Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Батыр. Ғалым. Жазушы - АРҚА АЖАРЫ

Батыр. Ғалым. Жазушы

Кеңестер Одағының Батыры, қазақтың көрнекті жазушысы, әдебиет зерттеушісі, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, КСРО Педагогика ғылым академиясының академигі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері Мәлік Ғабдуллин 15 қарашада 104 жасқа толады. Отан үшін от кешкен Батыр ағамыз әдебиетте де, ғылымда да еселі еңбек етіп, соңында мол мұра қалдырды. Оқырман назарына Мәлік Ғабдуллиннің «Албырт» романынан үзіндіні ұсынып отырмыз.

Мәлік Ғабдуллиннің «Албырт» романы – мемуарлық туынды

М.Ғабдуллин музейінің ғылыми қызметкерлерінің Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасы, ҚР Мемлекеттік орталық мұрағатына 2013 жылғы жасаған іссапар нәтижесінде музей қорына қосылған құнды дүниелердің бірі – Мәлік Ғабдуллиннің «Албырт» романының көшірмесі.
Қырық жылдық шығармашылық ғұмырының негізгі бөлігін ғылымға, одан қала берді педагогикалық, публицистикалық еңбектер жазуға арнаған Мәлік Ғабдоллаұлының ірі көлемді көркем-әдеби туындылар жазуға қарымы жеткенімен, уақыт шіркін дес бермесе керек. Дегенмен, өмірінің соңғы жылдары өз өмірінен алып көлемді прозалық шығарма, дәлірек айтқанда роман жазуды қолға алыпты. Өкініштісі, төтеннен келген ажал Батырға романды аяқтатуға мүмкіндік бермепті, яғни, «Албырт», «Айқас», «Асқақ», «Адуын», «Атой» деген бес тарауы болады деп жоспарлаған романның бірінші тарауын да толық аяқтап үлгермеген.
Жоспарлаған тарауларға қойған атаулардан аңғарылып тұрғандай, өзінің балалық шағынан бастап, басынан кешкен сұрапыл соғысқа дейінгі кезеңді қамтымақ болса керек. «Албырт» – ата-анасының бауырында алаңсыз өсіп жатқан албырт көңіл бала Мәліктің Желтау бауырындағы бұйығы қазақ ауылынан қалаға білім алу үшін аттанбақ болған сәті мен Көкшетаудағы қазына мектебіне қабылданған кезінен басталады. Назарларыңызға Батырдың туған күніне орай аяқталмаған «Албырт» романынан ауылнай сайлауы туралы үзіндісін ұсынып отырмыз. Бұл шығарманың бізде бар нұсқасын алдағы жылы жарық көретін кітапқа енгізуді жоспарлап отырмыз.

Мейрамгүл Жолаушина,
М.Ғабдуллин музейінің қызметкері.

Албырт

(үзінді)

Мәлік Ғабдуллин

Сарымсақтың «керегі бар» деген сөзінің мәні оның өз үйінде, Жанайдың қатшы болуына арналған кеште ашылды. Осы жиында қонақтарын көңілдендіріп отырғысы келді ме, әлде бұрынғы жылпостығын тағы бір көрсетіп қалуды ойлады ма, әйтеуір әңгіменің көбін Сарымсақтың өзі айтып отырды. Оның мұнысын кейбіреулер ұнатқан да жоқ.
– Сәке, ендігі бір сөзді ел ағасы ауылнайдан естиік, – деді Қаратал ауылының жақсысы атанған, ұзын бойлы, қара сақалды Жапар дейтін кісі. Бұл өз ауылында ғана емес, бір болыс көлемінде атағы бар адам болатын. Жігіт кезінде молдалық та құрған, бірақ бертін келе ол қызметін тастап, ел басқару жұмысына араласқан.
–Жәкең дұрыс айтады, – деп Жапарды Қаратай қостай кетті. – Базан қарағым, жоғары жермен араласып жүресің, ел аралайсың, көрген-білгенің көп те шығар. Соларыңды айта отыр.
Базан әңгіме айтуға шорқақ болатын. Сондықтан, Сарымсақтың қонақтарына еш нәрсе айтып жарыта алмады. Өзінің күнделікті көріп жүрген ауылдарының шаруашылық жай-күйі бұл отырғандарға қызық та, жаңалық та болып көрінбеді:
–Айтпақшы, –деді Қаратай, ауылнайдан үлкен бір құпияны білмек болып. – Осы қыста сайлау болады деседі ғой. Базанжан сол сайлауға кімдер түспек?
–Иә, иә, соны айтсайшы, –деді Жапар. Кімдерді сайлайды екен?
–Кімнің сайланатынын қайдан білейін, оны жұрт біледі, –деді Базан қуланған пішін көрсетіп.
– Е, қарағым Базан, –деді Сарымсақ. – Кім сайланады дерің бар ма? Ел құлағы елу деген бар ғой. Бірден-бірге естіліп жатады да сөзі құрғырың. Жел болмай, шөп басы қозғалушы ма еді. Сайлаудың тәртібі туралы «Еңбекші қазақ» газетінде басылған бір мақаланы оқыдым деп маған құдай-ау кім айтып еді. Аты тілімнің ұшында тұрғанын қарашы, қазір есіме түспей тұр.
– Сондай бір қабардың газетке шыққаны рас көрінеді, –деді Жапар. Оны Жаманның Мақашы оқыпты деп маған Беркімбай қатшы айтты. Осы қыста ауылнайларды, кеңес мүшелерін сайлайтын болсақ керек. Кәзір кейбір ауылнайлар сол сайланатын адамдардың және сайлаушылардың тізімін жасауға кірісіпті деседі.
– Міне бұл рас сөз болды, –деді Қаратай. –Базанжан, бізден жасырмай-ақ қой, жаңағыдай жұмысты сен де жүргізіп жатқан шығарсың. Соны айта отыр.
Базан ойланып қалды. «Сайлаудың болатыны жұртқа белгілі, ал тізімнің жасалып жатқанын бұлар қалай білді екен? Жанай бірдеме деп жүрмесе не қылсын» деп ойлаған Базан, жұртқа белгілі болып қалған сайлау жайын сөз етті. Бірақ, оның бұл әңгімесі жұртты қанағаттандырмады. Өйткені, олардың білгісі келіп отырғаны тізім жайы, сайлануға ауылнайдың кімдерді ұсынғандығы болып тұр.
– Сайлаудың болатынын анада өзің де айтқансың. Оны жұрттың бәрі біледі, –деді Сарымсақ, Базанды өзіне жақын тарта сөйлеп. Осы отырған ағайындардың білмек болып отырғаны алдағы сайлауға кімдер түсетіндігі ғой. Соны айтсаң екен.
Енді жалтарудың ретін таппаған Базан шынын айтты. Алдағы сайлауға кеңеске мүше болу үшін кімдерді ұсынбақ ниеті барын да айтты. Бірақ, олардың ішінде осы отырғандардың бірде-бірі жоқ болып шықты.
–Базанжан, –деді Қаратай. Кімдерді сайлатам десеңде ол өз қолыңдағы нәрсе ғой. Бірақ, осы ретте біз саған ағайыншылық жөнімен бір ақыл берер едік. Егер оны тыңдасаң…
–Айтыңыз, айтыңыз. Ақылдасқанның еш айыбы жоқ, –деді Базан.
–Айтсам, ел басқару оңай жұмыс емес, –деді Қаратай. Сен ауылнайсың, ойға алғаныңды жүзеге шығару үшін қолдайтындарың болу керек. Сондықтан кеңес мүшелерін мұқият сайлап ал. Сол сайлатып алған адамдарыңның ел ішінде беделі болсын, айтса сөзі өтетін, күштесе қолы бататын болсын. Онсыз ел басқару қиын. Кеңеске мүше етем деп отырған жаңа өзің атаған адамдардың көпшілігі оған жарамайтындар. Өзіміздің Ұялыдағы Мұсабайды, осы ауылдағы Смағұлды алайық. Бұл екеуінде кеңеске мүше етпек ойың бар. Шынын айтайын осы екеуінің қолынан келетіні қой бағу, ал үкімет жұмысы олардың теңі емес. Ондайларды ешкім тыңдамайды. Ендеше, кеңеске кімдердің ылайық екенін бәріміз ақылдасып атайық.
–Иә, солай еткен дұрыс. «Кеңеспен кескен бармақ ауырмас» деген ғой. Ақылдасқанымыз жөн, ол ауылнай саған ғана керек жұмыс емес, –деді Сарымсақ.
–Жарайды, ақылдасу керек дегендеріңіз орынды сөз. Сонда сіздердің кімдерді атамақ ойларыңыз бар, –деді Базан.
–Бұл туралы, қарағым Базан, бағанағы әзірде, әңгімелесіп алып едік, – деп ендігі сөзді Бозтай бастап кетті. – Осы отырғандар алыс адамдар емеспіз, ағайынбыз, аталаспыз. Сенің ауылнай болып арамызда жүргеніңе бәріміз қуаныштымыз. Мына Қарекең дұрыс айтады, ауылнайға көмекші болатын кеңес мүшелерін елге белгілі, беделді адамдардан сайлап алғаның жөн. Ондай адамдар деп қасыңда отырғандардан біз Жапарды, Қаратайды, Сарымсақты және де Ұялыдағы Төлен мен Нұржанды, осы ауылдағы Қапарды, Әлжанды атар едік. Міне бұлар ауыл кеңеске әрі ақылшы, әрі көмекші болатындар.
Бозтайдың сөзін басқалар да қостайтын ыңғай білдірді. Тек Сарымсақ қана өзінше саясат жасап: «мені қайтесіңдер, Жанай бар ғой. Әкелі-балалы болып бір үйден екі адамның сайланғаны келіспес» деді.
Жаңағы айтылғандардың бәрін Базан сыр білдірмей, сұлық қана тыңдап шықты. Сол жерде ол «болады, болмайды» деген де жоқ. Бар айтқаны: «ойланайық, тағы да ақылдасайық» болды.
–Көп ойланатын дәнемесі жоқ,-деді Қаратай. – Бәрі ойланған, біз сенің қамыңды алдын ала қарастырғанбыз. Жаңағы айтқанымызды өз пайдаң үшін есіңе ұста, ұмытпа.
Сол күні кеште Базанға айтылған сөздер осымен аяқталған еді. Қонақтар жатар алдында далаға шықты. Базан пәтеріне қайтты. Ол біразға дейін ұйықтай алмай, ой дария-сына түсіп кетті. Оны көп ойландырған Сарымсақ үйіне жиналғандардың сөзі болды. «Жаңағы адамдардың бәрі де ағайындастар. Олар кеңестің мүшелігіне кімдерді сайлау керектігін айтты, ақылын берді. Олардың мұнысы шынымен кеңес жұмысына жаны ашығандық па, әлде басқа бір гәбі бар ма? Басқа ойлары болса қандай, бәлкім өздерінің ағайынына, яғни маған, жамандық істейміз дей ме? Жоқ, олай емес шығар. Апырай, олардың бұл сырын қалай білсем екен, кіммен ақылдассам екен. Осы жаққа волкомның қатшысы Жұмабеков келемін деп еді, ол кісі де кешеуілдетіп жатыр-ау. Тезірек келсе екен, ақылдасып, барлық жайды айтып, өзінен жөн-жоба сұрап алатын» деп жатып Базан ұйықтап та кетті.
Сарымсақтың қонақтары және осы ауылдан Қапар, Бозтай, Әлжан болып ертеңіне тағы да бір рет өзара әңгімелесіп алды. Бұл жолы олар алдағы сайлауға сайлануға тиісті адамдардың тізіміне өткен түнде Базанға өздері атаған кісілерді алдын ала енгізіп қою жайын мәслихаттасты. Және де бұл істі Сарымсақ арқылы Жанайға айтып орындатпақ болды. Кейіннен Жанай мұны мүлт еткізбестен орындап та шықты. Бірақ, сайлау кезінде олардың бірде-бірі сайланбады, қалып қойды. Оған себеп волком хатшысы Жұмабеков болды.
Жұмабековты байлар, атқамінерлер, молдалар жақтырмай, «Қаһар, жаһаннам» десетін. Олай аталу себебі де бар еді: Жұмабеков қаршадай басынан тұрмыстың ауыр зардабына тап болды. Ол бес жасында әкеден, тоғызында шешеден жетім қалды. Ауыл арасында ағайын-туыстарына қолбала болды. Қозы бақты, қой күзетті, буыны бекіп, бұғанасы қатқан кезде Танаш дейтін байға жалшылыққа тұрды. Осыдан былай ол жалшы өмірінің ащы дәмін татты. Қожасы да және оның үйіне келетін қонақтары да жас жалшыны адам деп есептемеді, тіпті Қапан дейтін атынан да айырылды, ол бай үйінде Қапан атанбай Қатпар атанып кетті. Сөйткен Қапанды 1916 жылы Танаш бай өзінің баласы Бектастың орнына солдатқа жіберді. Солдатқа кеткен Қапан еліне 1920-жылдың жазында оралды.
– Сен қай жақта болдың, қайдан келдің, не істеп жүрсің? –деген сұраулар елге келген Қапанға көптеп қойылатын болды.
– Ойбай, қайдан келдің дерлерің бар ма? –дейді Қапан. Көп жерде болдым, көп жердің дәмін таттым. Соның ішінде Ленин дейтін батырдың қарамағында болдым. Ол кісі патшаны құлатқан, кедейлерге теңдік әперген батырдың өзі. Мен сол Лениннің партиясына мүше болып кірдім.
– Е, сен әлгі большой бексің бе? – Соның нағыз өзімін, –дейді Қапан.
Осыдан ары қарай ол Ленин туралы, большевиктер партиясы мен Совет өкіметі туралы ел еңбекшілеріне түсінікті етіп неше қилы әңгімелер айтып береді. Сөйтіп жүрген кезде Қапанды Қызылжарға шақырып әкетті. Кім шақырғанын, неге шақырғанын ел адамдары білмей де қалды.
Қызылжарда совпартшкола дейтін оқу орны болатын. Онда партия, совет қызметкерлерін даярлайтын. Бұл мектептің қасында қысқа мерзімді курстар да болды. Сондай курстардың біріне Қапан Жұмабеков те алынды. Курста ол алты айдай оқыды да, Бостандық болысына болыстық партия ұйымына хатшы болып келді. Ол кезде жұрт болыстық партия ұйымын волком деп атайтын.
Волкомға хатшы болып келген Қапан, алғашқы күннен бастап ел еңбекшілерінің арасында аса көп жұмыстар жүргізді, олардың саяси, таптық сана-сезімін ояту, ауылдарда партия, комсомол ұйымдарын құру, совет қызметін жандандыру секілді жұмыстарды қолға алды. Бұл жолда ол ауылдағы кедей шаруаға, азаматтарға арқа сүйеді, солардың басын қосып, жұмысты қалай істеу жөнінде бағыт беріп отырды. Ол байларға, атқамінерлерге жаны қарсы болды.
Осыдан біраз уақыт бұрын болыс кеңсесінде өткізілген мәжілісте Қапан Базанды кездестіріп, екеуі жиын соңында оңаша қалып, ауылдық кеңестің жұмысы туралы көп сөйлескен. Сол кездесуде: «Жақын арада ауылдарыңа барып қалармын» деген еді Қапан.
Арада біраз уақыт өткізіп барып, Қапан Бұлақтағы ауылдық кеңеске келді. Кеңестің жұмысымен танысты. Ауыл адамдарын жинап, оларға алдағы сайлаудың мәнін және оны өткізу тәртібін түсіндірді. Жиналыстан соң Қапан мен Базан оңаша қалып тағы да көп жайларды сөз етті. Осы тұста Базан алдағы сайлауға байланысты бір топ ағайын-туысының өткен жолы, Сарымсақтың үйінде, өзіне берген ақыл-кеңесін мәлімдеді. Оның бұл әңгімесін зейін сала тыңдаған Қапан: –Жапар мен Қаратайды білемін. Ал басқалары кімдер? –деді.
Қапанның бұл сұрағына Базан жауапты ұзағынан қайырды. «Ауылдық кеңеске мүшелікке жарайды» деп ағайын-туыстар ұсынған Әлжан, Бозтай, Төлен, Қапар, Ержан, Сарымсақтардың кім екендігіне, олардың әрқайсысы өткен кезде немен кәсіп еткендеріне, ал кәзір қандай күйлері барлығына айрықша тоқтап, жеке-жеке сыпаттамалар берді. Аталған адамдардың барлығы да кілең пысық, жылпостар болғанын, қамшы ұстап кісі еңбегін пайдаланып келгенін, бұл соңғы әдетін жасырын түрде болса да осы күнге дейін қолданып отырғанын айтты.
–Әңгіме түсінікті, –деді Қапан. –-Жаңағы айтқан ағайындарыңның ауылдық кеңеске мүше болуды көздегендегі мақсаты халыққа қамқоршы, кеңес үкіметіне берілген белсенді қызметкер болу емес. Олардың мақсаты: кеңес мүшесі деген атты өз мақсаттарына пайдалану. «Осы мақсатымызға жетсек, жасырын түрде болса да жалшы жалдай аламыз, кеңес үкіметінің байларға қарсы жүргізетін қандай саясаты барлығын алдын ала біліп отырамыз» деп ойлайды олар. Ендеше, мұндай адамдарды кеңеске мүше етіп сайлауға болмайды.
–Бәрі бірдей бай емес қой, –деді Базан. –Ішінде Сарымсақ, Әлжан секілді орташалары да бар. Оларды қайтеміз?
–Әл-ауқат жағынан олардың бірдей еместігі рас. Бірақ, көбінің әлеуметтік көзқарасы, ой-пікірі ескі өмірде жатыр, ескі дүниені көксейді. Советті жеккөретіндігін ашып айтпаса да, онысын ішіне сақтап келеді. Екіншіден олардың біразы Жапар мен Қаратайдың қолшоқпары. Бұл соңғы екеуі кеңеске өздері мүше бола алмаған жерде басқаларды пайдалануға тырысады, соған күш салады. Олар өздері қалаған адамдарын кеңеске мүше етіп сайлатып алса, «мақсатымызға жеттік» деседі және еңбекші халықтың арасына іріткі салып, совет өкіметінің жұмыстарына қарсы әрекет жасатуды көздейді. Сондықтан мұндай адамдарды, әсіресе, Жапар мен Қаратайды кеңеске мүше етіп сайлатудың реті мүлде келмейді.
–Жапар мен Қаратайдан басқаларының кейбіреуін сайлауға болады екен ғой?, –деп Базан қалжың айтты.
–Жоқ, олай деме. Әрине, осы атаған адамдарыңның ішінен алдағы бір кездерде кеңеске сайланатындары да болар. Оны уақыт көрсетер. Ал, жаңа өзің айтқан Төлен мен Сарымсақты алсақ, бұл кісілер әлі де Жапарлардың ықпалынан шығып кеткен жоқ. Бәлкім, болашақта Төлен де советке шын берілген адамдар болуы да мүмкін. Бұл ондайлармен түсінісе жұмыс істеу, өзімізге қарай тарту қажет.
Қапан мен Базанның оңаша отырып сөйлескен осы сөздерінен кейін үш айдан соң сайлау да болып өтті. Сайлауды өткізу үшін уәкіл ретінде Жұмабеков Қапан келді. Ауылдық кеңеске төрағалыққа Базанның өзі қайта сайланды, кеңестің мүшелігіне еңбекші шаруалар өтті. Бұлардың ішінде анада Жапарлар айтқан адамдардың бірде-бірі жоқ еді.

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар