Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы бастығының орынбасары Нығмет Қауашев орман және жануарлар әлемі қалай қорғалып жатқаны жөнінде айтып берді.
Өңірде 1 058 575 гектар мемлекеттік орман қорының жері бар. Оның ішіне 383839 гектар орман алқабы кіреді. 695 гектар алқап жекеменшік иелігінде. Облыста 23 мемлекеттік орман шаруашылығы жұмыс істейді. Облыстық табиғи ресурстар мен табиғатты реттеу басқармасына 13 мемлекеттік орман шаруашылығы қарайды. Сондай-ақ, өңірде 3 мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы, Сандықтау оқу-өндірістік орман шаруашылығы, «Жасыл аймақ» мемлекеттік кәсіпорны, «КазНИИЛХА» серіктестігі, «КазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Ақмола облыстық филиалы, «ҚТЖ» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамындағы ағаш көшеттерін қорғаудың астаналық дистанциясы жұмыс істейді. Нығмет Қауашев өз сөзінде заңсыз ағаш кесуден орманды қорғау және өзге де орман заңнамасын бұзу жөнінде айтты.
– Биылғы жылы заңсыз 900,434 текше метр ағаш кесудің 49 оқиғасы анықталды. Оның 32 оқиғасын инспекторлар анықтады. Осыған қатысты барлық істердің материалдары ішкі істер органына тапсырылып, қылмыстық іс қозғалды. Заңсыз ағаш кесу өткен жылмен салыстырғанда 4 есе көбейді. Сондай-ақ, 59 ағаштың заңсыз қазып алынғаны анықталды. «Отрадненск» орман шаруашылығында жер қазу кезінде 514 ағаш көшеті зақымданған. Макинск құс фабрикасы үшін су құбырын тарту кезінде жердің беткі қабаты алынып тасталыпты. Ағымдағы жылы орман өртінің 56 оқиғасы тіркеліп, 119,87 гектардағы ағаш отқа оранды. Орман өрті тұрғындардың кінәсінен, найзағайдан, дала өртінің орманға ауы-суынан болды. Биыл 2087 шақырым орман іргесі жыртылды. Өрт саны өткен жылғымен салыстырғанда 2,2 есе көбейді. Мәселен, «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Ерейментау филиалында ең ірі орман өрті болып, 2,59 гектар алқап отқа оранды. Инспекция еңбеккерлері биыл 260 жоспарлы және жоспарсыз тексеріс жүргізіп, анықталған келеңсіздіктерді қалпына келтіру бойынша 63 ескерту жасады. 2019 жылдың 10 айында орман заңнамасының 200 мәрте бұзылғаны анықталып, 5384,4 мың теңгенің әкімшілік айыппұлы салынды,–деген инспекция бастығының орынбасары аңшылық шаруашылық жөнінде де айтып берді. Облыста 160 аңшылық шаруашылығы ұйымдастырылған. Оның 134-і әртүрлі меншіктегі 78 ұйымға бекітіліп беріліпті. Биылғы жылы аңшылықтың ережесі 145 мәрте бұзылғаны анықталып, 171701 теңге айыппұл салынған. Үш мылтық, 4 тұзақ, 3 қақпан мен электроманок тәркіленген көрінеді. Жануарлар әлемі саласында заңнаманы өрескел бұзушылықтың 28 фактісі тіркеліп, 8 қылмыстық іс қозғалған. Жалпы, жануарлар әлеміне 1 420 148 375 миллиард теңге шығын келтіріліпті. Брифинг соңында Нығмет Қауашев тілшілер қойған сауалдарға жауап берді.
Рамазан БАЯҚҰЛЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.