Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Білімді ұстаз, білікті ғалым - АРҚА АЖАРЫ

Білімді ұстаз, білікті ғалым

Адам өмірі алысқа апаратын ұзақ жол секілді. Оны әдетте өмір жолы деп жатамыз. Менің жақсы бір досым, алаштың абзал азаматы осы өмір сапарының бір қыдыру жолын артқа тастап, бел-белегірлерінен асып, межелі бір биікке, 60-тың асқарына көтеріліп отыр. Ол кім десеңіздер, ол – Сәбит Жәмбек. Кешегі Қарағанды университетінің түлегі болған, бүгінде филология ғылымдарының кандидаты, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры, ұлағатты ұстаз, білікті әдебиеттанушы ғалым – Сәбит Нұрмұхамбетұлы.

Сәбеңмен, Сәбит Нұрмұхамбетұлымен таныстықтың негізі сонау 80-жылдары Қарағандыда басталған десе де болады. Сырттай білістік, тәлеуқорлы көңіл деңгейінде. Ол кезде ҚарМУ-да жыл сайын көктемде, дәлірек айтқанда, көкек айында «Студент жастардың интерапталығы» өтетін жақсы дәстүр болатын. ҚазҰУ-нен келген бір топ шетелдік студенттердің ортасында мен де бар едім. Моңғолиядан келіп оқып жатқан студент есебінде. Ол кезде көп қазақтар шетелде, соның ішінде Моңғолияда қазақтар тұратынын біле бермейтін. Апталықтың жабылу салтанаты Қарағанды қаласындағы «Шахтерлар сарайында» өтті. Қолыма қара домбырамды ұстап шығып, Мәдидің «Қаракесегін» әуелеткенім бар-ды. Зал дүр етті. Дүр етпей қайтсін «моңғолдың» қазақша ән айтып тұрғаны мынау. Залдағы көгенкөз студенттердің ортасында осы Сәбит Жәмбек те отырыпты. Қол соғыпты. Ризалық ниетпен. Кейіннен дәм айдап Көкшетауға, университетке оқытушылыққа келгенде жақын танысып, білісіп, осы жайларды еске алғанымыз бар еді. Қысқасы мен Сәбит Жәмбек мырзаны сол кезден білемін дегенім де.
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшатау пединституты аталатын жоғары оқу орнына келгенімде алдымнан Сәбит Жәмбектей жақсы азаматтың, жақын достың шыққаны қуанышты болды. Бір факультетте, бір кафедрада бірге қызмет істедік. Қазір де солай. Ойы тұшымды, пікірі өміршең, дәлелі нақты осы бір замандасымның адами болмысындағы бауырмалдық өз алдына, оның әдебиетке деген құштарлығы, ізденіп оқитын білімдарлығы, қазбалап қарастыратын зерттеушілігі тәнті ететін еді. Әріптестерін. Студенттерді. Сол жылдары Сәбит Жәмбек екеуіміз студенттерге бірлескен дәріс оқудың жаңаша үлгісін көрсеттік. Оның сабағына мен, менің пәніме ол қатысамыз. Ортақ тақырыптық төңірегінде қосарлана, жұптаса отырып, талай қызықты дәрістер оқыдық. Кейіннен біздің қатарымызға Жұпар Жақанова деген оқытушыны қосып алдық. Тоқсан минуттық уақыттың өзі бізге аздай көрініп қалушы еді. Әдеби-теориялық білімі қаптал, әдебиетке қатысты арғы-бергіні індетіп оқып, жадына тоқыған Сәбит оқытушы көсіледі-ай келіп. Қамшы салдырмайды, ойдан ой тудырып, сөзден сөз сабақтап, әдебиеттің теориясына, қазақ әдебиетінің тарихына және сынына қатысты қадау-қадау жайлардың басын бір түгендеп әкеліп, әлем әдебиетінің жауһарлары жайында толғай-толғай есілуші едік!
Сыпайы бойында адамдық пен кішпейілдіктің, білімдарлық пен қамқорлықтың лебі есіп тұратын Сәбит Жәмбекті студент қауымы да жақсы көретін. Аудиторияға кірген бойда тамағын бір кенеп алып, қиық, ойлы көздерімен терезеден әрі асыра барлап, қоңыр биязы үнімен дәрісін бастап кетер еді. Соның талай куәсі болдық. Ол әркез жүректерге жол табуға тырысады. Сұлулыққа жаны құштар. Қиялай тартатын қиқарлығы жоқ, жағдаймен мейілінше санасуға, адамдармен түсінісуге бейілді жан. Сәбит Жәмбек – ең әуелі жүрегіне жылылық ұя салған мейірбан ұстаз! Аудиториядан тыс өмірде де талай әңгіменің тиегін ағытып, кешті түнге оздырып, түнді таңға созған «әдеби кештеріміз» көп болды. Мұндай отырыстарда Сәбит дос «еңіске салса, төске озғанның» нағыздың өзі еді. Алақотан отырғандарға әдебиеттанудың, фольклортанудың, философияның, мәдениеттанудың, тарихтың, этнографияның сан-саласынан саңлақ ой-пікірлерімізді қоздатып, дәлелді тұжырымдармен бекітіп, өзді-өзі жөптеп, қоштап, бек риза етуші едік. Кейіннен осы әдеби ортаға Дәулет Оспанов досымыз қосылды.
Сәбит Жәмбектің жан-жақты білімпаздығына қол соққандар көп болатын. Қазір тіпті де. Ораторлық, шешендік мәйек оқытушыға бірден-бір керек қабілет һәм қасиет. Айтар ойыңды жүйелеп, бірде сығыстырып, енді бірде кең жайылтып, ең маңызды деген ақпараттарды түрлендіріп, дәл беру, тыңдаушыңның ықылас-ниетін, көңіл ауанын бағамдап, әңгімелеп отырған тақырыбыңды мейлінше мәнді, тұшымды, қызғылықты етіп жеткізе білу – шебер, шешен ұстаздың ғана қолынан келсе керек-ті. Біз білетін Сәбит Жәмбек сондай ұстаз!
Сәбит Нұрмұхамбетұлы – елімізге танымал ғалым, белгілі әдебиет зерттеушісі. Оның ғылымға деген ынталы жүрегі сонау студенттік шақтан басталған сияқты. Ол кезде студенттердің ғылыми конференция-
ларында алғашқы ғылымдағы ізденістерін паш етіп жүреді. Студент Сәбиттің ғылыми ізденісіне, өзіндік пікіріне, бағдарына ризашылық танытқан ұстаздары болды. Олардың дені осы жастан үміт күтетіндей еді. Сол үміт ақталды да.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы ғылыми кеңесте «Бернияз Күлеевтің ақындық мұрасы» деген тақырып бойынша кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шығады. Кешегі Кеңестік кезеңде жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ әдебиеті ақи-тақи толық зерттеліп, ғылыми айналымға түсе қоймаған еді. Оның саяси-қоғамдық себептерін білеміз. Олардың алдыңғы қатарында Мағжан Жұмабаев, Бернияз Күлеев секілді Алаш ақындары бар еді. Сол уақытта поэзияға жаңа тыныс, леп әкелген жастардың алғы шебінде Бернияз болды. Поэзиядағы символистикалық бағытты ұстанған соңғы лектің көзқарастары да, ұстанымдары да өзгешелеу еді. Сондықтан да, олардың дені жаңа мизаммен етене араласа алған жоқ. Кедергілер мен түсініспеушіліктерге тап болды. Соның салдары шығармашылықтарымен қатар жеке өмірлеріне де кері әсер етті. Трагедиялық күй кешті. Өмірлерін ажалға байлады.
Соның бірі, бірегейі Бернияз Күлеев болатын. Шығармашылығы, өмірі аз зерттелген, әдебиеттегі орны толық айқындалып, жақсы бағасын ала қоймаған ақынның ақындық қарым-қуаты турасында кесек ғылыми еңбек жазып, оны дер уақытында сәтті қорғау – тек ізденуші Сәбит Жәмбектің ғана емес, қазақ әдбиеттану ғылымының жемісі еді. Ол осылайша ғылымда алғаш рет жақсы, байсалды ізденістерімен танылды, мойындалды. С.Жәмбектің өзінің диссертациялық жұмысында, «Б.Күлеев саяси-азаматтық тақырыпта жазылған лирикасында белгілі бір мәселені көңіл-күй сырларымен астастырып отырады. Көңіл-күй сезімдерін айтпай қалмайды. Б.Күлеев қай тақырыпқа жазылған өлең болмасын көңіл-күй сезімдерін басты назарда ұстап отырады. Бұл – оның ақындық ерекшелігі. Сонымен бірге, әдебиеттану ғылымының тұрғысынан лириканы тақырыпқа бөліп жіктеудің шартты екені бесенеден белгілі жай. Мәселе ондағы қай сарынының басым көп келуіне байланысты айқындалатын болса керек» деп тұжырымдауы үлкен тақырыптың бір сипаты ғана.
Содан бергі уақыттың шеңберінде ғалым Сәбит Нұрмұхамбетұлы 100-ден астам ғылыми-танымдық мақалалардың авторына айналды. Әдебиеттанушы ғалым ретінде Абай, Шәкәрім, Ақан сері, Біржан сал, С.Сейфуллин, М.Жұмабаев, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Е.Ысмайлов, М.Ғабдуллин, С.Телжанов, Т.Кәкішев сынды көптеген ақын-жазушылардың, ғалымдардың шығармашылық зертханасына, шеберлік сыр-сипатына терең, жан-жақты үңілген мәнді, әдеби, ғылыми мақалаларды жазды.
Оның кең құлашты, дәйекті ғылыми мақалалары шетел баспасөздерінде, республикалық газет-журналдарда, конференция материалдары топтастырылған ғылыми жинақтарда басылып шығып тұрады. Ол білікті ғалым ретінде әдебиеттанудың, әдебиет тарихының ең бір күрделі, өзекті проблемаларына бара білетін, соны нығарлап, тәптіштеп түсіндіре алатын, тақырыбына сай қажетті ғылыми ақпаратты молынан қамти алатын, жүйелеп бере білетін қабілетімен ерекшеленер еді. Қоғамға үн қосқан мақалалары өз алдына бір төбе.
С.Жәмбек тек әдебиеттану саласының ғана білгірі емес, ол әр ғылым саласынан толымды хабары бар, соған өзіндік көзқарасын теліп, анализ жасай алатын интеллектуалды мүмкіндігі ерен оқымыстылардың бірі. Індетіп ізденіп, шұқшиып қарап, өзіне керекті деген материалдарды ойға тоқуда, жадында сақтауда әбден жүйрік. Оның интеллектуалдық әмбебаптығы – қоғамдық ортада да құрметке ие. Ол ғылымның академиялық құрсауында қалып қойған ғалым емес. Ол – дәстүршіл һәм жаңашыл, қоғамның кез-келген ісіне үн қатушы, позитивтік тұлға. Сәбит Нұрмұхамбетұлын республикалық, облыстық деңгейдегі ұйымдастырылған әртүрлі оқу-ағартушылық, рухани-мәдени шаралардың төр басынан көріп жүрміз. Әрдайымда келісті ойларынан, көкжиегі кең пікірлерінен, азаматтық позициясынан айнымай келе жатқан азамат. Ол – бек алашшыл һәм ұлтты сүюшінің бірі. Оны жасырмайды да. Мақтан тұтады. Осы бір қасиеті оның тегі мен туған топырағына да қатысты болса керек.
Оның адами болмысына тоқмейілділік тән. Уызынан жарыған төл іспетті. Отбасында дәстүрлі әже тәрбиесін көрген бала. Балалық шағынан ел ішіндегі ескілікті әңгімелерді көп естіген. Түрік құлақ. Ынталы пейіл. Зерек көңіл.
Туған өлкесі – Сарыарқаның кең жазира белдеу тұсы. Қазақстанның кіндігі. Бетбақдаладан бергі шиыр, киелі Ұлытаудың шығыс қапталы, ұлы далада қара үзіп көрінетін Қарқаралыдан күншілік жер. Аты әйгілі Жаңаарқаның Жомарт қонысы. Анау ілгеріде қазақтың асты қазынаға толы, бай. Шұрайлы кенді өлкесі Жезқазған жатыр. Көне тарихтың сан ғасырлық жағдаяттарына куә болған өлке. Жошы хан, Домбауыл кесенелері сонда.
Біздің досымыздың тағы бір тамаша қабілеті – оның күйшілігі. Қолқаламасаң өзі суырылып шыға қоймайтын байсалды мінезі кейде оны домбырамен дос екендігін былайғы жұртқа жария етуге кедергі келтіріп жататыны болады. Әсілі оның аржағында қазақтың қасиетті күй өнеріне, қара домбырасына деген адал көңілден туған кіршіксіз сүйіспеншілігінен де болар. Күйді кие тұтқан қазақтың бірі осы. Оның бала зердесінде Тәттімбеттің, Сайдалы сары Тоқаның, Сүгірдің, берісі Әбікеннің күмбір күйлері қонақтаған. Соның уіліне, сазына елітіп өскен жас. Іштегі қара тастай шер-шеменді қорғасындай балқытатын шіркін, Арқаның күйі! Алпыс екі тамырыңды қуалап, буын-буыныңа түсіп, жүйкеңді балқытып, жүрегіңді езіп өтетін сиқырлы саз үні.
Кейде толғауы тоқсан қызыл тілмен айта алмағаныңды жетесіне жеткізетін ғажайып, сырлы, сиқырлы иірім. Бебеу қағатын. Өкситін. Өкіндіретін. Дүниеғайыптың екі ішекте, тоғыз пернеде зар илеуі, шерлене ыңырануы. Ол – Тәттімбеттің «Көкейтестісі» һәм Әбікеннің «Қоңыры». Сәбит дос кәсіби күйші болмаса да, оның орындауында өзіндік мақам мен нақыш бар. Сарын бар. Саржелген. Тереңнен теріп, жүректен қоздатып тартатынын қайтерсің! Мен тыңдаған Сәбиттің тартысы солай!
Сәбит достың өзіне аса машық қылмаған тағы бір қыры – оның қаламгерлік қарымында. Поэзияға, прозаға қалам тартқан кездері болған. Жалпы шығармашылыққа аса ұқыпты, сақ, сыншыл көзқараспен қарайтын ол бұл аяқ алысын әншейін бір әуестік деп қана ұғатын сыншыл сыры бар. Алайда, оның қаламынан туған көркем шығармалар «Себезгі сезім сырлары» атпен 2018 жылы Көкшетауда жеке кітап болып шықты. Оның Шоқан туралы жазған тәуір драмасы анау жылдары жас актерлерді шабыттандыратыны есімізде. Жақсы қойылым болған. Шығармашылық ізденіске бейжай қарамайтын қаламгер ретінде Сәбит қазір де тың дүниелерді ешкімге айтпай түртіп жүрген шығар деп ойлаймын.
Киелі Көкше жеріне жолдамамен келген жас маман осында Жұпардай жар кездестіріп, отау құрып, ұрпақ сүйіп, керегесін кеңейтіп, іргесін бекітіп, шаңырағын шалқайта тігіп, үлкен бір ордалы шаңыраққа айналды. Көкшенің көлемінде ғана емес, байтақ елге танылды. Осы өңірдегі сөз ұстар байлаулы, бағыналы, байыпты азаматтардың қатарына қосылды. Сөз тізгінін ұстаған ділмарға ауысты. Еліне қадірлі, жұртына сыйлы, шәкірттеріне үлгі.
Алпыстың асқаралы биігіне қарай ұмсынып, қомданған қыран құстай бұданда зәу шырқауға бет алып, төңірегіне ойлы да, мағыналы көзбен қарап, тағы да бір қанаттанып отырған әріптеске, һәм жақсы досқа айтар ықылас-тілегіміз көп. Конфуций деген данагөйдің, «Алпысымда өмірді түсіне бастадым, жетпісімде жүрегіме ие болдым» дегенін жақсы білесің, Сәбит дос. Олай болса, сен екеуімізге әлі талай қыр-белестің қырқасын шалуға уақыт та, мүмкіндік те бар. Тек тәңірім соны бұйыртсын!

Ерболат БАЯТ,
философия докторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Алаш арыстарын ардақтаған азамат

Адам өмірінің қызық та қимас кезеңі – жастық шақ. Әсіресе, армандаған оқуыңды бітіріп, жүрегің қалаған мамандық иесі атанып, алғаш қызмет атқарған кезеңде танысып, біліскен жандардың орны ерекше. Өткен ғасырдың 80 жылдарының соңында қазақтың маңдайына біткен сол кездегі қос университетті ҚазМУ мен ҚарМУ-ды қатар аяқтадық. Көрікті Көкшедегі Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық иниститутына (қазіргі Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті) ол Қарағандыдан Е.Букетов атындағы ҚарМУ-ды, мен Алматыдан Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-ды бітіріп (ол кезде С.М.Киров атындағы) қызметке бірге келдік. Бір кафедрадамыз, жөн сұрасып, таныстық. Міне, мен Сәбит Нұрмұхамбетұлы Жәмбекті осы кезден бері білемін. Қыз мінезді, баяу сөйлейтін, сыпайы, салмақты жігіт екен. Ақсүйектік байқалады. Сезімталдық, сырбаздық аңғарылады. Ептеп домбыра тартады. Шертпе күйдің шебер орындаушысы. Институтта, жатақханада, кітапханада кездесіп жүрдік. Тоталитарлық жүйенің тоңы жібіп, сеңі бұзыла бастаған шақ. Алаш арыстары ақтала бастаған кезең. Қазақтың маңдайына сыймай кеткен талантты ақын, жазықсыз жаламен атылып кеткен аяулы арыстарымыздың бірі Мағжан Жұмабаев атындағы студенттердің «Жас қалам» атты әдеби бірлестігін құрдық. Қатар дәріс оқимыз.

Алдымызда ақылшы ағаларымыз Көкше өңіріне ғана емес республикаға танымал ғалымдар бірі кафедра меңгерушісі, бірі факультет деканы Жағыпар Мұсаұлы, Оғаз Арыстанғалиұлы, Нарбай Сафиянұлы, Аманжол Ыдырысұлы, талантты тарихшы, ақынжанды азамат Тоқтар Қожин. Осы бір айтулы тұлғалар студенттер конференциясының төрінде отырады. Бәрі де білгір. Әрқайсысы өз саласының, өздері зерттеп жүрген дәуірдің белгілі мамандары болғандықтан, әрбір студенттің баяндамасы жан-жақты талқыланады. Әділ сын, тұщымды пікір айтылып, ақыл-кеңес берілетін.
Ұстаздық қызмет-абыройлы, мерейлі қызмет десек те, бұл салаға екінің бірінің бұрыла бермесі анық. Оқу-ағарту ісі, білім-ғылым жолы қиын, әрі бұралаң-қалтарысы көп күрделі жол. С.Жәмбектің әдебиетші ғалымдығы, ғылыми-педагогикалық қызметі Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетімен, оның ішінде филология факультетімен тығыз байланысты. Біраз уақыт қазақ әдебиеті тарихынан, әдебиет теориясынан дәріс оқып, кейін ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіне қарай бет бұрды. Ұстаздық қызметпен қатар ғылым жолына да қадам жасады. Алматымен, қасиетті қарашаңырақ Қазақ ұлттық университетінің ұстаз ғалымдарымен байланыс жасап, ғылыми жұмысының тақырыбын, зерттеу нысанын белгілей бастады. Көрнекті әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор біздің ұстазымыз Ханғали аға Сүйіншәлиевтің ғылыми жұмысына жетекші болуға келісімін алды. Тақырыбын бекітті. Кандидаттық диссертация тақырыбы, жалпы ғылыми жұмыс ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Бернияз Күлеев шығармашылығына арналды. Ғылыми-зерттеу мен ізденістің өзіндік өзгешелігі, сыр-сипаттары бар. Ғылыми тақырып бекіту, оны жазу мен жариялау ісі, көпшілік алдында ашық әрі дербес қорғау төзімділік пен еңбекқорлықты қажет етеді. Менің Сәбит досым ғылым жолындағы белгілі-белгісіз, көлеңкелі-көңілсіз тұстар, қиындықтар мен кедергілерді жеңе алды. Жұмысын сәтті аяқтап, қорғай білді. Ол туралы көрнекті әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Өмірхан Әбдиманұлы өзінің «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» деген еңбегінде былай дейді: «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебитіне тұнба тұнық жыр, көрікті де көркем поэзияны әкелген көрнекті ақынды тануға,танытуға біраз зерттеушілер өз үлестерін қосты. Олар – Бернияздың ақындығын әр қырынан зерттеп, жан-жақты танытуға лайықты үлес қосқан көрнекті ғалымдар: Ы.Дүйсенбаев, Б.Кенжебаев, Ә.Дербісалин, К.Шәменов, С.Жәмбеков және тағы басқалар деп атап өтеді». Бұл әдебиеттанушы ғалымдар тарапынан ғалым С.Жәмбектің ғылымдағы қол жеткен табыстарын, ұзақ жемісті еңбегін бағалаудың бір қыры ғана Б.Күлеев – шығармашылық жолын ағартушылықтан бастаған ақын. Сыршылдық, сыр мен сезім тоғысы оның барлық туындысына тән. Ақын туған әдебиеті үшін аянбай еңбек етті. Оның шығармашылығы үшін жемісті болған кезең 1919 жыл болады. Осы кезеңде ақын өндірте жазып, әртүрлі тақырыпқа қалам тербейді. Рухы биік ақын үшін бұл жыл – сапалық тұрғыдан жетілу жылы болды. Не бары 24 жыл ғұмыр кешіп, көк өрім кезінде көз жұмған, өзінен үлкен үміт күткен алдыңғы ағалары мен жырларын сүйсіне оқыған қалың оқырманын орны толмас қайғыға батырып кете барған Бернияз ақынның соңында айшықты жырлары қалды. Міне, осы жауһар жырдың қазақ оқырманының игілігіне айналуына, ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті деген әдебиеттің үлкен кезеңінен өзіндік орнын алуына, әділ бағалануына әдебиет зерттеушісі ретінде С.Жәмбек өзінің өткір ойларымен, өзіндік қайталанбас соны пікірлерімен, тың тұжырымдарымен көп еңбек сіңірді, көзге түсті. Аузы дуалы ағаларының назарына ілікті. Қазақ әдебиеттану ғылымының абыздарына айналған біздің университеттегі, ғылымдағы сүйікті ұстаздарымыз Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішев, Ханғали Сүйіншәлиев, Алма Қыраубаева, Жанғара Дәдебаев, Өмірхан Әбдиманұлы, Құныпия Алпысбаевтардың, өз замандастары: Жолдасбек Мәмбетов, Шоқан Шортанбаевтардың Сәбит досымыз жайлы айтқан ағалық ақжайма пікірлерінің, ыстық ілтипаттарының, достық пейілдерінің куәсі болдық, құлағымызбен естідік. Досымыз үшін қуанып, досымыз үшін марқайдық.
Бүгінде алпыстың асқарына шығып отырған Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Нұрмұхамбетұлы Жәмбектің еңбекқорлығы мен сан қырлы қабілет-қарымы адамды еріксіз тәнті етеді.Үнемі ізденіс үстінде жүретін ғалымның ғылыми тереңдігі, дүниетанымының кеңдігі Көкше өңірінен шыққан сал-серілер, әншілер мен ақын- жазушылар, фольклорлық мұралар, олардың жиналуы, зерттелуі туралы жазған ғылыми-танымдық мақалалары соның айқын дәлелі. Ақан серінің әнші, композиторлығымен қатар ақындық қырына талдау жасайды. Жазба поэзия дәстүріне, соның ішінде, Абай поэзиясына тән ұқсастықтар мен үндесулерді нақты мысалдармен дәлелдеп отырады. Ақан серінің «Мылтық пен мергеншілік» өлеңі Абайдың «Қансонарда бүркітші шығады аңға» өлеңімен рухтас. Дәлел керек пе? Өлеңдерді салыстырып қараңыз, Сәбиттің тұжырымының дұрыстығына көзіңіз жетеді.
Мен «Біржан алтын таудай айқындалған» атты мақаласында Біржан творчествосына жан-жақты талдау жасайды. Қазақтың бай ауыз әдебиеті мен музыкалық фольклорының Біржан шығармашылығында алатын орны жайлы, оның Абайдай данышпанмен кездесуінің оң әсері туралы тың деректер келтіреді. Біржан мен Сараның айтысы, олардың кездесуінің тарихы жайлы қызықты дәйектермен сөйлейді. Айтыс өмірде болмаған, оны Әріп ақын жанынан шығарған деген кейбір зерттеушілердің пікірімен келіспейтіндігін батыл түрде білдіреді. Біржанның Жетісуға баруы, Сарамен кездесуі жайлы тарихи деректерге сүйене отырып, өз көзқарасын дәлелдейді. Біржанның ағалары Ержан мен Нұржанның Меккеге қажылық сапары, қырғыз манабы Шәбденмен құдалығы, сол жерде Сара туралы естігендігін негізге алады. Есімбек би, Тұрысбек қажылардың адами қасиеттеріне тоқталады. Біржанның ән мәтіні мен әуенінің органикалық тұтастығына назар аударады.
Қазақтың ағартушы ғалымы, көрнекті фольклор зерттеушісі Шоқан Уәлихановтың эпостану ғылымына қосқан үлесі, оның әдебиеттанушы ғалымдығы туралы «Ш.Уәлиханов – эпостанушы» атты мақаласында кеңінен тоқталады. Қырғыздың әйгілі эпосы «Манас» жырының, «Ер Қосай», «Ер Көкше» жырларының жазылып алыну тарихы, көркемдік мән-маңызы туралы Шоқан Уәлихановтың ой-пікірлері мен тұжырымдарына ғылыми тұрғыдан дәлелдер тауып, өткір тұжырым жасайды. Едіге жырының тарихи негіздерін ғылымда саралап, алғаш пікір айтқан Ш.Уәлиханов екеніне тоқталады. Қазақ ғылымының мақтанышы Шоқанның қазақ әдебиетін танып, бағалаудағы өзінің тарихилық принципін берік ұстанғандығын көпшілік назарына жеткізуді мақсат етеді.
Сәбит Жәмбектің ғылыми мақалаларымен танысу барысында атамай кетуге болмайтын тағы бір тұшымды дүниесі 1991 жылы 9 ақпанда жастардың республикалық газеті «Өркенде» жарияланған қазақтың көрнекті ақыны, драматург Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты белгілі қоғам қайраткері Нұрлан Оразалиннің поэзиясы жайында жазылған «Өлең де сұлулықты қалайды» атты мақаласы. Бұл мақала ақын Нұрлан Оразалиннің «Жетінші құрлық» деген атпен жарық көрген өлеңдер жинағын талдауға арналған. Университетті жаңа бітіріп келген жас әдебиетші Сәбит Жәмбектің сол кездегі аяқ алысы мен сөз саптасына, салиқалы ой-пікіріне риза боласыз. Ақын өлеңдерін әр қырынан қарастырып сұлулық дүниесі, әсемдік әлемі, сыршыл поэзиясы туралы сөз қозғайды. Нұрлан ақынның осы жинақтағы «Таныстыру» атты өлеңіндегі лирикалық кейіпкері өз ұлына өзі өскен мекенді, туған үйінің бұрынғы орнын, бір әулеттің жұртын, аталарының ескі қорымын көрсетуі әсерлі шыққан. Қос күмбездің қасындағы төмпешікте менің атам, сенің бабаң жатыр дейді ұлына:
Білем…Білем…Көкейіңде сұрау көп.
Әкем неге сәл мұңайып тұр-ау деп
Қиналма ұлым, тізе бүк,
Жатыр мұнда ту көтерген бір әулет.
Осы арада туып-өскен, жар құшқан,
(Көсегесі көгергендей алғыстан)
Талып кісі жатыр ұйықтап ұл сүйген,
Қыз да сүйген,
Салын, жанын сақтап сан қыстан, –
дегенде жүрегіңіз ерекше шым етіп, өн бойыңызға біртүрлі беймәлім ыстық сағыныш ағыны тарайды. Көкірекке лықсып келген, аяулы бейне көпке дейін көз алдыңнан сәулеленіп кетпей қояды. Міне, осы тектес парасатты пайымдаулар мен терең талдаулар Сәбит Жәмбектің ғылыми еңбектерінің өзегі деуге болады.
Көкшетау университетінің киесіндей болған бүгінде арамызда жоқ, кәтепті қара нардай ағаларымыз Жағыпар Мұсаұлы, Оғаз Арыстанғалиұлы, Нарбай Сафиянұлымен сыйласып, інілік ізетінен жаңылмай құрметтеп, еркелеп, білікті әріптес бола алды. Бүгінгі күні солардың көзіндей болып, қасында бірге қызмет істеп жүрген Көкшенің көзі тірі шежіресі, көрнекті ғалым ағасы Аманжол Ыдырысұлына деген шынайы інілік ізетін, жүрекжарды лебізін естіп, біліп көріп жүрміз. Тектілік пен имандылықтың, адалдықтың белгісі дегеніміз осы болар.
Сәбит доспен арамызда берік байланыс, шынайы сыйластық бар. Кездесіп, жүздесіп хабарласып тұрамыз. Бір-бірімізге сезім шуағын, жан жылуын сыйлауға тырысамыз. Өмір атты алып кемеде әрқайсымыз өз бағытымызда аман-есен жүзіп келеміз. Қысқа ғұмыр, өлшеулі өмірде сезім селдіреп, арамыз алшақтамаса екен. Ұстаздық қызметте, ғалымдық жолда қанатың талмасын, еңбегің жансын, өрісің тарылмасын, Сәбе! Халқың қадіріңе жетсін, алпысың құтты болсын!

Сәкен ТІЛЕУБАЕВ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қазақ әдебиеті мен теориясы кафедрасының аға оқытушысы,
филология ғылымдарының кандидаты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар