Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Польшада өткен «Балалар Евровидениесінде» екінші орын иеленген Ержан Максимді құттықтады. Президент құттықтау сөзін өзінің Twitter парақшасында жариялады.
«Ержан Максим беделді Junior Eurovision ән байқауында жүлделі екінші орынға ие болды. Бұл теңдесі жоқ, тамаша жетістік! Сені, ата-анаңды және ұстаздарыңды осындай маңызды жеңіспен құттықтаймын. Алар асуларың биік болсын! Алға!», – деп жазды ол.
Қазақстан алғаш рет бұл беделді ән байқауына 2018 жылы қатысқан. Ол кезде 12 жастағы Данэлия Тулешова «Өзіңе сен» әнін орындап, алтыншы орын иеленген еді. Ал Ержан Максим «Голос. Дети» музыкалық шоуы 6-кезеңінің жеңімпазы ретінде танымал. Ол 2007 жылы Орал қаласында дүниеге келген. Төрт жасынан бастап ән айтады.