқат. Соны айта да білуіміз керек. Осы орайда «Еліміздің даму жолын бүкіл әлем мойындап, қазақстандық, яғни, Назарбаев моделі деп атады», – деп Жолдауда атап көрсетілуі де айдай әлемге белгілі тағы да ақиқат жайт.
Қалың Қазақ елінің қазіргі көңіл ауаны мен кей әрекеттерінен әлдебір текетірестік шерулік ахуалды аңдар едік. Әрине, түрлі де алуан пікірлердің болғанына, сол пікірлерді қорғауға да әркім ынталы екендігінде тұрған өрескелдік те жоқ шығар. Даурығып іздеп жүрген демократиямыздың талабы да осы ғой. Дегенмен, тәуелсіздік жылдары жасалған және қол жеткізілген табыстар мен игіліктерді жоққа шығару да жараспас еді. Қазір болмағанды болдыра және де арандата сөйлеп, сол арқылы елдегі тұрақтылықтың шырқын бұзуға ынталы болып отырған сыртта да, өз ішімізде де мүдделі топтар барлығына еш күмәндануға да болмас. Арандатушылыққа еру – ардың ісі емес. Біз сол арандату әрекеттерінің ақырында елдегі тұрақсыздық пен бірлігіміздің шырқын бұзу мен ақыр соңында елдегі дау-жанжалдың басталып кете беруіне ешқашан жол бермеуге тиістіміз. Шырқымыз бұзылмасын! Бұл – өз шаңырағымыздың отын өзіміз өшіргенмен бірдей қатерлі жағдай.
Осы қатер туралы Президент өз Жолдауында «Негізсіз, жүйесіз саяси ырықтандыру елдің ішкі са-
яси ахуалының тұрақсыздығына, тіпті мемлекеттіліктен айырылуға әкеліп соғатынын әлем елдерінің тәжірибесінен көріп отырмыз», – деп атап көрсетті. Әрине, саяси жаңғыру қажет. «Мен уәде еткен саяси жаңғыру үдерісі азаматтарымыз бен мемлекетіміздің мүдделеріне сәйкес, біртіндеп үздіксіз жүзеге асырылатын болады. Сондықтан, біз саяси реформаларды «асығыстыққа салынбай», керісінше, кезең-кезеңімен, табанды түрде және жан-жақты ойластырып жүзеге асыратын боламыз», деген Жолдау жолдарындағы осы бір ұстаным баршамыздың санамызда жүргені керек.
Және де асығыстыққа салынбай саяси реформаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру жөніндегі Қ.Тоқаевтың бұл ұтымды ұстанымын әр қазақстандық терең санамен зерделеуге тиіс. Біз – сонау тоқсаныншы жылдардан, яғни, тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінен бастап ақырын жүріп, анық басқан елміз. Содан ұтпасақ, ұтылған жоқпыз. Ендігі арада Қасым-Жомарт Кемелұлының сабақтастықты елдегі тұрақтылық пен дамудың басты әрі негізгі арқауы етіп отырған ұстанымы біз үшін өте маңызды екендігін айтқымыз келеді.
Әуелі қоғамдық-саяси өмірді жаңғырта алсақ қана экономикалық реформалар табысты боларын өз Жолдауында Президенттің өте орынды айтқандығы саяси жүйенің бұл формуласы мемлекет тұрақтылығының негізі болып саналатындығын көлденең тартсақ дейміз.
Жолдауда заман талабына сай тиімді мемлекетті орнықтыру және халықпен тиімді кері байланыс орнату мәселесіне зор маңыз беріліп отыр. «Көп жағдайда азаматтарымыз орталық және жергілікті органдар басшыларының құлықсыздығы мен «бейқамдығына» байланысты Президентке жүгінуге мәжбүр болады», – деп Президенттің Жолдау жолдарындағы бұл айтқаны бізді терең ойға жетелеуге тиісті. Жолдауда қоғамдық үнқатысу, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары болып саналатындығы анық айтылған.
Халық пен биліктің арасы неге алшақтап кетті? Осы орайда өз пайымымызды айтар болсақ, қазіргі мемлекеттік қызметшілердің дені халықпен сол халықтың жүрегіне жол табарлық сөз тауып, халықтың өз «тілінде» сөйлесе алмай жүр. Кейбірінің шешендігі, кейбірінің өресі жете бермейді. Кейбірі тілге шорқақ. Өз деңгейін білетін сондай мемлекеттік қызметкерлер халықтың арасына баруға жасқана ма деп ойлаймын.
Қазақстандағы саяси реформалардың ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және оны жою өте өзекті мәселе болып қалары да анық. Өйткені, жемқорлық дертінің тамыры тереңге кеткен сыңайлы. Бұл жайт халықтың биліктен көңілі қалуына және мемлекетке деген сенімсіздікке соқтырып отыр.
«Сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасалған мекеменің бірінші басшысының жауапкершілігін заңнамалық және нормативтік тұрғыдан нақты белгілеу керек. Сондай-ақ заңсыз және арандатушылық әрекеттерге барғаны үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл органдарының қызметкерлерін қатаң жазалау керек. Ондай қызметкерлерге тергеу саласында орын жоқ. Кінәсіздік презумпциясы қағидаты толық көлемде сақталуы тиіс», деген Қ.Тоқаевтың Жолдаудағы бұл сөзі жемқорлық сынды осы бір кеселмен күрестің жаңа бір өркениетті әрі заңды жолын ашары анық.
Жергілікті жерде жастармен жиі кездесіп тұрамын. Осы жемқорлық жайы жастарды қатты алаңдатады, тіпті ашындырады деуге де болады. Біз ендігі арада ары да, жаны да таза ұрпақ тәрбиелеу мәселесімен жете айналысуға тиістіміз. Қазір жастардың санасында не нәрсені болсын пара беру арқылы шешуге болады деген түсінік қалыптасқандай. Жастарымыз қазір пара беруді бесіктен белдері шықпай жатып, яғни, оқу орындарында оқи жүріп үйреніп, соған дағдыланып жатқандығы да белгілі.
Кезінде қазақ сатирасының дүлдүлі Оспанхан Әубәкіровтің емтиханды «коньяктың» – беске, «арақтың» – төртке, «сыраның» үшке тапсырғаны туралы керемет бір әжуасы бар еді. Әрине, бұл арада біз жоғары оқу орындарына, олардың оқытушыларының бәріне бірдей көлеңке түсіруден аулақпыз. Дегенмен де, жемқорлықтың оқу орындарында әлі де қалып отырғандығын тиісті орындар да жоққа шығармайды.
Бұл кеселді жою үшін ең әуелі жекеменшік жоғары оқу орындарындағы білім беру жүйесін тәртіпке келтірген абзал. Өйткені, жыл сайын жүздеген мың теңгелік оқу ақысын төлеп отырған студентке терең білім алуға қатаң талап қоюдан да «ақшасын төлеп тұрса болды» деген пиғылдың басым жатқандығы да жасырын емес. Ал, талап болмаған соң талапты жастар терең білім алу үшін шетелдерге кетуге мәжбүр болып отырғандай. Ал, жекеменшік жоғары оқу орындарының санын азайтамыз деп құлшынған не бір оқу министрлерінен әлі де бір тиянақты іс көрінген жоқ.
Қ.Тоқаев өз Жолдауында әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңінің жаңа ұстанымдарын да орынды алға тарта білді. Өйткені, қазір әлеуметтің мемлекетке үміт артып алаңдап отырған жайлары баршылық. Бұл орайда Президент білім берудің сапасын жақсарту мен жастардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар көрсетуге айрықша назар аударатын кез-келгенін орынды атап көрсетті. Әсіресе, дарынды ауыл балаларын іріктеп алып, жақсы білім беретін оқу орындарына жіберу қажеттігінің айтылғаны көңілден шықты. Расында да қазақтың небір дарынды да танымал тұлғаларының барлығы да ауылдан шыққандығын еш ұмытуға болмас. Ауыл баласына деген бұл қамқорлық пен сенім өзін-өзі ақтайтын қадам болары сөзсіз.
Ендігі арада сондай-ақ Президент өз Жолдауында атап көрсеткеніндей, жастарға кәсіби білім берудің жаңа стандартын кеңінен енгізуге тиістіміз. Әуелі мектеп оқушылары мен жастар арасында кәсіби, жұмысшы мамандықтары кеңінен насихатталуы керек. Бізде әлі де болса тек жоғары білім алу керек деген қатып қалған бір қағида бар. Кезінде жаппай заңгерлік және экономикалық білім алу бәсекеге айналмаса да белең алып кеткені рас. Олардың бәріне бірдей жұмыс қайдан табылсын! Осы орайда сол заңгерлік дипломға кеткен қыруар қаржыға әлдебір кәсіп ашып алмаған екенмін деп өкініп жүргендерді де кездестірдік.
Жастарды кәсіп пен еңбекқорлыққа баулуға да қоғам болып айрықша көңіл бөлетін кез келді. Ертеңгі күнгі ұрпағымыз масыл болмасын десек, бұл мәселені осы бастан ойлағанымыз жөн. Баланы жасынан еңбек пен кәсіпке баулудың тиімді бір жолы түрлі қолөнер үйірмелері болса керек. Алайда, қазір түрлі қолөнер үйірмелері жер-жерде жетіспей де жатыр. Қазіргі жағдайда әрқайсымыз бір ғана нәрсеге асығуымыз керек. Ол: адал еңбек етіп, әлемдік өркениет көшінен қалып қоймауға және неғұрлым терең білім алып, соны Қазақ елінің мүддесі үшін жұмсауға асығу.
Қ.Тоқаевтың Жолдаудағы «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ, мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек. Сондай-ақ тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпаған жөн», деген ұстанымын біз жаңаша ұғынып, жаңаша пайымдауға тиістіміз. Қазақ тілі және оның тағдыры үшін қызылшеке болып айтысқан, әлі де айтысып жатқан сол ұзақ жылдардан бергі дағдыдан қалуымыз керек. Енді «қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келуі» үшін біздің әрқайсымыз не істеуге тиістіміз?
Ендігі арада мемлекеттік тілдің өркендемей жатқан жайы болса, бұл үшін мемлекетті де, Қазақстанды мекендеп отырған өзге ұлт өкілдерін де айыптаудың қажеті жоқ. Бәрі де өзімізден. Тіліміз үшін әрқайсымыздың ортақ жауапкершілігіміз бар екендігін ұғынатын кез әбден келіп жетті.
Бұл орайда тіл білместік және енді не істеу керек деген көкейімізге жиналған өз сауалымызға орай «Мемлекеттік тіл және отбасының жауапкершілігі», «Мемлекеттік тіл және мемлекеттік қызметкердің жауапкершілігі», «Мемлекеттік тіл және бизнес пен халыққа қызмет көрсету саласының жауапкершілігі» атты осы үш бағытты қамтитын бағдарлама түзуді ұсынар едік… Қысқасы, ендігі арада ана тіліміз үшін әр отбасы, әр мемлекеттік қызметші, әр қазақ баласы өзін жауапты сезіне алса ғана ана тіліміз мәңгіліктің мәңгілігі болып қалары анық.
Қазақстан Президенті өзінің алғашқы Жолдауында Қазақстан қоғамын толғандырып отырған өзекті мәселелерді шешудің нақтылы жолдарын және алдағы уақыттағы міндеттерді анық әрі толық саралап бергендігін айту парыз. Енді біздің әрқайсымызда «мен не істеуім керек?» деген бір ғана ой болуы керек. Ел тағдыры үшін бәріміз де жауаптымыз. Ең бастысы, Жолдаудан біз осыны тағы да айқын сезіне түстік.

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

(«Егемен Қазақстан» газеті, 3 қазан 2019 жыл).

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар