Шапағатты шырқау еткен «Мейірім»

Жалпы үлгідегі қарттар мен мүгедектерге арналған «Мейірім» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының құрылғанына 30 жыл толуына орай, өткен мерекелік шарада ардагерлер мен мүгедектерге қамқорлық көрсетудегі әлеуметтік қызметкерлердің еңбегі зор қошеметке лайық екендігі айтылды.

– Біздің орталықтың тарихы өте бай. 2005 жылы жалпы үлгідегі қарттар мен мүгедектерге арналған интернат 93 төсек-орынға есептелген болатын. Қазіргі асхана ғимараты 1937 жылы іске қосылса, жалпы тұрғын корпустар 1912 жылы салынған. Шипажай жабылғаннан кейін 1989 жылы қазан айында облыстық ардагерлер Кеңесінің «Соғыс және еңбек ардагерлеріне» арналған 110 төсек-орындық интернат үйі болып ашылды. Алғашқы күні үш адам болса, келесі айда 65 адаммен толыққан. Қазіргі таңда жыл бойына төрт тұрғын кешені жұмыс істеп тұр. Жылу жүйесі автономды. Өзіміздің от жағушыларымыз бар. Ең үлкен қариямыз 95 жаста болса, ең жасы 35 жаста. Біздің орталықта барлығы 93 адам тұрып жатыр, – деді «Мейірім» орталығының директоры Амангелді Қожахмет.
Ғимараттардың тұрғызылғанына бір ғасырдан асса да, жыл сайын ағымдағы жөндеу мен ұқыпты пайдаланудың арқасында қалыпты жұмыс істеп тұрғаны қуантады. Бұл осы жерде өмір сүріп жатқан қарттар мен мүгедектер үшін таптырмас орынға айналыпты.
Одан әрі нағыз шығармашылық иесі, қолөнер шебері Анатолий Петрович Саевскийдің ұйымдастыруымен орналасқан көрме залын тамашалаған қонақтар, қарасаң көз қызықтырар қолөнер шеберлерінің қолдан жасалған бұйымдарына тәнті болды. Онда «Аполлон», «Союз Прогресс», «Боран» деп аталатын ғарыш кемелерін бейнелеген бұйымдар мен токарьлық жұмыстар қойылған екен. Сондай-ақ, өткен жылы «Ұлы дала жолы» көрмесіне арнайы дайындалған бұйымдар мен Малотимофеевка интернат үйінің тарту еткен қолөнер бұйымдары да көрмеден орын алған. Оған қоса, мұндағы ем алушылардың түрлі спорттық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иемденген марапаттары да ұқыпты сақталған. Е.Гоменюк басшылық ететін шағын кітапханада түрлі кітаптармен қоса, мерзімдік басылымдар да тіркелген. Онда қарттар мен мүгедектердің көңілін сергіту мақсатында әдеби кештер мен викториналар ойнатылып, түрлі іс-шаралар өткізіліп, жағымды ақпараттар беріліп тұрады.
Ғимараттағы бізді ерекше елең еткізгені – сенсорлық бөлме. Осынау арнайы жабдықталған бөлмеде психологиялық ауытқулардан арылу мақсатында бөлменің есігі мен әйнегі жабылып, адамдар оңашада психологпен жеке сөйлесіп, қиындықтан шығу жолдарын іздестіреді екен. Бұл тағдырлары тұйыққа тірелген жандар өз кеңістігінде қалып қоймас үшін стандартқа сай жасалған оңтайлы шара екенін айтты орталық директоры Амангелді Қосманұлы.
Одан әрі Т.И.Банинаның таныстыруымен мұражайды тамашалаған қонақтар Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне арналған көптеген жайттарға қанық болды. Олардың бәрі де осы «Мейіріммен» мерейленіп, ұзақ жылдар осы интернаттан пана тапқан. Сол тыл еңбеккерлерінің марапаттары мен фото-суреттері де музейге қойылып, өткен күндерден сыр шертуде.
Сонымен қатар, музейдегі сонау 1949 жылғы сарғайған беттер, сол кездің жаңғырығындай сақталған. Сол бір шағын бұрышқа осы интернатта тұрған ата-әжелердің өздерімен алып келген кейбір құнды құжаттары, оның ішінде білім аттестаты мен түрлі марапттары қойылыпты. Ұлы Отан соғысына қатысушылардың медальдары да экспонат ретінде музейден орын алған.
Қариялар мен мүгедектерге арналған шараның екінші бөлігінде қатысушылар орталықтың мәжіліс залында өткен салтанатты жиында бас қосты. Алдымен, Ақмола облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанова құттықтау сөз сөйледі.
– Бүгін біз өте бір айтулы шарада бас қосып отырмыз. 1912 жылы іргетасы қаланған ғимаратқа бір ғасырдан аса уақыт өтсе де, біздің «Мейірім» интернат үйінің жұмыс істеп келе жатқанына 30 жыл толып отыр. Бұл 1989 жыл болатын. Ол кезде біздің облыста қарттар үйіне арналған ешқандай интернат болған жоқ. Сондықтан, қарт адамдар Петропавл қаласындағы қарттар үйіне жөнелтілетін. Сол себепті, өзімізден интернат ашу қолға алынып, ол 1989 жылы 16 қазанда ашылып, қызмет көрсете бастады. Міне, соған бүгін 30 жыл толып отыр. Интернат үйінің алғашқы директоры Юрий Александрович Савчкенко болатын. Ол 1989 жылдан 2011 жылдың қазанына дейін 22 жыл үздіксіз абыройлы қызмет етті. Мен ол кісіні 2008 жылдан бері танимын. Оның еңбекқорлығына бас иемін. Ол өз ісіне берілген, білікті маман. Оған менің ыстық сәлемімді жеткізерсіздер, деген ниеттемін. Міне, осы уақыт аралығында біздің интернатта 32 Ұлы Отан соғысының қатысушылары тұрды. 1000-ға жуық адам әлеуметтік қолдауға ие болды. Оның ішінде біздің ардагеріміз, ҚазССР халық ағарту ісінің үздігі, №124 Есіл кәсіптік техникалық училищесінің директоры болған Елизавета Федоровна Москавед. Ол өмірінің соңына дейін 18 жыл осы жерде ғұмыр кешіп, өткен жылы 93 жасында қайтыс болды. Сондай-ақ, осы ғимаратта бір жылдары балалар сүйек-туберкулезі шипажайы болғанда, математика пәнінен сабақ берген ұстаз Фаина Федоровна Рябунец тұрып келе жатыр. Олар 2012 жылы «Жұлдыз» республикалық балалар қоғамдық ұйымының «Алтын Жұлдыз» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар, біздің осы интернат үйі ашылғаннан бері еңбек етіп келе жатқан қызметкерлерімізді де ыстық ықыласпен атап өткім келеді. Олар асхана қызметкерлері Баян Тастенқызы Батаева және Ырысты Жасұланқызы. 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан медбикелер Анна Андриянова, Татьяна Манжук, санитаркалар Майраш Жарқынбаева, Валентина Самушкина, Сәуле Кеңесбаева, Дәметкен Баяшова, Ольга Выродова, повар Татьяна Бондаренко және тағы басқаларының еңбегі мақтанышпен атауға тұрарлық.
Бүгінде елімізде қарт адамдарға құрмет көрсетіп, көмек қолын созуға кең жол ашылуда. Соңғы төрт жылда біздің қарауымыздағы тоғыз интернат үйлеріне 2 миллиард теңгеге жуық қаражатпен күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мұның бәрі біздің қамқорлығымыздағы жандар үшін. Санитарлық бөлмелер мен есіктер үлкейтіліп, пандустар қойылып, түрлі іс-шаралар өткізіліп тұрады. Бір айтарымыз, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге келмейді. Ғимараттың ғасырдан асқаны баршамызға белгілі. Осыған орай, 2018 жылы жүз төсек-орындық жаңа ғимараттың іргетасы қалана бастады. Аздап қаржыға байланысты кідіріс болуда. Бірақ, бұл жаңа ғимаратқа да көшетін боламыз, – деді басқарма басшысы.
Ағымдағы жылы интернат үйіне 164 миллион теңге қаражат қарастырылған. Әрбір қамқоршыға жылына 1700 миллион теңге жұмсалады екен. Сонда, күніне 4660 теңге бөлінеді. Орталық барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бейнебақылау камералары орнатылған.
Шара барысында бір топ әлеуметтік қызметкерлер мен ардагерлерге облыстық басқарма басшысының, орталық әкімшілігінің Алғыс хаттары мен бағалы сыйлықтары табыс етілді.
Одан әрі сөз алған Макинка ауылының имамы Марат Бұланбай:
– Әрине, сөзбен айтып жеткізу қиын. Алла тағаланың адамға берген мейірімін оны тағы бір адамға жеткізу кейбір адамның қолынан келе бермейтін іс. Мен осы ауылда имам болып істеген 17 жылда орталықтың көп ісіне қанықпын. Бұл жерде үлкенді-кішілі қаншама адамдар мемлекетіміздің арқасында осы орталық қызметкерлерінің қамқорлығына бөленуде. Өмірде әртүрлі тағдыр болады. Осылайша адам баласына Алла тағала сынақты да әртүрлі жағдайда береді. Осы сынақ түскен пенделерді далаға тастамай, өз қамқорлығына алған үкімет, қала берді осы орталық қызметкерлері екені даусыз, – дей келе, қарияларға арнап, кілем мен қабырға сағатын тарту етті.
Салтанатты шарада Біржан сал ауданы әкімінің орынбасары Орынбасар Ахметова, аудандық мәслихат хатшысы Серік Жанатұлы Шәуенов, республикалық ардагерлерді ұйымдастыру бірлестігінің аудандық филиалының төрағасы Қайролла Хамитұлы Хамзин, аудандық газет редакторы Василий Виктрович Устьянцев, Макинка ауылы әкімінің міндетін атқарушы Денис Александрович Изов және облысымыздағы барлық орталықтардың директорлары да құттықтау сөз сөйлеп, орталыққа арналған өздерінің сый-сияпаттарын тарту етті.
Шара өтіп жатқанда қариялар мен мүгедектерге тамақ беретін Баян Тастенқызымен сөйлескенімізде: – «Иә, мен осы орталық ашылғаннан бері 30 жыл үздіксіз жұмыс істеп келемін. Үш баламмен Макинка ауылында тұрамын. Мұндағы ем алушылар өзімнің отбасымның мүшелеріндей болып кетті. Таңғы сағат алтыдан келеміз. Орталықта 93 адам болса, соның 15-і бөлмелерінен тамақтанады. Олардың бірі кәріліктен жүре алмаса, екіншілерін мүгедектік меңдеген. Ал, қалғандары асханаға келіп тамақтанады», – деді. «Егер бұл кісілер осы жерде о дүниелік болса?» деген сұрағымызға да іркілместен, «Егер, ол мұсылман болса, жергілікті имамды шақырып, арулап, соңғы сапарға шығарып саламыз», – деп жауап берді.
Салтанатты шараның соңы Біржан сал ауданының көркемөнерпаздарының концертіне ұласты.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯР.
Макинка ауылы,
Біржан сал ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар