Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлтаралық бірлікті нығайтуға атбасарлықтар да үлес қосуда - АРҚА АЖАРЫ

Ұлтаралық бірлікті нығайтуға атбасарлықтар да үлес қосуда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында: «Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады. Сондықтан, азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет», – деп атап өткен болатын.

Осы орайда, ауданымызда этно-мәдени бірлестіктердің қоғамдық ұйымдармен және мемлекеттік органдармен өзара байланысына баса мән берілетінін айтқым келеді. Өңірдегі қоғамдық-саяси ахуал тұрақты, түрлі этнос өкілдерінің тілін, дәстүрін дамытуға қажетті жағдайлар жасалған.
Ресми деректер бойынша, қазіргі таңда аудан халқының саны 48 234 адамды құрап отыр, соның 28 735-і, яғни, 59,5 пайызы қалада, қалған 40,5 пайызы ауылдарда тұрып жатыр. Солардың арасында ата жұртқа қоныс аударған қандастарымыз да бар. Моңғолия мемлекетінен көшіп келген 543 оралман жергілікті халықпен татулықта, бірлікте тұрып жатыр. Олардың әрқайсысына 542 875 теңге көлемінде жәрдемақы төленді.
Ауданымызда әсіресе, орыс, қазақ, украин, неміс ұлтының өкілдері көп шоғырланған. Сонымен қатар, поляк, ингуш, белорус, әзірбайжан, корей, армян және басқа да этнос өкілдері тұрады.
Бүгінде Атбасарда ресми тіркелген 4 этно-мәдени бірлестік жұмыс істейді. Олар: «Қазақ тілі және мәдениеті» (жетекшісі С.Д.Басманов), «Вайнах» шешен-ингуш қоғамы» (жетекшісі Д.М.Асаев) қоғамдық бірлестіктері мен «Лад» республикалық славян қозғалысының Атбасар аудандық филиалы (жетекшісі Е.С.Белимова) және Дала өлкесі казактарының одағы (жетекшісі Н.Н.Семенов). Олар ауданның қоғамдық-мәдени өміріне белсене араласады. Жыл басынан бері мемлекеттік органдар этно-мәдени бірлестіктермен бірлесіп азаматтық қоғамды нығайтуға бағытталған 110 іс-шара ұйымдастырды. Бұл шаралар 3200 адамды қамтыды.
Барша қазақстандықтармен бірге, атбасарлықтар да жыл сайын көктемнің алғашқы күні Алғыс айту мерекесін тойлап келеді. Аудандық мәдениет үйінде ауданның барлық этно-мәдени бірлестіктерінің өкілдері бас қосып, ынтымақ-бірліктерін, Қазақстандай егемен елде тату-тәтті өмір сүріп жатқандықтарын көрсетеді. Биылғы жылы тойланған Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесінде этно-мәдени бірлестіктердің мүшелері орталық алаңда мерекелік шараға қатысып, тұрғындарға ұлттық тағамдарынан дәм татқызды, қайырымдылық акциясын өткізуге атсалысты. «Лад» республикалық славян қозғалысы Атбасар аудандық филиалының орталық алаңда өткізген масленица мерекесі де атбасарлықтардың көңілін бір көтеріп тастады.
Атбасар және Сандықтау аудандарының «Вайнах» шешен-ингуш қоғамы» этно-мәдени бірлестіктері бірігіп, Арыс қаласында болған апаттан зардап шеккен отбасыларына материалдық көмек ретінде 20 тонна ұн жөнелтті.
Жалпы, биылғы жыл этно-мәдени бірлестіктер, аудан өнерпаздары үшін нәтижелі жыл болды десем, артық айтпаған болар едім. Өйткені, олар облыстық, республикалық және халықаралық байқауларда бірнеше мәрте жүлделі орындарға қол жеткізді.
Мәселен, үстіміздегі жылдың мамыр айында өнер саласы қызметкерлері арасында ұйымдастырылған «Рухани қазына – 2019» фестиваль-байқауында аудандық мәдениет үйінің хореографы Виктория Манукян үздік атанып, 500 мың теңгенің сертификатына ие болды.
Ал, қыркүйек айында Петропавл қаласында өткен «Өз жұлдызыңды жақ» халықаралық байқауынан ауданымыздың екі бірдей би ұжымы толағай табыспен оралды. «Алтын күн» би ұжымы бірінші және екінші орындарды еншілеп келсе, «Молодость» халықтық би ансамблі «Шолпы» биі үшін бірінші орынмен және Бас жүлдемен марапатталды. Қазақстан халқының тілдері мерекесі мен «Вайнах» қоғамдық бірлестігінің құрылғанына отыз жыл толуына орай ұйымдастырылған шешен-ингуш мәдениетінің облыстық фестивалінде «Вайнах» халықтық би ансамблі екінші орынды жеңіп алды. Ал, қазан айында «Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Мега Фест KZ» халықаралық конкурсына қатысқан «Родничок» халықтық би ансамблі жүлделі бірінші орынды иеленіп қайтты. Биыл «Молодость», «Родничок» халықтық би ансамбльдері мен «Айдана» халықтық вокал студиясына, «Сымбат» бал студиясына қомақты сомаға сахна киімдері тігілді. Осының барлығы өнер ұжымдарының жоғарыда аталған табыстарға жетіп, аудан мерейін асқақтатуға ықпалын тигізгені анық.
Бүгінгі таңда ауданымызда Аналар кеңесі және 16 қоғамдық келісім кеңестері жұмыс істейді. Аналар кеңесі биыл құрылды. Оның құрамында Атбасар ауданының табысты және танымал нәзік жандылары бар. Жыл басынан бері Аналар кеңесінің жеті отырысы өткізіліп, отбасы, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау, отбасылық құндылықтарды сақтау, отбасы институтының ұрпақ тәрбиелеудегі рөлі, қоғамдық тұрақтылықты және өрлеуді қамтамасыз ету туралы бірқатар өзекті мәселелер қаралып, ана мен баланы әлеуметтік қолдауда арнайы шаралар қабылдау жайы сөз болды.
Ауданда 17 діни бірлестік жұмыс істейді. Оның бесеуі – ислам, тағы бесеуі православ, біреуі католик бағытындағы бірлестіктер. Мұнымен қатар, алты протестанттық және Сергеевка ауылында әділет органдарында ресми тіркелмеген бір діни ұйым өз қызметін жүзеге асыруда. Барлығы 12 ғибадат ету орындары бар.
Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік мәселелері тақырыбында «Простор-Атбасар» газетінде 17 мақала жарық көрсе, Facebook және Instagram әлеуметтік желілеріне 40-қа жуық материал салынды. Сонымен қатар, жергілікті «Сәлем» телеарнасында аталмыш тақырыпта тоғыз бейнесюжет көрсетілді.
Өз сөзімді Мемлекет басшысының Жолдауда айтқан мына сөздерімен аяқтағым келеді. «Қазақстан – ортақ шаңырағымыз! Береке мен бірлік, ақыл мен парасат халқымызды үнемі алға бастап келеді. Бәріміз бірге болсақ, еліміз бұдан да зор жетістікке жетеді деп сенемін!».
Абай БЕКБАЕВ,
Атбасар ауданы әкімінің орынбасары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар