Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Балалар қорлық көріп жыламасын! - АРҚА АЖАРЫ

Балалар қорлық көріп жыламасын!

Бұл күнде тұл жетім азайды. Есесіне, тірі жетім көп. Осы мәселе көкейімде көптен бері жүргенімен, бұл тақырыпта мақала жазуға жүрексініп жүретін едім. Бәлкім, қоғамда болып жатқан қатыгездіктерге көзжұмбайлықпен қарау оңай болғандықтан шығар…

Басым көпшілігіміз осындаймыз. «Бізде бәрі жақсы!» деуден жаңылмаймыз. Солай болса ғой, шіркін. Бірақ, жанымызда жантүршіктірер сұмдық жағдайлар болып жатқанда селқостық танытудың өзі қорқынышты…

Иә, рас, отбасы тақырыбы өте нәзік мәселе. Әркімнің басында әртүрлі жағдай бар. Жүрек болғасын әркімді ұққың келеді, жағдайына бойласам дейсің. Ал, бірақ, ой-санаң ұға алмайтын, біз түсіне алмайтын бір мәселе болса – ол ананың балаға деген қатыгездігі.
Жасырары жоқ, туған ата-анасынан балаға қауіп төнген заман болды. Құдай сақтасын, безбүйрек аналар баланы туа салысымен қоқысқа, тіпті әжетханаға лақтырып кете беретін болды. Ең қорқыныштысы – мұндай сұмдыққа етіміз өліп кеткен. Өз баласына қорлық көрсете отырып, оны видеоға салып, мазақ қылғандар жетіп артылады. Анандай сұмдықты көруге жүрек шыдамайды. Ал, мұндай озбырлыққа жол берген әйелде жүрек бар деуге бола ма?
Ұлттық тәрбиені айтасыз, баласынан безбей бауырына басқан анадан айналып кетуге бармыз. Біз неге осындай сорлы халге түстік екен? Кешегі «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» заманында да, сұрапыл соғыста да баладан безбеген халық едік қой? Сәбиге қиянат жасағандар бұ дүниенің бақытын не деп ұғынады екен? Өзге-өзге, балалар қорлық көріп жыламасыншы деп тілеймін іштей осындайды көрген сайын!
Соңғы бір-екі күнде желіде әйелдің кішкентай қызға қатыгездік танытып, түрлі сұмдық әрекеттер жасап қорлаған видеосы тарап кетті. Ол баланы аяғымен таптап, артынша бетіне отырып алады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Қазақстандықтар WhatsApp мессенджерінде әйелдің балаға жасаған сұмдық әрекеттері түсірілген видеоны жарыса таратуда. Ондағы хабарламада қыз баланы аяғымен таптап, артынша тұншықтыру үшін, бетіне отырып алған әйелді іздеп табу сұралады. Артынша, «Metro» басылымында оқиғаның АҚШ-тың Корпус-Кристи қаласында орын алған болуы мүмкін екені туралы ақпарат пайда болды. Өзге елде болып жатқан сұмдық жағдай болса да, ешкімнің басына бермесін. Мұндайды әжем көрсе, «бетін аулақ қылсын!» деуші еді!..
Осы ақпарат агенттігінің сайтынан Ұлыбританияның Шеффилд қаласында екі ұлын өлтірген егіз әйел мен ер азаматқа қарсы сот үкімі шығарылды, деген ақпаратты оқыдық. 35 жастағы Сара Баррас 20 жыл бойы бір анадан туған сыңары Брэндон Мачинмен көңіл қосып, бірге тұрып келген. Осы уақытта бұл жұп 6 бала сүйіп үлгерген, ал ең үлкен ұлының жасы 14-те болған көрінеді. Баррас егер басқалары оның өз сыңарынан сәби көтергенін біліп қойса, балаларынан айырылып қаламын деп қорыққан. Сол себепті, ол өз балаларын өлтіріп, артынша өзіне-өзі қол салмақшы болған. Бұған оның жұбы Мачин көмектесемін деп уәде берген. 23 мамыр күні егіздер өздерінің жасы үлкен балаларын түрлі дәрілермен уламақшы болады, алайда, дәрілер әсер етпепті. Ақырында Баррас пен Мачин екі ұлын қолдарымен буындырып өлтірген. Ал, үшінші ұлын ваннаға батырмақшы болған олар артынан бұл ойларынан бас тартады. Балалардың анасы полицияға өзі хабар беріпті. Егіздерге 6 адамды өлтірмекші болып сыбайласқан және 5 адамды өлтірмекші болған деген айып тағылған. Баррасс пен Мачин өз кінәлерін мойындапты. Сот оларды 35 жылдан астам уақыт бойы бас бостандығынан айырған.
Өзге елде болып жатқан жағдайлар демеңіз, біздің елде де осындай озбырлықтың талайы бар. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысында 7 жасар баласын өлімші етіп сабап, ыстық сумен күйдірген келіншектің әрекетін қалай атауға болады? Ағымдағы жылы алматылық әйел туған қызын балғамен ұрып, бес жыл азаптағаны туралы ақпарат тарады…
«Жауыз ана баласына қайшымен 90-ға жуық ауыр жарақаттар жасаған. Оған себеп болған: баланың ана сүтін еміп жатқанда кеудесін қатты тістеп алуы. Баланы қансырап жатқан жерінен үйінен алыс емес жерден аула сыпырушылар тауып алған. Аллаға шүкір бала тірі. Жауыздық деген осы шығар. Ана түгілі, хайуан да олай істемес еді». Тағы бір мысал «Адам шошырлық оқиға Талас ауданының Үшарал ауылы маңында болды. Жасы елуден асқан әйел көршісінің көлігін жалдап жүкті қызын ауруханаға апара жатыпты. Ауылдан шыға бере мектеп оқушысының толғағы қысып, машинаның ішінде-ақ босанып қалған. Ал, анасы көлікті тоқтатпаған күйі шақалақты терезеден лақтырып жіберсе керек. Тас жолға басымен түскен нәресте сол жерде шетінеген. Қансырап қалған 16 жастағы қыз ауруханаға жеткізілді. Осы жайтты дәрігерлерден естіген тәртіп сақшылары көп ұзамай жолдың бойынан сәбидің өлі денесін тауып алады. Қазір кәмелет жасына толмаған ана ем алуда. Ал, оның шешесі қамауда отыр».
Осындай сұмдық жағдайларды жалпы, өз баласын қоқысқа лақтырған жандар жайлы жерден жеті қоян тапқандай теледидардан, әлеуметтік желілерде жарнамалап, апта бойы, ай бойы көрсеттік. Оларды жерден алып, жерге салып, айтпаған сөзіміз қалмады.
Бірақ, ең басты назар аударылуы тиіс мәселені тағы ұмытқан сияқтымыз. Тасбауыр ана қайдан шықты? Оның арамыздан шыққаны анық болса, оларды кім тәрбиеледі? Оларды тәрбиелеген де, осындай етіп қалыптастырған да бүгінгі қоғам!
«Алып анадан туады» деп дәріптейтін «жатыры асыл» аналарымыз өз ұрпағын өлімге қиятын жағдайға жетті. Кешегі абзал ана бүгінде ажал себепшісі болғаны қалай?
Ой санасы қалыптасқан, балаң мінезді қыз балалардың жаза басуы бөлек әңгіме, ал, отбасылы аналардың өз балаларын қорлауын қалай түсіндіруге болады?! Өткенінен түңілген, болашағым бұлыңғыр деп өмірге өкпелі, ызалы, ашынған аналар бар ашуын баладан алғаны ма?
Бәрінен де балаларды айтсаңызшы, олардың не кінәсі бар екен. Қыздар-ау, біз анамыз ғой, абзал анамыз, қазақтың анасымыз, осыны ұмытпайықшы!..Р.S. «Маңдайыңнан көр, мойыныңмен көтер» дейді қазақ кез-келген сын сәт болған жағдайда. Ана болу – Тәңірдің сыйы. Жалғанда балалар қорлық көрмесінші деп тілей бердім тағы да…

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар