Бүгінгі таңда білім саласының мамандары үшін «ХХI ғасырда нені оқыту керек?» деген сауал және «мұғалімдер оқушыларды ХХI ғасырға қалай дайындайды?» деген мәселе маңызды болып отыр.
Қазіргі заманғы тәсілдің ең негізгі ерекшелігі, оқушылардың алған білімін орынды қолдана білуіне басты назар аудару болып табылады. Бұл ХХI ғасырда талап етілетін дағды болуы тиіс. Бүгінгі күні әлем төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басты. Осы бағытта білім беру жүйесіндегі барлық сатылардың алдында тұрған көкейтесті мәселелердің бірі – білім сапасын арттыру, оның әдістемесін жетілдіру, жас ұрпақтың тұлғалық дамуына қолайлы жағдай жасау. Осы орайда, баланың ақыл-ойын дамыту, ойлау қабілетін жетілдіру, өзіндік іскерлік қасиеттерін қалыптастыру, тілін дамыту, заман талабына сай оны жан-жақты етіп тәрбиелеу бүгінгі күннің талабы болып отыр.
«Сабақ беру – үйреншікті жай шеберлік емес, ол үнемі жаңадан жаңаны табатын өнер» деп бір ғасыр бұрын Жүсіпбек Аймауы-тов көрегендікпен айтқан. Әлемдегі өзгерістер құндылықтар мен білім маңызын қайта қарауды қажет етеді. Осы мәселелерді шешу үшін мұғалімдердің жұмыс жүйесіне өзгерістер енгізу керектігі туындап отыр. Қазіргі таңда қоғам алдына қойылып отырған басты міндеттердің бірі – бүкіл білім беру жүйесін түбегейлі жаңартып, жастарға дүниежүзілік деңгейге сәйкес келетін сапалы білім беруге жағдай жасайтын және олардың үйлесімді дамуына, жеке бастың тұлға ретінде қалыптасуына бағытталған жаңа үлгідегі мектеп құру болып отыр. Еліміз орта білімге өзгерістер енгізу үшін алыс-жақын шетелдердің іс-тәжірибелеріне және соңғы кездегі педагогика мен психология ғылымдарының алдыңғы қатарлы зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып, жаңартылған бағдарлама негізінде оқыту бағдарламасын енгізуде. Педагогикадағы инновациялық технологияларды игеру, еліміздің білім беру жүйесін халықаралық стандартқа жеткізу, уақыт талабына сай мамандар дайындау мемлекеттің басты міндеті болып отыр.
Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, ғимарат биік болу үшін оның іргетасы мықты болу керек. Іргелі білім алған адам ғана қазіргі өмір жағдайларына тезірек бейімделіп, одан өз орнын таба алады. Осы іргелі білім алу жолы оқушының жеке білім беру траекториясы негізінде айқындалады. Ең алдымен, «жеке білім беру траекториясы деген не?» деген сұраққа жауап бере кеткен жөн болмақ. Аталған терминді Ресейдің педагог ғалымдары А.В.Хуторский, Н.Н.Суртаева қарастырған.
А.В.Хуторский жеке білім беру траекториясын әр оқушының білім жолындағы жеке потенциалдық іс-әрекетінің өзіндік тәсілі ретінде алып қарайды.
Н.Н.Суртаева жеке білім беру траекториясын қазіргі білім беруге талаптар мен мақсаттары бойынша оқу іс-әрекетінің элементтерін алдын ала анықтау және ата-аналардың қатысуымен олардың дарындылығын, мүмкіншілігін, қызығушылығын байқаумен байланыстырады. Оқушылардың жеке білім траекториясы дегеніміз әрбір баланың оқу материалын игеру деңгейіне, қарқынына, өзіндік білім алу ұстанымына, жеке қабілетіне қарай ұйымдастырылатын оқыту процесі. Білім беру бағдарламасындағы жеке білім беру траекториясының құрылымы күрделі болып келеді. Оның құрылымына келесі компоненттер қамтылған. Жеке білім беру траекториясын қолданудың нәтижесінде білім беру шеңберінен оқушы тәжірибе жинақтап, ол білімін басқаларға рефлексиялық жолмен беруге әрекет жасайды. Оқушының мұндай білімі оның әрекеті басталған алғашқы ақпараттан-ақ байқалып, ерекшелене бас-тайды. Әрбір ұстаз алдында оқушыларға білім беруді әртүрлі жобада, оқушылармен санаса отырып, қалай ұйымдастыру керек деген сұрақ туындайды. Жеке білім беру траекториясы жаңа ұйымдастыру әдіс-тәсілі мен технологияларды талап етеді. Бұл мәселені шешу үшін қазіргі заман талабына сай екі түрлі білім беру тәсілі қолданылады.
Бірінші тәсіл – білім берудің дифференциалдылығы. Бұл тәсіл бойынша әр оқушыға жеке бағыт бағдар беру, яғни, қиыннан жеңіл тапсырмаларын ұсыну. Ол үшін оқушылар деңгейлері бойынша жоғары, орташа, нашар болып үш топқа бөлінеді. Бұл тәсіл біздің мектебіміз үшін қолайлы болып табылады. Екінші тәсіл әрбір оқушыға жеке білім беру. Траектория – дамушының қозғалыс ізі. Бағдарлама – оның жоспары. Оқушы өзі мұғаліммен бірігіп, өзінің білім алу тәсілін, бақылаудың түрін анықтап, өз білім алу траекториясын жоспарлайды. Траектория құрған кезде мұғалім нұсқау беруші және кеңесші ретінде оқушыға таңдауға мүмкіндік береді. Яғни, оқушы-ақпараттық дамушы тұлға болып саналады.
Жеке білім траекториясы оқушының психикасына, сабақта жақсы психологиялық жағдай жасауға, пәнге деген қызығушылығын арттыруға, оқушы денсаулығын сақтауға тиімді әдіс. Осылайша дарынды балаларды жеке оқыту мен ойлау қабілетінің негізі жеке білім траекториясы құрылады. Жеке білім беру траекториясы дарынды оқушыны білім жолына апаратын тиімді жол. Бұл оқыту әдісі тек баламен қарым-қатынас жасаған кезде алға басады. Жалпы айтқанда, бүгінгі күні мұғалімдердің көзқарастарында, сабақ құрылымында, оқушыларымыздың өзара қарым-қатынастарында өзгерістерді байқауға болады.
Мұғалімдеріміз дәстүрлі жүйедегі әміршілдік стильден бет бұрды. Сабақтарда оқушы тек тындаушы, орындаушы емес, оның іс әрекетінде ізденіс пайда болды. Сөйтіп, оқушылардың өзара қарым-қатынастары еркін, тәуелсіз, ашық болып отыр. Біз мектебімізде бірлесіп жұмыс істеу арқылы мұғалімдеріміздің деңгейін көтеріп, оқушыларды дамытуға жағдай жасаудамыз.
Рысты ӘБДІРАХМАНОВА,
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы Ақмола филиалының аға оқытушысы.