Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейінде Қазақстан Жазушылар одағы және Журналистер одағының мүшесі, Парламенті Сенатының V-VI шақырылымдарының депутаты Жабал Ерғалиевпен кездесу өтті. Бұл туралы кітапхананың баспасөз қызметі хабарлады.
Іс-шараны ашқан Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова:
– Қаламгерлік – қиындығы мен қызығы мол, жан-жақты білімді талап ететін жауапты сала. Ел игілігі үшін қызмет ететін осы саланың мамандары шығармашылығы арқылы адамзат санасына оң ықпалын тигізіп қана қоймай, жаңалықтың жақтаушысы, жаңаның қолдаушысы ретінде қоғам өмірінен ерекше орын алады. Халықтың мәдениеті мен руханиятын терең қастерлеген сондай жанашыр азаматтардың бірі – Жабал Ерғалиұлы. Ол кісінің қаламынан тамған туындыларды бүгінгі қазақ әдебиетінің құнды қазынасына балауға болады, – деп жазушыға құрмет білдірді.
Келелі кездесуге «Болашаққа жол өзіңнен басталады» семинар-тренингінің тыңдаушылары, Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті, SILKWAY халықаралық университетінің студенттері, бас қаланың белсенді жастары қатысты.
– Екі күннің көлемінде білім қорын барынша жан-жақты толтыруға тырыстық. Семинар-тренингтердің аясында біз Жастар жылы мен Еріктілер жылына арналған жобаларды жүйелеп, оларды түрлі өңірлерден келген студенттермен бірге қорғадық. Танысудың арқасында достар қатарын толықтырып қана қоймай, ақыл-парасатымен бой түзетер беделді азаматтардың есімін де, өсиетін де біліп жүретін болдық. Бағдарламамыздың оқумен ғана шектелмей, рухани, мәдени азық берер қызық шаралармен толықтырылғанын Елбасы кітапханасының бізге деген құрметі деп білеміз. Семинар-тренингтің сапасы мен тиімділігін студенттер қауымы да, бізбен келген ұстаз мамандар да бір ауыздан жоғары бағалады. Бұл бас-тамамен жастарға қамқорлық жасап отырған Тұңғыш Президентке басымызды иіп, семинарды ұйымдастырған Елбасы кітапханасына зор алғысымызды білдіреміз, – деді 4-курс студенті, қарағандылық Жалғас Төлебаев.
Жастарға ризашылығын білдірген Жабал Ерғалиұлы өсиетімен оларды қанаттандырды және рухтандырды:
– Кездесудің маңызы терең мағынаға ие. Бұл күннің өзі тарихи сәт екенімен тыңдаушылардың келісетініне сенімдімін. Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздік күні мерекелері қарсаңында еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастардың Елбасы саясатын қолдайтынын көріп, іштей қуандым. Себебі, егемен елдің бүгінгі буыны Елбасы мен тәуелсіздік ұғымдарының тығыз байланысын мойындап қана қоймай, мемлекеттің ертеңі мен халықтың мүддесін өз жауапкершілігіне алуға дайын. Ұлт жанашырлары мен отансүйгіш жастардың сұхбатын жүзеге асырған Елбасы кітапханасына алғысым мол. Керегеміздің мықты, шаңырағымыздың биік болғанын тілеймін!
Жабал Ерғалиұлы – танымал журналист, жазушы-драматург және қоғам қайраткері. Ол «Құрмет» ордені, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Қазақстан Конституциясына – 10 жыл», «Астанаға 10 жыл», «Қазақстан Республикасына 20 жыл» мерейтойлық төсбелгілерінің иегері, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты. Кездесу барысында жазушы кейінгі буынды шығармашылығымен таныстырып, олардың назарына туындыларын ұсынды.
Бүгінде оның «Қазақтың Қарасай батыры», «Сөне көрме, жұлдыздар», «Ұлтым менің, ұлысым менің», «Хан көтерген ел едік ер ұланын», «Бұлтты түнгі толған Ай», «Жолсапар жалғаса береді», «Тәуелсіздік толғауы», «Әлемді жүрегіне сыйғызған», «Құлпытастың көз жасы», «Лето без дождя» кітаптары, «Соңғы тұяқ», «Ескі арба» повестері оқырмандарға жол тартып үлгергені белгілі. Олардың қатарынан «Бұлтты түнгі толған Ай», «Тойғандар мен тозғандар», «Жетім тағдыр» атты драмалық шығармалары театр сахналарында қойылып келеді.
(«Егемен Қазақстан» газеті,
7 қараша).