Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тәшенев тағылымы - АРҚА АЖАРЫ

Тәшенев тағылымы

Қанша ғасыр өтсе де қазақ халқы есімін ардақтап, өнегелі ісін ұрпаққа аманат еткен кемеңгер жандардан кенде болған емес.

Сонау аумалы-төкпелі аласапыран кездің өзінде туған жері мен еліне ес болып, әр ісіне бағыт-бағдар берген ұлы тұлғаларымыздың айшықты орны тарих беттерінен лайықты орын алды және алдағы уақытта оларға көрсетілетін құрмет өз жалғасын таба бермек. Ресми құжаттарда айшықталып, айқын айтылған, есімі халықтың жүрегінде әбден жатталып, істеген істері мұраға айналып кеткен, кезінде халықтың рухын көтере білген асыл тұлғалардың ішінде Жұмабек Ахметұлы Тәшеневтің есімі ерекше аталады.

Өткен ғасырдың 60 жылдарында, байтақ елдің бейбіт өмірі кезінде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Ж.Тәшенев жалғыз өзі Орталықтың қыспағына төтеп беріп, Сарыарқаның бес облысының аумағын Ресейге бергізуден аман сақтап қалды. Ж.Тәшеневтің арқасында Қазақстанның құрамында қалған жер мөлшері 565,4 мың шаршы километр немесе қазіргі Қазақстан Республикасы аумағының бестен бір бөлігі. Егер сол кезде Жұмабек Ахметұлы Орталықтың айтқанынан шықпай, көрші республикаға аталған бес облысты бере салғанда, Ресей Федерациясының құрамына қарапайым есеппен 4 миллиондай адам (1999 жылғы халық санағы бойынша) кетіп қалар еді. Ал, бұған Түркіменстанға кеткелі тұрған кенді Маңғышылақты, Оңтүстік Қазақстанның Өзбекстанға тағы да бергізгелі тұрған үш ауданын Тәшенев бергізбей, Қазақстанның құрамында сақтап қалдырғанын қоссаңыз, онда Жұмекеңнің бүгінгі тәуелсіз Қазақстан Республикасы тарихындағы рөліне қазіргі ұрпақ лайықты бағасын беруі тиіс.
Ал, егер Солтүстік Қазақстанның бес облысының сақталуын бүгінгі тәуелсіз еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму сатысына сараптап қарайтын болсақ, Жұмекең жасаған ерлік пен қайсарлықтың мәні мен маңызын ештеңемен салыстыру және өлшеу мүмкін емес. Соның нәтижесінде қазіргі Қазақстан Солтүстік Америка (АҚШ пен Канаданың солтүстігі), Еуропада (Франция, Украина және Ресейдің оңтүстігі), оңтүстік жарты шар (әсіресе, Аргентина және Австралия) қосқандағы бүкіл әлемдік жетекші астықты алқап атанып, жоғары сапалы астықты дақылдарды мол өндіретін мемлекетке айналды.
Жұмекеңнің ұлттың бетке ұстар мәдениет және әдебиет қайраткерлеріне Алматының төріндегі жаңа үйден пәтерлер бергізіп, оны «Қазақ ауылы» атандырғанын, (өзіміздің пысықайлардың Мәскеуге жіберген «домалақ арызында Тәшеневті «ұлтшылдықты көздеуші» деген) «Қазақ әдебиеті» мен сол кездегі «Социалистік Қазақстан» газеттерін аударма басылым болудан сақтап қалғанын оқырман қауым жақсы білер дейміз. Жалпы, Ж.Тәшеневтің бойында ерекше бір қасиет бар. Бұл – Атамекен мәселесіне тиісті өткір проблемалардан қашқақтамау, қайта соған бел шешіп кірісу, соның оң шешімін табу. Егер кеңес Үкіметі кезінде қалыптасқан қатаң партиялық тәртіп пен интернационалдық мәселелерді алға тартатын болсақ, Жұмекеңнің осындай батылдығы мен өжеттігі ерте ме, кеш пе өзіне қарсы қолданылатын сол кездегі саяси жүйенің шоқпары болатын ол білмеді емес, білді. Соған қарамастан Жұмекең саяси жүйемен емес, сол кезде қалыптасып, күш алып бара жатқан шовинизммен күресті, сол үшін партияның «Кеңес Одағында барлық ұлттар мен ұлыстар тең құқылы» деген қағидасын Мәскеу шенуніктеріне қарсы қолданды, өз ұлтының есесін ешкімге де жібермеуге тырысты. Осы тұрғыда Жұмекең таққа жармасқан мансап қуған шенеунік емес, қайта өз елі мен жер мәселесінде намысты қолдан бермейтін, қажет болса, сол үшін жоғары лауазымды қызметті қиып кетуге әзір тұрған нар тұлғалы азамат еді. Шіркін, осындай қасиет қазіргі тәуелсіздік алған шағымызда жоғары лауазымды, таққа жабысып қалған қазақ шенеуніктерінде жетіспейтіні, тіпті, өкінішті-ақ. Шынтуайтына келсек, Тәуелсіздік тұғыры әрбір басшыдан зор ыждаһаттылықты, өз ұлтына қамқоршы болуды қажет ететін жауапты мемлекеттік іс. Өкініштісі, осындай қайраткерлердің саусақпен саналатыны, олардың өз бойларында ұлттық намыс пен ұлттық мәселелерге немқұрайды қарауы қазақ ұлты үшін қауіпті үрдіске айналып бара жатыр.
Жұмабек Тәшенев өмір кешкен кезеңнің ерекшелігі – ол қызмет жасаған жылдардың жеке бір адамның ғана емес, бүкіл халықтың басына түскен идеологиялық зобалаң, партиялық демократияны бүркемелеу етіп, астыртын жасалынған империялық пиғылдың шектен шыққан шырқауы еді. Жұмекең ғұмыр кешкен дәуір ұлы Абайдың кезіндегідей; «Николай құлап өлген соң… «азабын тағы да тартқызған» тектіні тұқыртқан, жарыместілерді құтыртқан қазақ даласындағы құбылыстар мен өзгерістердің қазақ үшін жағымсыз көрінісі болатын. Өкініштісі, қазақтың басына түскен осындай зобалаңдар қай кез болсын қайталанып отыратыны. Сонда ойға келетіні, өмірдің небір қиын-қыстау кезеңдерін тарих тек қана біздің ұлттың пешенесіне жазып қойған ба екен деген заңды сұрақ туындайды.
Соңғы жылдары республикалық басылымдарда Жұмабек Тәшенев туралы мақалалар мен естеліктер жиі-жиі жазыла бастады. Очерктер мен эсселер және естеліктер жазған оның замандастары, жазушылар мен журналистер көтерген мәселелерден Жұмекең сияқты ертұлғалы азаматты, ұлтын сүйген ұлтжанды тұлғаны аңсау бар, жазылған әр сөз бен сөйлем арасынан кезінде ұлтының ауыр жүгін көтере білген, ұлттық мүддені таққа айырбастамаған шын қайраткерге деген зәрулік байқалады. Мен мұндай қоғамдық құбылысты қазақ қоғамының сана сезімінің өзгере бастаған, түпкілікті ұлттық мақсаттың алдыңғы қатарға шыға бастағанымен байланыстырар едім. Философиялық терминді пайдаланатын болсақ, бұл қоғамдағы диалектикалық заңдылықтың үрдісі деп бағалау керек.
Жұмабек Тәшеневтің билікке келуінің өзінде де заңдылық бар. Соғыстан кейінгі ауыр кезеңді баршамыз тарихтан жақсы білеміз. Сол кез Жұмекең замандастары алдында Кеңес үкіметінің Алаш арыс-
тарын репрессияға ұшыратуы санадан да көзден де ғайып бола қоймаған тұс еді. Алаштықтардың орындалмаған армандары сол кездегі ұрпаққа аманат етіп қалдырылғандай көрінетін. Сол себепті болар, соғыстан кейінгі қазақ ұл-қыздары білім алуға жан салды, сол үшін қолдағы мүмкіндікті барынша пайдалануға тырысты. Жұмабек Тәшенев те бұл үрдістен шет қалмады. Жұмекең қай салада істемесін, әрқашан жұмыста өзіне де өзгеге де қатаң талап қоя білді, тапсырманы мүлтіксіз орындау Тәшенев үшін аксиома болатын. Ең бастысы адамдарға сене білу, олардың күш-қуатын толық пайдаға асыра білу Жұмекең үшін өмірлік кредоға айналды.
1952 жылы Ж.Тәшенев Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына сайланды. Мұндай жауапты қызметке Жұмекең тас-түйін дайын еді. Лауа-
зымды қызметтің түрлі сатыларынан сүрінбей өткен Ж.Тәшенев енді ешкімге жалтақтамай, өмірден жиған-терген тәжірибесін қолдануға және қандай бір күрделі мәселерді жүзеге асыруға мүмкіндік алды.
Соның мысалы ретінде Ақтөбе облысына Ж.Тәшенев жетекшілік еткен жылдары қара металлургия, химиялық, тамақ және жеңіл өнеркәсіптер қарыштап дамыды. Республикада жасалынған тері және аң терісінен жасалған сыртқы киімдердің жартысынан астамы, Ақтөбе кәсіпорындарының үлесіне тиді. Жылдан-жылға ет және ет өнімдерін өндіру арта түсті. Өнеркәсіптің жалпы өнімі 3 есеге, күрделі қаржы бөлу 2,4 миллиард сомға жетті.
1955 жылы Жұмабек Тәшенев Қазақ КСР Жоғарғы Президиумының төрағасына сайланды. Мұндай лауазымға жетудің өзіндік себебі бар еді. 1955 жылдың басында Н.Хрущев пен П.Булганин бастаған Кеңес үкіметінің делегациясы Үндістанға бара жатқан сапарында Ақтөбеде аялдады. Ол кезде Мәскеуден Шығысқа қарай ұшатын барлық ұшақтар Ақтөбеге қонып, жанармай құйып алатын. Мемлекет делегация-
сы тоқтаған аз уақыттың ішінде обкомның бірінші хатшысы Ж.Тәшенев қонақтарға сый көрсетіп қоймай, облыстың барлық жетістіктерімен таныстырып үлгерді. Ферроқорытпа заводына апарып, ауыл шаруашылығы озаттарымен кездестіріп, үлкен іскерлік танытты. Сол жолы елдің екі бірінші басшылары Ақтөбе облысының білгір экономист, жас бірінші хатшысының іскерлігіне, білімділігіне, тапқырлығына, халық арасында асқан беделіне тәнті болды. Әрі Кремльге сол кезде өздерінің ықпалынан шықпайтын білгір басшы таңдау керек еді. Орталық басшыларының ойламаған жерден Тәшеневпен кездесуі осы мәселенің түйінін шешкендей болды.
Тағы бір айта кететін жағдай, 1953 жылғы қыркүйек пленумының алдында Орталық партия комитетінде өткен Бүкілодақтық партиялық Кеңесте Ж.Тәшеневтің сөйлеген сөзі Хрущевке қатты әсер еткен еді. Кейіннен Н.Хрущев Жұмекеңнің сол кеңестегі сөзінің мазмұнды жерлерін 1953 жылдың Орталық партия комитетінің қыркүйек пленумындағы баяндамасына қосқаны да мәлім. Осындай жағымды әсердің себебі болар, Мәскеудің ықпалымен Жұмекеңнің республика басшылығына келу дәуірі басталды.
Әдетте, жоғары лауазымды жұмысқа келген кейбір шенеуніктер ондай қызметте тыныш отырып, жан баққанды ұнатады. Сөйтіп, ол орында неғұрлым ұзақ отыруға тырысады. Мұндай жаңсақ пікір Жұмекеңнің бүкіл болмысына жат еді. Әрбір Одақтас республикалар Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағалары бірден КСРО Жоғарғы Кеңес Президиумы төрағасының орынбасары болып саналатын. Және кезек бойынша Мәскеуге барып Төраға міндетін атқарып отыратын. Жұмекең Мәскеуге келген сайын біршама шаруаларды тындыруға мүмкіндік алды. Ол ең әуелі Бауыржан Момышұлына және Рахымжан Қошқарбаевқа Кеңес Одағы батыры атағын алып беруге кірісті. Бірде Мәскеуге барған кезекті сапарында Ж.Тәшенев Бауыржан ағамызға сол атақты алып беру үшін қабылдауға маршал Коневті шақырады. Жай шақырмай, оны ресми қабылдап, ресми түрде әңгімелеседі. Мұндай кездесулерге немқұрайды қарайтын маршал Конев, Жұмекең ұсынысына келіспеді. Сол бір ағаттықты түсінген Жұмекең, кейіннен таныстарына ағынан жарылып, «атағы жер жаратын маршал Коневті ресми емес, қазақша қазы-қартамен, оған тіркестіре армян коньягі және Алматы апортымен қарсы алғанда, мәселенің бәрі шешіліп кетуші еді», – деп өкінішпен айтқан әңгімесін көптеген жора-жолдастары осы күнге дейін айтып жүреді.
Республика Министрлер Кеңесіне төраға болып беку Қазақстан экономикасының өрге басу шағымен тұспа-тұс келді. Тыңның игерілуіне байланысты рес-
публика облыстарының да қанаты кеңге жайылды. Көптеген облыс орталықтарында ауыр индустрия ошақтары мен завод-фабрикалар бой көтере бастады. Сондай кәсіпорындарды басқару үшін орталық өз кадрларын орналастырып, соларға кең жол ашты. Олардың бәрі болмаса да кейбіреулері қызмет орнын өз мақсаттарына пайдалануды көздеп келгендер еді. Және ондай басшылар жергілікті кадрларды елеп-ескеруді назарларына ілмеді де. Республика басшылығы осындай жағдайды ескере келе, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағалығына өр мінезді, әрі экономист жас Ж.Тәшеневті тағайындады. Бұл өте дұрыс шешім еді.
Ауыр өнеркәсіп саласында қазақ кадрларының тапшылығын ескере отырып, республика Үкіметі солтүстік аймақтарда жоғары оқу орындарын ашуға кірісті. Соның бірі Павлодар индустриалды институты еді. Алматы және Қарағанды политехника институттарының ректорлығына жергілікті кадрлар тағайындалды. Сөйтіп, қазақ жастарының техника мамандығын меңгерулеріне алғы шарт жасалынды.
Ж.Тәшенев Министрлер Кеңесіне төрағалық еткен 11айдың ішінде республикалық өнеркәсіптің жалпы өнімін өндіру 104,2 пайызға орындалды, жоспардан тыс темір және хром кені, кокстелген көмір, шойын, болат, қара металл, қорғасын, цинк, жез және темір жабдықтары жоспардан тыс өндірілді. Осы кезде көңілге медет болатын жағдайлармен бірге Қазақ КСР басшылығын алаңдататын мәселелер аяққа оралғы бола бастады. Мәскеудің үй ішінен үй тіктіріп, орталығы Целиноград болған Тың өлкесін құруын республика басшылығы бұл аймақты дамытудың жоспары деп түсінгенмен, іс жүзінде олай болмай шықты. Орталықтың көздегені Тың өлкесінің астықты бес облысын Ресейге ың-жыңсыз бергізу мәселесі айқындала бастады.
Ол үшін Тың өлкесі бірінші басшыларының бәрі бірдей Мәскеудің бұйрығымен тағайындалды. Кремльден қолдау тауып отырған Тың өлкесі басшылары дербес Одақтас республика болып саналатын Қазақ КСР басшылығын формальді түрде ғана мойындап, есеп-қисаптарын тек қана Мәскеуге беретінді шығарды. Теке тірестің көкесі енді басталды.
Талай рет Ж.Тәшенев Тың өлкесі партия комитетінің бірінші хатшысы Т.И.Соколов пен өлкелік атқару комитетінің төрағасы В.В.Мацкевичтерді сабасына түсіріп, ел мен жердің кімдікі екенін оларға тоқпақтап түсіндіргенмен, «Күштінің арты диірмен тартады» дегендей, олар алған беттерінен қайта қоймады. Қайта олар, Н.Хрущевке тікелей шығып, Ж.Тәшеневтің өздеріне қыспақ көрсетіп, қалыпты жұмыс істеуге мүмкіндік бермей жатқанын айтып, шағымданумен болды.
Ақыры бұл тартыс аяқталар шақ туғандай еді. Тың өлкесі аумағын Ресейге түпкілікті бергізу мәселесін шешу үшін Н.Хрущев Алматыдан Д.Қонаев пен Ж.Тәшеневтерді шақыртты.
Бұл арада осы оқиғаға байланысты мынадай болжам айтуға болады. Біріншіден, республиканың екі бірдей басшысы өздерін Мәскеуге не үшін шақыртып жатқанын іштей сезді. Сондықтан, кімнің қандай көзқараста болатыны алдын ала ойластырылған да болуы ықтимал. Сондықтан, біреуі тәуекелге барып, Н.Хрущевке қарсы тұруы тиіс еді. Ондайда біреуі сөзсіз жұмыстан алынса, екіншісі сол бағыттан таймай, елдің тұтастығын сақтау жолында еңбек етуі қажет деген келісімге келулері де мүмкін. Бірақ, сценарий мен жымысқы әрекеттің бәрін Никита Сергеевичтің өзі бұзып, кіммен қалай астыртын келісім жүргізгенін қалайша айтып қалғанын аңғармай қалды. Үнемі асығыс шешім шығаруға дағдыланып қалған ол: –«Жедел шешетін мәселе Қазақ КСР-ның жер көлемі. Жолдас Қонаев бұған қарсы емес деп, Жұмекең үшін жұмбақ болған мәселенің бетін ашып тастады. Ендігі жерде бүкіл Кеңес Одағы басшылығына жалғыз Тәшенев қарсы тұруға тура келді. Сәл үнсіздіктен кейін сөзін жалғастырған Хрущев: – Жұмабек Ахметович, енді Сіздің пікіріңізді білсек» дегенде Жұмекең өзіне тән сабырлылықпен: Никита Сергеевич, бұл мәселенің шешілуі былай тұрсын, тіпті күн тәртібіне қойылуына үзілді-кесілді қарсымын!» деп келіспейтінін білдірді. Мұндай жауапты күтпеген Н.Хрущев ашуға булыққаны соншалық, не айтарын білмей, ұзақ үнсіздіктен кейін: «Бұл мәселе Сіздің құзырыңызда емес, оны Орталық партия комитеті өзі шешеді» дегеннен басқа ештеңе айта алмады. Не керек, бұл мәжілісте кімнің кім екеніне, бас сауғалау үшін аяқ астынан сатқындыққа қалай баратынына Жұмекеңнің көзі анық жетті. Қабылдаудан шыққан Жұмекеңді күтіп алған Димекең: «Әй Жұмеке-ай, жүрек жұтқан батырсыз-ау» деп бауы-
рына қысқаннан басқа амалы қалмады.
Бұл кездесуден Жұмекең сөзсіз жеңіспен шықты. Елінің тұтастығын сақтап қалуда қандай ерлік жасағанын Жұмекең бірден түсінді ме жоқ па, ол жағы бізге беймәлім. Бірақ, КСРО басшылығымен тайталасып, оның айтқанына көнбеудің немен аяқталатынын Жұмабек Ахметұлы сезбеді емес, сезді және Орталықтың қандай да бір шешіміне тас түйін дайын болатын. Ең бастысы осындайда жанына батқаны, кейбір жора-жолдастар мен тамыр-таныстардың Жұмекеңнен бойларын алыстата бастағаны еді. Сонда Қазақстанның осыншама жерінің тұтастығын кімдер үшін, не үшін сақтауға басын тікті? Бір өзін кімнен болса да, қалай болса да арашалап қалуға Жұмекеңнің қауқары да, білімі де жетер еді. Жұмекең бүкіл болмысынан бірбеткей, алған бағытынан қайтпайтын нағыз қайраткер болатын, сондықтан өзі айтқандай: «Мен елімнің жерін таққа айырбастамаймын» деуі тегіннен тегін айтылмаған. Бұл ұлтжанды азаматтың сөзі, өжет адамның көзқарасы, тектіліктің белгісі.
2009 жылдың 3 ақпанында Астанада «Ж.Тәшеневтің азаматтық ерлігі және қазіргі кездегі патриоттық тәрбие» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Конференцияға қатысқан Жұмекең ағасы Манап Тәшеневтің баласы Қанат Тәшенев айтқандай; «Жұмекеңе арналған мұндай конференция өзінің туған жерінде өткізіліп отырған тұңғыш алқалы жиын» деп ағынан жарылды. Конференцияға Алматы, Астана, Ақтөбе, Шымкент, Жезқазған және Аягөзден келген делегаттар Жұмекең алдындағы қарызымыз бен парызымыздың толық өтелмегенін, Қазақстан Республикасы тәуелсіздігі мен Ж.Тәшеневтің 100 жылдығы алдында осы тұлғаға байланысты есесі кеткен шаруалардың басын ел болып қайыру керектігін бірауыздан қолдады. Ең бастысы мемлекетіміздің бас қаласы – Астана төрінен Жұмабек Тәшенев бейнесіне лайық ескерткіш орнату қажеттілігі атап өтілді.
Конференция барысында Ж.Тәшенев тұлғасы, оның атқарған істері мен қалдырған мұрасы біздің жастарымызды бей-жай қалдырмайтынына көз жеткіздік. Сонау шалғайдағы Аягөзден келген жас экономист Ертіс Нұрқасым «Ж.Тәшеневті ұлықтау – ұрпақтар парызы», Астанадағы №56 мектеп-лицейдің 10 сынып оқушысы Жібек Садырова «Ж.Тәшенев ерлігі – ұрпаққа үлгі», ал, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясының түлегі Ерікболат Қабылдин «Туған жер үшін жан пида» атты баяндама жасап, Жұмабек Ахметұлына байланысты тақырыптың біздің жастар арасында өте өзектілігін байқатты. Сондай-ақ, ғалымдар Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ тарих кафедрасының профессоры Күлзира Ысқақова және «Мемлекеттік тарихы институты» ғылыми комитетінің деректану, тарихнама және мемлекеттің қазіргі заман тарихы бөлімінің бастығы, тарих ғылымының докторы, профессор Әлима Ауанасовалар үшін Жұмабек Тәшенев мұрасы олардың ғылыми ізденістеріндегі мәңгілік тақырыбына айналды. Мұндай феноменді ұлы Абай сөзімен айтқанда: «Өлді деуге болама, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» дегендей, Жұмекең біздің ұрпаққа қазақтың қасиетті қара жерін қалдырды, елін, жерін қызғыштай қорғау керектігін аманат еткен мәңгілік мұра қалдырды, небір қысымға төтеп беретін қазаққа тән қайсар мінез қалдырды, қандай бір қиын жағдайда болмасын басын тік ұстап, ұлттық болмыстың қайталанбас үлгісін көрсетіп өтті.

Жалпы Ж.Тәшенев тағылымына келетін болсақ, ол із-түзсіз қалған жоқ. Кеңес үкіметі кезінде билікке келген қазақ басшыларының атқарған істерімен бірге саналарында елі мен жеріне деген жанашырлық, оның қордаланып бара жатқан ұлттық проблемалары тұрды. Бүкіл республика көлемінде болмаса да олар өздері қызмет атқарып жүрген аймақтарда осы проблемаларды шешуге ұйытқы болды. Қолдан келген шапағатын ештеңеден және ешкімнен аямады. Олардың есімдері күні бүгінге дейін ел есінде. Сақан Құсайынов, Еркін Әуелбеков, Өзбекәлі Жәнібеков және Рысбек Мырзашевтар – Жұмекең дәрежесіне дейін көтерілген асыл ағаларымыздың бірте-бірте ұмыт болып бара жатқан есімдерін тағы бір жаңғыртып, оны жас ұрпаққа аманат еткеніміз ләзім болар. Осындай ұлт мақтанышына айналған ардақты ағаларымыз бен небір асылдарымызды әрдайым ардақтай білейік, олардың есімдерін мәңгілік есте сақтау жолында игілікті істерді қолға алып, жалғастыра берейік.

Мейрам БАЙҒАЗИН,
Қазақстанның құрметті журналисі,
Нұр-Сұлтан қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар