Қазақ поэзиясының беделін биіктеткен байқау

Жуырда Достық үйінде Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының гранттық жобасы аясында республикалық «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясымен бірлесіп өзге ұлт өкілдері арасында «Туған жерім – Қазақстаным» атты поэзиялық байқауын ұйымдастырды.

Әлеуметтік желіде қазақ халқының тілі мен мәдениетін насихаттау бағытында онлайын режімде жарияланған байқауға өңіріміздің 14 пен 29 жас аралығындағы өзге ұлт өкілдерінің көркемсөз оқу шеберлерінен 21 үміткер қатысып, бақ сынады. Олар қазақ ақындарының ел мен жер, Отан тақырыбындағы патриоттық өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Атап айтқанда, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Туған еліме», Қасым Аманжоловтың «Қазақстан», «Отан туралы ой», Күләш Ахметованың «Жан дала – жәннат дала», «Сарыарқа», Мұқағали Мақатаевтың «Райымбек! Райымбек!» поэмасынан үзінді, Төлеген Қажыбаевтың «Көкшетау туралы толғаныс», Қалқаман Сариннің «Желтоқсан алаңындағы жыр», Маралтай Райымбекұлының «Гауһардай жанған Астанам менің» сияқты өлеңдерді жатқа оқу шеберліктерімен көрермендерін тәнті етті. Қазақтың ұлттық киімін киіп, сахна әдебін сақтаған өзге ұлт өкілдерінің өнері сүйсінтпей қоймады.
Байқау шарттарына сай қазылар алқасының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздарды Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Мәрзият Тохаева және республикалық «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің президенті Арман Серікұлы Әубәкір құттықтап, диплом және ақшалай сыйлықтармен марапаттады. Одан әрі қазылар алқасының төрағасы ақын Ерболат Баят сөз алып, байқауды ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді және барлық қатысушыларға сертификаттар табыс етті.
Байқауда Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті жанындағы көпсалалы колледжінің ағылшын тілі бөлімінің 3-курс студенті Анжелика Соколова жүлделі 1-орынды иеленіп, дипломмен және 80 мың теңге ақшалай сыйлықтың иегері атанды. Ол ақын Қасым Аманжоловтың «Қазақстан» өлеңін жатқа оқу шеберлігімен, дауыс мәнері, тіл тазалығы, сахналық киім сәні және сахнада өзін ұстауымен көзге түсті.
Ал, жүлделі 2-орынға Анастасия Бабенко қол жеткізіп, диплом мен 50 мың теңге сыйақыны қанжығасына байлады. Ол Несіпбек Айтұлының «Мәңгілік ел» өлеңін нақышына келтіре оқып, мәтінді таңдаудағы талғамымен көрермендерінің қошеметіне бөленді.
Жүлделі 3-орын Қасым Аманжоловтың «Қазақстан» өлеңін жатқа оқуда дауыс мәнері және тіл тазалығымен танылған Татьяна Смирноваға бұйырып, диплом мен 30 мың теңгені олжалады. Сондай-ақ, «Көкшетау» поэмасынан үзінді оқыған Теа Джолахаева «Көрермен көзайымы» атанды.
Осылайша, өзге ұлт өкілдері арасындағы бірінен-бірі өткен көркемсөз шеберлері тартысты да табысты өткен байқауда көрермендерін қазақтың поэзия әлеміне тағы бір сусындатты. Сондай-ақ, байқауда Біржан сал атындағы музыкалық колледждің студенттері ән мен күйден шашу шашты.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақ тілі ұлтаралық тілге айналуы керек» деген сөзі осы байқаудың нақты негізіне айналды. Өз кезегінде республикалық «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің президенті Арман Әубәкір байқаудың өтуіне қолдау көрсеткен Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы мен Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясына, Біржан сал атындағы музыкалық колледж директоры Саян Мұхамедиярға, қазылар алқасына және өңірлік БАҚ өкілдеріне зор алғысын жеткізді.
Ақмола өңірінде ұйымдастырылған, бабы мен бағы қатар шапқан көркемсөзді жатқа оқу шеберлерінің «Туған жерім – Қазақстаным» атты поэзиялық байқауы жоғары деңгейде өтті, десек артық айтқандық емес. Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп ұйымдастырған республикалық «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің бұл байқауы Ақмола облысымен қоса, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстарындағы өзге ұлт өкілдері арасында да жалғасын тапқанын айта кеткен жөн.

Асылай Қадырқызы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар