Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көктегі періште - АРҚА АЖАРЫ

Көктегі періште

Әсияның көңілі бүгін бір түрлі жабырқаулы. Осыдан бірер ай бұрын шетінеп кеткен сәбиін ойлап, тағы да көзіне жас алды. Байғұстың тоғыз ай көтеріп, енді-енді туатын шағында іште тұншығып өлген бөпесін еске алмаған күні жоқ. Бірақ, мұны сыртқа білдірмейді. Өз қайғысы өз ішінде. Жылағысы келсе де, оңашада отырып жылап алады. Тіпті, перзентханадан өзге әйелдер сияқты бөпелерін құшақтап емес, соқа басы сопиып шыққанда да көзіне жас алған жоқ.

Ол күні жолдасы шетінеп кеткен шақалақты ауылға жерлеуге алып кеткендіктен, Әсияны перзентханадан шығарып алуға өзінің анасы келген болатын. Жүрегі тілім-тілім болып, қанша сыздап тұрса да, Әсия онсыз да қызының басына түскен ауыр жайттан қиналып отырған анасын одан бетер уайымға салғысы келмей, жыламады, жүрегінің ауырып тұрғанын білдіртпеді.
Анасы мен қызы бір-бірін көздерінен-ақ түсініп, құшақтасып амандасты да, көлікке отырып үйге келді. Есіктен кіре сала, қос балапаны қырмызыдай қыздары «мамалап» Әсияға қарай жүгірді. Біреуі мойнына асылса, екіншісі кішкентай қолдарымен анасының аяқтарын қатты қысып құшақтады. «Жандарым сол, әбден сағыныпсыңдар ғой», – деп Әсия да балапандарын құшағына басты.
Әсияның тұңғышы небары бес жаста болса да, бауырының аман-есен дүниеге келуін бәрінен бұрын асыға күткен еді. Алайда, анасының перзентханадан жалғыз келіп тұрғанын аңғарғанымен, бөпе жайлы ештеңе сұраған жоқ. Себебі, тәтесі оған: «Анаң келгенде бөпе қайда?» деп сұраушы болма. Сендер секілді жер бетінде өмір сүретін балапандар болады. Сонымен бірге, көкте періште сәбилер де бар. Анаңның құрсағында жатқан сенің бауырың да аспанға ұшып кетті. Оны еске алып, аналарыңның жүрегін ауыртпаңдар. Алда әлі талай бауырларың болады. Соларды ойнатып, бағасыңдар», – деп алдын ала ескертіп қойған болатын.
Қалай дегенмен де, баланың аты бала ғой. Сол күні тіс жармағанымен, бірнеше күн өткеннен кейін қыздары Жаннұр «Бөпе қашан келеді? Ол неге аспанда?» деп, Әсияны сұрақтың астына алды. Тұңғышы отбасының суретін салса, марқұм болған бауырын да қалдырмай, ата-анасының жанына бірге салып жүрді. Мұны көрген Әсияның жүрегі одан сайын сыздап сала беретін. «Жанымды ауыртқан бұл жара ешқашан жазылмайтын шығар. Жаратқан ием, менің көз көрген балапандарым аман болсыншы. Осы құлындарымның жамандығын көрсетпеңізші?!», – деп әркез тәңірге жалбарынатын. Оның «көз көрген балапандарым аман болсыншы» дейтін себебі, Әсия өлі туылған перзентін бір рет те көрген емес. Босанғаннан кейін дәрігерлер оған «Балаңызды көрсетейік пе?» дегенде, бұл үзілді-кесілді «Жоқ» деп жауап қатқан болатын. Өйткені, тоғыз ай жүрегінің тұсында жатқан перзентін қанша құшағына басса да, ақ сүтімен емізсе де, аялы алақанымен мәпелесе де, оның іңгәләп жыламайтынын анық білді. Алайда, артынан, біраз уақыт өткесін бөпесіне көзінің қиығымен тым болмаса бір рет те қарамағанына, бейкүнә жүзін жадында сақтап қала алмағанына қатты өкінді.
Бір күні жолдасынан: «Сен бөпемізді көрдің ғой. Ол қандай еді? Шашы, түсі қандай, айтшы?» деп, болмай сұрап біліп алды. «Бөпеміз кенже қызымызға келетін секілді көрінді. Байғұс балам-ай, мәйітханаға алып кетуге барғанымда аппақ болып жатты», – деген жолдасының сол сәтте тамағына өксік түйіліп, одан әрі сөйлеуге шамасы келмеді. Мұны естіген Әсия солқылдап жылады. «Жаным-ау, жарығым-ау, ботам-ау сол, сені бауырыма бір бассам ғой. Сені мейірлене иіскесем ғой. Ұлым болғанын сонша армандап едім. Әкеңе серік болғаныңды қаладым, құлыным», – деп еңіренді ана жүрегі.
«Қап, бекер айттым-ау саған. Бұл жағдайды еске алып, жүрегіңді ауырта бермеші. Баламнан айырылу маған да оңай емес. Енді еске алмайық. Уақыт өте бәрі оңалады», – деп күйеуі оны жұбатуға тырысып бақты. Сәбиін ойлаған сайын Әсияның сарытап сағынышы кеудесіне сыймай кетеді. Бұл қайғы-қасіреттен әлі де ес жия алар емес. Жұмысқа шығып, анда-санда жолдасымен той-томалақта бой көрсетіп жүргенімен, жарқыраған киім кигенімен, көңілі мұңға толы.
Өткенде көшеде бір танысын көріп, әлгінің Әсияға «Екі қызың бар. Енді Армашкаңа бір атқамінер туып бермейсің бе?» демесі бар ма? Әлгі сөз күйзеліп жүрген Әсияның жүрегіне оқтай қадалды. Ол танысына жуырда ғана баласының шетінеп кеткенін, түгін де айтпастан, артына бұрылып кете барды.
Жанарына жас толғандықтан, көзі бұлдырап, тура қарай жүре берді. Жан-жағына бұрылғысы да, тоқтағысы да келмеді. Тоқтаса, жүрегі бірге кілт тоқтап қалатындай көрінді. Аңдамай сөйлеген әлгі адамға деген ашуы ма, реніші ме, әлде періштеге айналған перзентіне деген сағынышы ма, әйтеуір бәрі-бәрі быт-шыт болып араласып, алабұртқан көңілі оны алға сүйреп келеді. Кімге өкпелеп келе жатқанын, алда не күтіп тұрғанын өзі де білмейді. Жүрегінде «Маған баламды қайтарып беріңізші» деп, Жаратқанға жалбарынған бір ғана тілегі бар еді.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар