Қазақ мемлекетінің ең танымал басылымдарының бірегейі «Егемен Қазақстан» газеті желтоқсан айының орта кезінде өзінің бір ғасырлық тойын атап өтпек.
Қазақтың Түркістандағы тайқазаны қандай бағалы болса бұл басылымның да ел үшін мәні айрықша зор.
Жақында, Ақмола облысы Целиноград ауданының орталығы Ақмолда «Егемен Қазақстан» газетінің жауапты хатшысы, «Құрмет» орденінің иегері Самат Мұса, баспасөз ардагері, Қазақстанның Құрметті журналисі Бақберген Амалбеков және оның Ақмола облысы бойынша меншікті тілшісі, мәдениет саласының үздігі Байқал Байәділовпен ел оқырмандарының арнайы кездесуі өтті.
Бұл басылымның 100 жылдық ғұмыры туралы Целиноград ауданының әкімі Малғаждар Тәткеев толымды пікір айтты. Өтпелі кезеңде атауы бірнеше рет өзгертілген бұл ақпарат құралын есімдері баршаға мәлім: Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ғабит Мүсірепов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев сынды белгілі тұлғалар басқарған.
Мерекелік кеште Нұр-Сұлтан және Көкшетау қалаларынан келген қонақтарға сөз беріліп, олар газет және оның ауыр жүгін көтеріп келе жатқан қаламгерлер жайлы ағынан жарыла ой өрбітті.
Бүгінгі Парламент Мәжілісінің депутаты, филология ғылымдарының докторы Сауытбек Әбдірахмановтың ерен ісі ойға алынып, ол басқарған жылдары «Егемен Қазақстан» редакциясы елордаға нақты орнығып, 8 қабатты әсем ғимарат салып шықты. Онымен қоймай, журналистердің басты мұқтажы – бас-
пана мен жатақхана мәселелері де оңтайлы шешімін тапқан.
Кездесу барысында көпшілік арасынан тарих пәнінің мұғалімі Серік Қанапин, Целиноград ауданы әкімдігінің қызметкері Дидар Оралбек өздерін толғандырған ойларын ортаға салып, орнықты сауалдар қойды. Олар осы республикалық газеттің жаңадан басылып шыққан «100 жылдық жылнама» 5 томдығы турасында нақты пікірлерін білдірді. Бұл «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алынған алғашқы шара. Аталмыш тың жобаның біздің еліміз үшін маңызы өте жоғары.
Осы мақаланың авторы Арқа өңірінде еселі еңбектерімен көзге түскен газеттің меншікті тілшілері: Қанат Жойқынбеков, Ербол Шаймерденов, Мұратбек Тоқтағазин және Мағжан Садыханов пен «Құрмет» орденінің иегері Жылқыбай Жағыпаровтың заманға лайық атқарған жұмыстары жайлы естелік айтты.
Мәдени мәжіліс көпшіліктің көңілінен шықты. Атап айтсақ, мұндай алғашқы кездесу Целиноград ауданында, аталмыш республикалық газетті Ержұман Смайылұлы басқарған жылдары өтіп еді. Соның бір куәгері болғандықтан оны атап өтуді өзімізге парыз санадық.
«Егемен Қазақстан» газетінің қызметкерлерімен 2 сағатқа созылған кездесу көзді ашып-жұмғанша жылдам өтіп кетті. Бірақ, оқырманның одан алған әсері өте ерекше болды. Еліміздің бастан кешкендерін шежіреге айналдыра білген бұл газеттің талантты қызметкерлеріне оқырмандарының айтар алғысы көп.
Целиноград ауданының әкімі Малғаждар Сәттарұлы жоғары мәртебелі қонақтарға өзінің арнайы сый-жоралғысын жасаса, мәдениет саласының еңбеккерлері ән-жырларынан шашу шашты. Мерейтойларыңыз әрдайым үстем болсын, қадірлі «Егемен Қазақстан» газетінің ұжымы.
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
Суретті түсірген автор.
Целиноград ауданы,
Ақмола облысы.