Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Азаматтық қоғамды дамытуға үлес қосайық - АРҚА АЖАРЫ

Азаматтық қоғамды дамытуға үлес қосайық

Жуырда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын жария етті. Бұл маңызды құжаттан әркім өзіне қатыстыны ой елегінен өткізіп, міндеттерді орындауға кіріседі деп ойлаймын. Үкіметтік емес ұйымның өкілі ретінде мені, әсіресе, Мемлекет басшысының Жолдауда белсенді азаматтық қоғам құру үшін үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру қажеттігі туралы айтқан пікірі ерекше толғандырды.

Енді, алдағы уақытта Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеуге баршамыздың үлес қосуымыз қажет. Ол үшін көпшілік азаматтық қоғамның мақсаты не екенін, оның жұмысы нені меңзейтінін жете түсініп алғаны жөн. Азаматтық қоғам деп мемлекеттік құрылымнан тыс қалыптасатын əлеуметтік-экономикалық жəне мəдени-рухани қоғамдық қатынастардың жиынтығын айтады. Ол жеке тұлғаның емін-еркін дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік жасайды. Бұл қоғамда мемлекеттің жеке адам өміріне араласуына шек қойылады.
Азаматтық қоғамның құрамына адамдардың өздері құрған қауымдастықтар, яғни, кооперациялар, ассоциациялар, қоғамдық ұйымдар, кəсіби, шығармашылық, спорттық, этникалық жəне басқа бірлестіктер, азаматтардың, өндірістік жəне жеке өмірі, олардың əдеп-ғұрпы, салттары кіреді. Мұнда белсенді іскерлікке, тапқырлыққа, жемісті еңбек етуге кең жол ашылады. Америка Құрама Штаттары, Австралия, Франция, Қытай секілді өркениетті елдерде үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы жақсы жолға қойылған. Біздің елімізде де азаматтық қоғамды дамытуға мемлекет тарапынан зор көңіл бөлініп отыр.
Жұмыс істеймін деген үкіметтік емес ұйымдарға елімізде қашанда жол ашық. Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, бүгінгі таңда облысымызда 695 үкіметтік емес ұйым ресми тіркелген. Соның 400-ден астамы нақты жұмыс істеп тұр. Азаматтық қоғам құру үшін үкіметтік емес ұйым ашып, оны арнайы базада белгілетіп отыру немесе көзбояушылық үшін бір-екі болмашы іс-шараны өткізе салу жеткіліксіз.
Көпке топырақ шашайын деген ойым жоқ. Алайда, қазіргі таңда жәй ресми тіркеліп, ал іс жүзінде шөп басын сындырмайтын қоғамдық ұйымдар көбейіп кетті. Олай болмайды ғой. Әділет органдарында ұйым ретінде тіркелгеннен кейін бастаған істі әрі қарай ширатып, жобалармен жұмыс істеу керек. «Болашақ біздің қолымызда» корпоративтік қоры өз қызметін 2009 жылы бастады. Өткен маусым айынан бастап жаңа жобаны қолға алдық. Облыс орталығында үкіметтік емес ұйымдарға «бір терезе» ұстанымы бойынша тегін қызмет көрсетуге арналған Азаматтық орталығын аштық.
Жоба Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының мемлекеттік гранты аясында 2019-2021 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Азаматтық орталықты ашудағы негізгі мақсат – облысымыздағы үкіметтік емес ұйымдарды қолдау болып табылады.
Тағы бір айта кетерлігі, орталық өз қызметін тегін жүзеге асырады. Қоғамдық ұйымдарға жобаларға, гранттарға, мемлекеттік тапсырыстарға қалай қатысуға болатынын түсіндіреміз, бухгалтерлік есеп бойынша көмек көрсетеміз. Орталықта күні бойы тегін кеңес беретін есепші отырады. Жүйелі түрде әдістемелік шараларды, дөңгелек үстелдер мен семинар-тренингтер өткіземіз. Үкіметтік емес ұйым ашқысы келетін азаматтар да Көкшетау қаласы, Абай көшесі, 112 үйде орналасқан 208 кабинетке келіп, ақпарат ала алады. Сондай-ақ, инстаграм, Facebook секілді әлеуметтік желілерде де корпоративтік қорымыздың парақшасы бар.
Жақында ғаламторда өз сайтымызды ашқалы жатырмыз.

Келушілерге «Болашақ біздің қолымызда» корпоративтік қорының атқарушы директоры, осы жобаның жетекшісі Жанат Жақыпов заңгерлік кеңес берсе, мен бүгінгі заманның сұранысына сай қолға алуға болатын жобалар жайлы түсіндіремін. Жыл соңына дейін жаңа жобамыздың аясында 15 шақты іс-шара өткіземіз деп отырмыз. Олардың барлығы да азаматтық қоғамды дамытуға үлес қосады деген сенімдеміз.
Бақшагүл НҰРМОЛДИНА,
«Болашақ біздің қолымызда» корпоративтік қорының жобалар менеджері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар