Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні Ақмола облысының бірқатар аудандарында мерекелік тарту ретінде жаңа нысандар пайдалануға беріліп, халыққа қуаныш сыйлады.
Жарқайың ауданында 75 отбасы баспаналы болды. Жаңа пәтердің кілтін тапсыру салтанатына аудан әкімі Мұрат Балпан қатысып, қуаныш иелерін құттықтады. Аталмыш тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша облыстық бюджеттен бөлінген 259 миллион теңге қаржыға қалпына келтірілген. Сонымен қатар, ауданда облыстық бюджеттен тағы да 60 пәтерлі тұрғын үйді қалпына келтіруге ақша бөлінген.
***
Жақсы ауданында әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көп балалы отбасылар, жетімдер, толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандарға 27 пәтердің кілті тапсырылды. Бұдан бөлек, аудандағы «TNK агрофирмасы» серіктестігі екі пәтерлі жеті үй салды. Оның алтауын әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға беру жоспарланған.
***
Бұланды ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде ауылдық жерде тұратын көп балалы төрт отбасына жаңа пәтердің кілті тапсырылды. Шараға аудан әкімі Талғат Ерсейітов қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Жалпы, Ақмола облысы бойынша тұрғын үй құрылысы саласында 5 мыңға жуық пәтер тапсыру жоспарланған.
***
Егіндікөл ауданында медицина қызметкерлеріне арналған жатақхана пайдалануға берілді. Аудан орталығындағы жатақханаға күрделі жөндеу жұмыстары аудандық аурухана қаражаты есебінен жүргізілді. Ғимараттың шатыры, терезесі, есіктері ауыстырылып, линолеум, кафель төселді. Сондай-ақ, жатын, ас және сантиралық бөлмелері жаңартылып, Егіндікөл ауданында шығарылған кереует, жиһаз сатып алынды. Аудан әкімдігінің мәліметінше, жас мамандарды ауданға тарту шаралары өз жемісін беруде. Биыл аудандық ауруханаға 3 дәрігер мен 3 орта медициналық қызметкер жұмысқа қабылданған.
***
Целиноград ауданының Қараменді батыр ауылында Мәдениет үйі ашылды. Шараға аудан әкімі Мәлғаждар Тәткеев, «Арыстан» шаруа қожалығының басшысы Қанат Темірбаев және ауыл тұрғындары қатысты.
Бос тұрған ғимаратқа «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде «Арыстан» шаруа қожалығы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген. Бір қабатты Мәдениет үйінің аумағы 370 шаршы метрді құрайды. Мұнда 200 орындық көрермен залы, би залы және түрлі үйірмелерге арналған бөлмелер бар.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.