Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Әл-Фараби – араб тілінің білгірі әрі ақын - АРҚА АЖАРЫ

Әл-Фараби – араб тілінің білгірі әрі ақын

Әбу Насыр Әл-Фараби алуан түрлі ғылымдардағы біліктілігімен бірге араб тілінің білгірі әрі талантты ақын да болатын. Тіпті араб грамматикасының әл-Мубарридтен кейінгі ірі өкілі Ибн әс-Сарадж замандасы Әл-Фарабимен бірге сұхбаттас болғанда ұлы данышпан оған грамматикалық қағидаларды жатқа айтып берсе, ал әс-Сарадж өз кезегінде логика ілімін оқып беретін болған.

Сонымен қатар, ол даналық пен тақуалық мағыналарға толы өлең шығара білетін дарынды шайыр да еді. Ол пәни дүниенің жалған қызықтарынан бойын аулақ ұстап, саф таза рухани әлемге ден қойып, рух азығын тән азықтарынан биік қойды. Оның өлең туындылары жер бетіндегі тақырыптар емес, иләһи әлеммен байланыстылық бар. Сондықтан да, оның өлеңдері басқа философтардың шығармаларына оқ бойы озық тұр. Солардың бірі төмендегідей:
Ей, достым! Жалғандыққа жуымағын,
Көтеріп ақиқаттың ақ туын алғын.
Бұл дүние бізге мәңгі болмас мекен,
Пенде һәм жерде бақи болмайды екен.
Әл-Фарабидің осындай өлеңдері оның өресінің биіктігін, дүниелік жалған қызықтардан аулақтығын білдіреді, рухани әлемнің ұшар биігіне жеткендігін паш етеді. Дүние мәңгілік мекен емес өткінші, жалған әлем, сондықтан да әрбір ақылды жан осынау жалған пәни дүниені тәрк етіп, рухани тазалыққа, бекзаттыққа бет бұруы тиіс, шыншылдар мен шәһидтердің шың-мәртебесіне шарықтап шығуы тиіс деп тұрғандай автор. Әл-Фараби әрдайым пәни дүниелік пендешілік қасиеттерден қалыс қылуын сұрап, шынайы түрде Алла Тағалаға жалбарынатын, күндіз-түні дұға қылатын. Жаратқаннан күнә-қателіктерден тазартып, айқындыққа бастайтын таза ақыл нәсіп етуін сұрады. Тегінде тылсым дүниенің құпия-сырларын білуге деген зор ынтықтық оны түрлі білімдерге жетеледі, даналық пен хикметтің саф бұлағынан сақи сусындауға апарды. Осылайша Әл-Фараби адамның әу бастағы жаратылыс материясы – топырақ пен төмен деңгейлерден бойын аулақ ұстап, рухтық рахатқа, ақыли биік дәрежелерге жетті. Оның дәйім аузынан тастамайтын мінәжат-дұғаларының бірі мынадай болатын: «Уа, Алла! Уа, болуы сөзсіз міндетті һәм болуының ешбір себеп-салдары жоқ, әзәлдән (басталуы жоқ мәңгіліктен) бар әзіз Иләһім! Пендеңнен надандық пердесін сыпырып, пәнилік кінәраттардан пәк ете гөр. Өзің разы болатын іс қылуыма нәсіп ет!
Уа, Алла! Мәртебемді биік ет! Әр ісімнің соңын қайырлы қыл! Мақсат-мұраттарымды асыл қылып, іске асыр! Уа, шығыстар мен батыстардың Иесі! Уа, Раббым! Бойыма тектілік пен бекзаттықты сіңіргейсің, пайғамбарлардың кереметтерін көрсеткейсің, байлардың бақытын бергейсің, данышпандардың даналығын дарытқайсың, тақуадарлардың тақуалығын танытқайсың!
Уа, Алла! Пәни жалғанның ғапылдығынан сақтап, таза ақылдың иелерінен қылығайсың! Аспан әлемінің тұрғындарының әулиелігіне, шыншылдар мен шәһидтердің мәртебелеріне жеткізгейсің. Шын мәнінде Сенен басқа ешбір құдай жоқ. Әр нәрсенің себеп-салдары Сенсің, аспан мен жердің нұры Сенсің!
Маған ақиқатты ақ қылып көрсет һәм соның соқпағындағылардан қыл! Жалғанды жалған етіп көрсет һәм оның жолынан жырақ қыл! Уа, Алла! Өзіңе деген тақуалығымды адасудан арашалайтын алдаспаным қыл! Расында Сен әрбір нәрсені толық Білушісің!
Уа, Алла! Нәпсілік нақұрыс сипаттардан, надандықтан құтқара гөр! Өзіңнің биік дәрежелеріңе жеткізіп, дәргейіңе жақындат.
Уа, Алла! Өзің сыйлаған рухымды тазартып, сол арқылы жарылқа. Даналықтың ең биік деңгейіне жеткізіп, пәкизат періштелеріңнің әлеміне жақындат.
Уа, Раббым! Өткінші қызықтарға қарсы күресімде өзіме ыстық қайрат, керемет күш-қуат бер! Туралыққа бастап, иманымды тақуалықпен берікте! Жанымды дүниеге деген құштарлықтан құтқарып, пәнилік пенделіктен, ластықтарынан айықтыр. Жанымды биік рухтардың әлеміне бастағайсың! Шынында мені туралыққа бастап, қамқорлыққа алатын, пана болатын тек бір Өзіңсің!».
Расында да Әл-Фараби қазақ халқының ғана емес, жалпы мұсылман үмметіне, барша адамзатқа ортақ тұлға, ортақ мақтаныш. Ұлы ұстаз һижраның сексенінші жылында Дамаск шаһарында дүниеден озды. Оған Алланың рахымы болсын!
Интернет материалдары бойынша дайындаған
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар