Автобустағы касса аппаратының кінаратынан ба, жоқ әлде?!.

Көкшетау қаласының тұрғындары биылғы жылдың 1 қарашасынан бастап қалаішілік автобустарға төлемді бұрынғыдай қолма-қол ақшамен емес,

көліктік карта арқылы жасайтын болды. Уақыт талабына сай қолға алынған бұл өзгерісті көкшетаулықтар түсіністікпен қабылдап, алғашқы күннен бастап жаңа төлем түріне ауысты. Көліктік карта арқылы төлем жасау ақша айналымын бақылауға, сөйтіп салық түсімін жақсартуға көмектесетіні түсінікті. Оның жолаушыларға да қолайлы жағы бар: енді билет үшін ұсақ іздеп әуреге түспейсің. Бәрі де дұрыс сияқты, дегенмен, жаңа тәсілдің шикі тұстары да қылаң беріп үлгірді.

Көліктік карта арқылы ақша аударымын жүргізетін «Kokshe bus tolem» серіктестігі ақша айналымының ашықтығын қамтамасыз ету шараларын жасапты. Ол үшін kokshe.tolem.kz сайтына кіріп, көліктік картаңызға қанша ақша түскенін, балансыңызда қанша қалғанын көре аласыз. Оған қоса, билет сатушы касса аппараты арқылы көліктік картаңыздан ақша ұстап, билет бергенде сол билетте балансыңызда қанша ақша қалғаны көрініп тұрады. Бір қарағанда бұл ақша айналымының ашықтығын қамтамасыз етіп тұрғандай. Дегенмен, осы арада бір түсініксіз жағдай бар. Билетте көрсетілген баланс пен сайттағы баланс сәйкес келмейді. Жә, онда тұрған ештеңе жоқ қой деуге болар еді. Бірақ та, жұмыс істей бастағанына жарты айдан сәл ғана асқан ақша төлемінің жаңа әдісінен тағы да түсінбестіктер шығуда.
Бір танысым билет сатушы картаны касса аппаратына тақағанда билет бермей, осы әрекетті үш рет қайталап, әзер билет алып берді деді. Касса аппаратының кінараты болған шығар деуге болар еді, қызығы сол, одан 80 теңгенің орнынан 240 теңге, яғни, үш есе көп ақша ұстапты. Картаны касса аппаратына тақағанда бірден билет шығуы керек және 80 теңге төлем ұсталуы тиіс. Ал касса аппараты үш есе артық төлем алып, бір билет қана берген. Егер бұл бір рет қайталанған жағдай болса, онда кінарат касса аппаратында шығар деуге болар еді. Өкінішке орай, осындай жағдайды бастан кешкен бірнеше адамның айтқанын естідім. Оның ішінде өзім де бармын. Билет сатушы касса аппаратына картаны тақап ұстады, бірақ билет шықпады, содан осы әрекетті екінші рет қайталады. Бір билет бергенде балансымнан 160 теңге ұстап қалыпты. Сонда бұны не деуге болады? Касса аппаратының кінараты ма, әлде бұның астарында басқа гәп бар ма?..
Жалпы, заман ағымына орай, қолма-қол ақшасыз ақы төлеуге көшкен дұрыс. Бірақ та, ол үшін еш кінаратсыз жұмыс істейтін тетікті және төлемнің ашықтығын толық қамтамасыз ету қажет. Олай болмаған жағдайда, бұл жолаушылар тарапынан үлкен реніш туғызатыны анық. Сондықтан, «Kokshe bus tolem» серіктестігі касса аппаратының жұмысына қатысты кінаратты толықтай жо-йып, оның мүлтіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз еткені жөн.
Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар