Елімді биіктерден көргім келеді

Қай елде, мейлі қай жерде жергілікті ұлттың тілі мемлекеттік тіл болып саналады. Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Осынау ұлан-ғайыр далада өркендеп, тамырын жайып жатқан әрбір ұлт өкілі осы тілді құрметтеп, үйренуге міндетті деп санаймын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың күні кеше ғана өткен Қазақстан халқы ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында «Мен қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенімдімін.Біз біртіндеп осыған келе жатырмыз»деген сөзі жүрегіме жетті, көңілімнен шықты. Өйткені, біз Қазақстанда тұрғандықтан, осы елге құрмет ретінде қазақ тілінде сөйлеуіміз парыз.  Менің ұлтым – украин, бірақ, тілім – қазақ! Қазақ тілін анау айтқандай көркем әдебиет тілінде сөйлемесем де, барынша меңгердім.

Кең-байтақ қазақ жерінде кіндік қаным тамып, анам кір жуған. Сондықтан, мен осы киелі мекеннің тілі былай тұрсын, салт-дәстүрін, мәдениеті мен әдебиетін де құрметтеуім керек. Себебі, осында тұрып жатқан қай ұлтты алсақ та, бір атаның ұрпағындай сыйласып, бейбіт аспан астында, тыныштықтаөмір сүріп жатырмыз.

Тарихтан белгілі, қазақ жері өткен ғасырдың саяси бұралаңдарын, көптеген ауырпалықтары мен қиыншылықтарын бастан өткерген қасиетті мекен. Бұл жерге қаншама ұлт өкілдері күштеп әкелінді, қаншама ел жан сауғалап, аман қалды. Жергілікті ұлт өкілдері қай-қайсы болмасын жылы қабылдап, барын алдарына тосып, қолындағы соңғы нанымен бөлісіп, балаларына дейін бауырларына басты. Осыдан кейін қазақ деген ұлтты, оның тілі мен мәдениетін қалайша қадірлемеуге, қалайша құрметтемеуге болады?!

Менің әкем Ерейментау ауданының Киікпай деген қазақ ауылында туған. Ауыл балаларымен бірге ойнап, бірге өскен соң қазақшаға судай. Маған қазақ тілін әкем мен оның достары, одан қалды, өзімнің қатарластарым үйретті. Өзім Ерейментау ауданының Сілеті ауылындағы орта мектепті бітірдім. Қазақша, орысша еркін сөйлеймін. Оқушы кезімде қазақ тілі мен әдебиетінен аудандық пәнаралық олимпиадаларға қатысып, біраз жетістіктерге де жеткенмін. Кейін Степногорск қаласындағы Бөгенбай батыр атындағы облыстық спорт-интернатында оқыдым. А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің дене шынықтыру және спорт факультетінде оқып, диплом алдым. Қазір «Қасқыр» деген жеке спорт клубын ашқанмын, сонда бала жаттықтырамын.

Оқушыларыма қазақ тілін насихаттап, қазақша сөйлеңдер деп талап қоямын. Себебі, олар болашақ Отан қорғаушылар, келешек чемпиондар. Олар өз елінің патриоты болу керек. Ал, патриот болу деген елінің тілін біліп, тарихын танып, мәдениетін ұлықтаудан басталады. Қазір жаттығу барысында оқушыларымұлттарына қарамастан, қазақша сөйлеседі.

Клубтың атауын «Қасқыр» деп қоюымның өзі кездейсоқ емес. Оның артында тектілік, күш-жігер, қайрат, әділеттілік деген ұғымдар үйлесім тапқан. Әрі өз тәрбиеленушілерімді осылай көргім келеді.

Жоғарыда атап өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясына мен де қатысып, Мемлекет басшысының қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталдым. Осы ретте, ұлтаралық келісім, мемлекетіміздің, қоғамның дамуы жолындағы азды-көпті еңбегімді бағалаған еліме ризамын. Өзімді де, осындай ақжолтай мемлекетімді де биіктерден көргім келеді.

Николай ДУРАЧЕНКО.

Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар