Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тоқсан жылғы тарихы бар мектеп - АРҚА АЖАРЫ

Тоқсан жылғы тарихы бар мектеп

қырық бес жыл бойы күрделі жөндеу көрмей келеді

Ауыл – Алаштың күретамыры. Бүгінде ауылдың халі онша бапты емес екені рас. Қазіргі қазақ ауылдарының басым көпшілігінің экономикасы әлсіреп, әлеуметтік жағдайы жадау күй кешкен. Ауылға деген әлі де болса жеткіліксіз көзқарас елдегі барлық мамандықтар өрісін тарылтып отыр. Әсіресе, ауылдағы балалардың санасына сәуле құйған ұстаздарды көргенде ерекше алғыс сезіміне бөленесіз. Осы орайда, ауыл мектебінің бүгінгі тыныс-тіршілігінен сыр суыртпақтайық деген ниетпен біз Зеренді ауданы Абай орта мектебіне барып қайттық.

Алдымен көзге түскені – мектеп терезелері мүлдем ескірген, тіпті кейбірі салафанмен қапталыпты. Жасырары жоқ, әбден тозығы жеткен мектептің материалдық-техникалық базасы да сын көтермейтінге ұқсайды. Осыған қарамастан, мектеп ұжымы өзінің білім деңгейімен, жаңашыл бастамаларымен аудандағы таңдаулы білім ошақтарының бірінен саналады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған негізгі қағидаттарды жүзеге асыру, оны насихаттау мақсатында құрылған «Рухани жаңғыру» кабинеті де Зеренді ауданында алғаш осы мектепте ашылған. Мектептегі «Адалдық дүкені» де осындай игі бастамалардың бірінен саналады.
Мектеп оқушыларының білім сапасы ойдағыдай болғанымен, бұл білім ошағында күрмеулі мәселелер де жоқ емес. Соның бірі – мектепке 45 жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілмегенін айтсақ та жеткілікті. Мектеп директоры Қаныбек Біләловтың айтуынша, білім ошағының қазіргі ғимараты 1974 жылы қаланған. Содан бері мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген.
– Өзім бас-көз болып жүрген мектепте барлық жағдайдың болғанын қалаймын. Өйткені, мектеп пен мектеп оқушыларының абыройы ұстаздар қауымы мен менің абыройым. Мектепте мәдени, рухани іс-шараларды дәстүрлі түрде атап өтіп тұрамыз. Бұл өз кезегінде ұлттық сананы қалыптастыратын үрдіс болып қана қоймай, мектеп ұжымы мен ата-аналар арасындағы байланыстың алтын көпірі әрі тәлімді тәрбие қызметін атқарады.
Оқушыларымыз аудандық, облыстық білім сайыстарына қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Мәселен, өткен оқу жылында аудандық «Адал ұрпақ» ерікті клубының слеті өтті. Осы шараға мектептің 8-сынып оқушылары белсенді қатысып, жүлделі 2-орынға ие болды. Сонымен қатар, оқушылардың өздері құрған КТА командасы аудандық турнирде 1-орынды жеңіп алып, облыстық «Жайдарман» ойындарына жолдама алды, бірнеше турдан сәтті өтіп, ақпан айында өтетін ширек финалда өз өнерлерін көрсететін болады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мектебіміздегі «Нұрлы шаңырақ» отбасылық клубы құрылып, клуб мүшелері облыс орталығында өткен «Отбасылық қарым-қатынас клубының үздік портфолиосы» атты облыстық байқауға қатысып, жүлделі үшінші орынға ие болып, ақшалай сертификатпен марапатталды. Футболдан ұлдар мен қыздар арасындағы өткен аудандық спартакиадаға Абай орта мектебінің оқушылары да қатысты. Ер балалар командасы 3-ші орынды иеленсе, қыз балалар жүлделі 1-ші орынға ие болып, облыстық спартакиадаға жолдама алды. Өткен оқу жылында Алмас Ұзақпаев есімді оқушымыз облыстық пән олимпиадасына қатысып, жүлделі орыннан көрінді. Өнерпаз ұл-қыздарымыз көп. Бір ғана мысал, мектептің би ансамблі, «Ақ шағала» облыстық хореографиялық байқауында жүлделі 1 орынмен марапатталды.
Ықылым замандардан бері ауыл мектебі тәлім мен тәрбиенің, білім мен ғылымның қара шаңырағы болған. Биыл біздің мектепке 90 жыл толып отыр. Біз отырған білім ошағының ғимараты 1974 жылы 350 оқушыға лайықталып салынған. Қазіргі таңда 121 оқушы оқиды. Мектеп жанында 3-5 жас аралығындағы бүлдіршіндерге арналған шағын орталық бар. Ол жерде 50 бала тәрбиеленуде. Елу бір қызметкер жұмыс істейді. Олардың 31-і педагог. Жасырары жоқ, мектепке күрделі жөндеу ауадай қажет. Қырық бес жыл жөндеу көрмеген ғимарат тозды. Есік-терезелерін ауыстыру қажет. Алайда, бұл мәселеге қаражат қарастырылмаған,–дейді директор.
Мектеп – ауылдағы жалғыз мәдени ошақ. Сондықтан, мектептің айнадай жарқырап тұруы ел абыройы болса, шәкірттерінің көп ішінен білім сапасымен алда жүргені ұстаз еңбегі.
Ауылдан қол созым жерде еліміздегі іргелі кәсіпорын «Алтынтау-Көкшетау» тау-кен байыту комбинаты бар. Ол Қонысбай ауылынан он шақты шақырым жерде орналасқан. Іргелі кәсіпорынның өз іргесінде тұрған ауыл халқының жағдайына назар салмауына не себеп? Жасырары жоқ, ауыл тұрғындарының өкпесі қара қазандай. Алайда, ашығын айтуға келгенде ел адамдары тартынады. Себебі, «Бала-шағамыз сол кәсіпорында еңбек етеді» дейді өздері. Ешкімді сөгуден аулақпыз, балаға кесіріміз тимесін деген ой болар. Қалай дегенмен де, халықтың көкейінде «Алтынтау-Көкшетау» комбинатының басшылығы мектепті жөндеуге қолұшын берсе екен деген ой бар екендігін айтуымыз керек. Бұл ойды елге белгілі азаматтарымыздың бірі, Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Нартай Ысқақов та қуаттайды.
– Қай газеттен оқығаным есімде жоқ, бірақ, сондағы айтылған мәселе есімде қалғаны анық. Алпауыт мемлекет Жапонияның шағын бір ауылының жанында үлкен кәсіпорын орналасқан екен. Алайда, Үкімет басшылығы бұл кәсіпорынның экологияға, әсіресе, жанында орналасқан ауылдарға зияны бар деген мақсатпен кәсіпорынды жабу үшін шешім шығарса керек. Бірақ, осыған қарамастан, сол жанындағы
ауылдар мен қала тұрғындары наразылық танытып, Үкіметтен кәсіпорынның жабылмауын сұрайды. Неге дейсіз ғой? Себебі, олар жалғыз бір ауылдың ғана емес, сол кәсіпорынның маңайында орналасқан қала халқын да қамқорлыққа бөлеп, барлық мұң-мұқтажын шешіп беріп, жәрдемдесіп отырған. Міне, қараңыз! Жалғанда халықтың қолдауынан асқан не бар?, –дейді халық қалаулысы.
Біз осы мәселеге байланысты Ақмола облыстық білім басқармасына хабарласып, таяу арада бұл мектепке жөндеу жұмыстары жүргізіле ме деген сауал тастадық. Біздің сұрағымызға облыстық білім басқармасының бас маманы Әсет Дүйсембаев жауап берді.
– Жыл сайын бюджеттен білім беру саласының барлық деңгейдегі объектілеріне күрделі жөндеу жүргізу үшін белгілі бір қаржы көлемі бөлінеді. Соңғы 5 жылда облыс-
та республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен жалпы сомасы 6,7 миллиард теңгеге 92 білім беру нысанына күрделі жөндеу жүргізілді, оның ішінде ағымдағы жылы 1,3 миллиард теңгеге 12 ұйым. Білім беру объектісін күрделі жөндеуге қаражат бөлу үшін мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы бар жобалау-сметалық құжаттаманың болуы қажет.
Зеренді ауданындағы Қонысбай селосындағы Абай орта мектебінің жобалау-сметалық құжаттамасы жоқ. Осыған байланысты, бұл мәселеге қаражат бөлу қарастырылмайды. Сонымен қатар, жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу құзыретіне жататын жергілікті атқарушы органдардың, аудандар (қалалардың) өтініші керек. Ал, Зеренді аудандық әкімдігінен мектепке күрделі жөндеу жүргізуге өтініш түскен жоқ. Зеренді ауданының әкімдігі Абай орта мектебін жөндеуге МЭ-мен ЖСҚ әзірлеген жағдайда ғана жоба бюджетті қалыптастыру кезінде тиісті тізбеге енгізу үшін мәлімделетін болады,–дейді білім басқармасының бас маманы.
Қазақта «Елу жылда – ел жаңа», – деген бір әдемі сөз бар. Біз бір-бірімізге сілтеп жүргенде, мектепке жөндеу жасалмағанына елу жыл болыпты деген сөзге қалмасақ болғаны. Ендеше, елге сын болмасын, аудан басшылығы бұл мәселені өз назарына алады деген үміттеміз…

Р.S. …Ауыл балаларының мінезінде дархан даланың кеңдігі бар. Алыстан ат терлетіп қонақ келгенін көрсе, мейлі танысын-танымасын «қош келдіңіз» деп құрақ ұша жүгіре қарсы алуды ауылдың кез-келген қара домалақ баласы жақсы біледі. Сәлем беру – қазақ халқының ежелден қалыптасқан дәстүрінің бірі. Кей-кейде біз тәрбиенің өзі осындай қарапайым қарым-қатынас этикадан басталатынын ескере бермейміз. Мектептен шыққанымыз сол еді, аулада асыр салып ойнап жүрген бір топ балалар жүгіре келіп, қазақы қалыппен, әдемі әдеппен қол беріп қоштасып жатыр. «Апай, келіп жүріңіз!», – дейді бірі балаң көңілмен аңқылдап.
Ұлттық тәрбие қанына сіңген осындай өнегелі балаларға неліктен толыққанды жағдай жасалмаған деген ауыр ойдан арыла алмай бара жатырмыз біз…

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар