Ұлағаты ғасырға ұласқан

Ұлы Отан соғысының ардагері, Оқу-ағарту ісінің үздігі, тіл жанашыры, тарихшы, ұлағатты ұстаз Бөкенбаев Әйткен Жүсіпұлы 1 мамыр күні көзі тірі болса  100 жасқа толар еді. Ұлағаты ғасырға ұласқан ұлт жанашырының осы бір мерейлі датасын ескерусіз қалдырмай ұрпақтары  туған-туыс, ағайынның басын қосып, 5 мамыр күні жамағатқа ас беріп, атамыздың рухына құран бағыштайды. 

Әйткен Жүсіпұлы 1924 жылы 1 мамырда қарапайым шаруа отбасында Целиноград ауданының Покровка ауылында дүние есігін ашқан. Ата-анасы еңбекқор, кісілігі мол, кішіпейіл, адами абзал қасиеттері жоғары, парасатты жандар болған екен.

Ұлдары да 1941 жылы Ақмолада №2-ші мектепті ойдағыдай тәмамдап,қазақ тілі мен әдебиеті бойынша он айлық курстытәмамдайды. Осыдан кейінқазіргі Родина ауылында, яғни, бұрынғы «Интернациональный» колхозындағы мектепте мұғалім болып еңбек жолын бастайды.Мектепте орыс балаларына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ бере жүріп,  олардың қазақ тіліне деген қызығушылықтарын арттырды. 1943 жылдың 4 наурызында  Қызыл Армия қатарына шақырылып, № 39-шы тың  атқыштар полкында комсорг батальоны, старшина ретінде Отан алдындағы борышын адал атқарады.  1945 жылы әскер қатарынан денсаулығы бойынша  босап, елге оралады. Қан майданда Отан алдында адал атқарған борышы елеусіз қалған жоқ.Әйткен Жүсіпұлы «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында қажырлы еңбегі үшін» медальдарымен марапатталды. Жеңістің әр мерейлі даталарына орай мерекелік медальдарына  да ие болған. Целиноград аудандық партия комитетінің, Еңбекшілдер аудандық Кеңесінің алғыс хаттары қаншама… Осының барлығы бүгінгі мақаламыздың кейіпкері қай ортада да, тіпті елімізге төнген қауіп-қатер болсын, сындарлы сәт болсын, үнемі қызу еңбектің ортасынан табылғандығын, елі үшін жанын пида етуден тартынбаған батыл әрі парасаты биік жан болғандығын анық аңғартатыны бар.

Қан майданнан оралғаннан кейін1945 жылы 27 қазаннан Покровка, қазіргі Ақмешіт ауылындағы мектепке ұстаз болып орналасып, оқушы балаларға тарих және география сабағынан білім берді. Өз мамандығын жақсы көретін, оқушыларына туған бауырындай қамқор бола алатын жанашыр ұстаз ретінде ел аузында жүріп, абырой биігінен көрінді.

Кейін, нақтырақ айтсақ, 1949 жылдың 26 шілдесінен бастап,Интернациональный  ауылындағы жетіжылдық мектебінің қайта құрылуына байланысты мектеп директоры қызметіне  тағайындалды. Сол қызметте 28 жыл үздіксіз қызмет атқарады. 1948 жылдан бастап «Приозерный» ауылдық Советі атынан депутат,аудандық сотқа кеңесші болды.

– Әкем өзінің пәнін терең меңгергенөнегелі ұстаз еді. Өз жұмысын жан-тәнімен жақсы көрді. Біздің үйде үлкен-кіші глобустар,неше түрлі карталар көп болатын. Қолындағы таяғымен тақтадағы картадан кез келген мемлекетті көзін жұмып тауып беретін.Еселі еңбегі  еш кеткен жоқ, елі жоғары бағалады. Кәрі,жас, басқа ұлт өкілдері,бәрі сыйлайтын. Ол кезде ұстаздарға көрсетілетін сый-құрмет ерекше еді ғой. 1953 жылы Қарағандының мемлекеттік институтында сырттай оқып, тарих пәні мұғалімі деген мамандық алып шықты. Арманы туған ауылына мектеп салғызу болатын. Өкініштісі, осы бір асқаралы арманы орындалмай, бар-жоғы 48 жасында өмірден ертте кетті. 48 жасының 28 жылын мектеп директоры болып қызмет атқаруының  өзінде қаншама ұлағат жатыр! Анамыз Зукан әкеміздің жарқын бейнесін соңынан ерген алты ұл, бір қызына үлгі етіп өтті өмірден. «Қайда жүрсеңдер де, сендер, ұлағатты ұстаздың ұл-қызы екендіктеріңді ұмытпаңдар! Еш уақытта да әкелеріңнің абзал атына кір келтірмейтін болыңдар» дегенді жиі қайталайтын, – дейді баласы Омар әкесі туралы естеліктерімен бөлісіп.

«Ерін сыйлаған есікте қалмайды» дейді қазақ даналығында. Құдай қосқан адал жарының жарқын бейнесін, рухын құрметтеп, балаларына әкесін қадірлеуді үйретіп, шаңырағының шырайын келтірген әзиз ананың ғазиз жүрегі, аппақ көңілі, адал өмірі кім-кімге болмасын үлгі екендігі анық. Омар ағамыздың айтуынша, анасы өте бауырмал, көркем мінезді, мейірімі шексіз, қонақжай, үлкендердің жолын кеспейтін, кісілігі де, кішілігі де бір төбе, өте сыпайы жан болған екен. Абысындарымен де, көрші-қолаңмен де, туған-туыс, бауыр-жекжатпен де сондай тату-тәтті өмір сүрген. Үйіне келген жанның барлығын бауырым деп қарсы алып, ақ дастарханына бар жақсысын тосып, құрақ ұшып қарсы алады екен. Жарқын, Қайдар, Абай,Жабай, Дариға, Қамар, Омарларының барлығы жұрт үлгі етер ұл-қыздар болып ержетіп, ел аузында көргенді балалар деген жақсы атқа ие болды. Бұл күнде олардың әрқайсысы өмірден өз жолын тапқан, өз биігіне шыққан ел ағалары. Бізге әкесінің өміржолын баяндап, оның ғибратын жас ұрпаққа үлгі етуге ниет білдірген Омар ағамыздың өзі тұнып тұрған ұлағат иесі. «Әкем Ғарифолла Құрманғалиевтің әндерін жақсы көріп тыңдайтын. Қазір сағынышымды әнмен басып, жүрегімді әнмен жұбатамын», дейді Омар аға одан әрі де әкеге деген ыстық ықыласын білдіріп.

– Өмір болғасын, әртүрлі жағдайлардың орын алатыны заңдылық. Елдің үлкендерінің айтуынша, сол кезде ауылда Трутенько есімді учаскелік инспектор бар екен, сол кісі ауылда бір келеңсіздік орын алса, алдымен біздің әкеймен кездесіп, ақылдасады деседі. Әкей кез-келген тәртіп  бұзушыны мектепке алдыртатын. Кейін жағдайды егжей-тегжейлі білген соң, ақылымен әлгіні өзі тезге салып, орнына қоятын. Қазақта «Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деген мақал бар ғой. Әкеміз де барынша елдің арасында ауызбіршілікті, бірлікті, ынтымақты сақтауды басты мұрат санаса керек. Үнемі сотқа халық арасынан кеңесші болып сайланады екен, сондай-ақ, жергілікті Кеңестерге депутат болып сайланып отырған. Осының барлығы ел халқының әкеміздің адал әрі білімді, көзі ашық, көкірегі ояу азамат ретінде танығанының белгісі деп ойлаймын. Біздің қара шаңырақтан қонақ үзілмейтін, келген кісіге дастарханымыз үнемі жаяулы болатын. Совхоз директоры Тимошенко Николай Гаврилович әкеміздің досы еді, егін себу, оны алу кезінде жұмыс бабымен біздің ауылда жүретін. Приозерный ауылдық Советінің басшысы Корчоковта әкеймен дос еді, жиі келетін. Бұл кісілер соғыс ардагерлері еді, достықтары кіршіксіз таза болатын, бірін-бірі сөзсіз түсінетін. Әкеміз көпшіл болатын. Апақай көршіміз, Естай Нұрбаев, Ахметов Сабыр, Достай Нұрбаев, Мұсалдин Есләм, Қали Аманбаев жезделеріміз, Қосман Түпбеков, Дайкен Кұрақпаев, Омаш Смағұлов, Бекен Ілиясов, Есімбек Табетов  нағашымыз, Қазез Мұсалдин, Жамбыл Кұрақпаев, Сағит Молдыбаев тығыз аралас-құралас еді. Әкеміз өмірден озғанда бір үлкен шкаф кітапқа толып тұрды, балаларым оқысын, білімді болсын деп жинаған екен.

Әйткен Жүсіпұлы ауыл жастарының тағдырына көп алаңдайтын. Оған куә шәкірттері күні бүгінге дейін жақсы естеліктер айтып отырады.Осы орайда:

– Мен Покровка жетіжылдық мектебінің 1958 жылғы түлегімін. Сыныбымызда он шақты оқушы болды, соның үшеуі қыз бала болдық. Ол кезде мектеп ғимараты өте шағын еді, онда алты-жеті сынып бөлмелері болатын. Сынып бөлмелері әрқашан тап-тұйнақтай, тап-таза, жап-жарық болатын.Мектебімізде 10-12 ұстаз еңбек етті, олардың көбі ер адамдар болатын, үшеуі ғана әйел адамдар еді. Қазір ойлап қарасам, сол ұстаздарымыз ешбір жоғары технологиясыз, ерекше көрнекіліксіз-ақ сөздің құдыретімен жақсы білім берген екен. Менің есімде ерекше із қалдырған ұстаздарым: тарих пәнінен сабақ берген Әйткен мұғалім, математикадан Сабыр мұғалім, казақ тілінен Орынбасар мұғалім.Ұстаздардың басын қосып, мектептегі барлық оқу үрдісін ұйымдастырушы әрі басқарушы Әйткен мұғалім білгір басшы ғана емес, өз пәнін жете меңгерген керемет ұстаз еді. Тарих пәнінен сабақ түсіндіргенде дауысын ерекше шығарып жан-тәнімен миыңа құйып беретін. Оқушыларға да қоятын талаптары жоғары болатын. Біз ол кісінің киген киімінен, сөйлеген сөзінен, жүріс-тұрысынан үлгі алатынбыз. Сырт көзге қаталдау көрінгенмен, жүрегі жұмсақ, адамгершілігі мол нағыз ұстаз еді. Мен де кейін ұстаздық жолды таңдадым. Тағдырдың жазуымен елге оралып, сол кездегі Целиноград ауданына қарасты Киров орта мектебінде жиырма жылдан артық уақыт ұстаздық қызмет атқардым, кейін Еуразия университетінде қазақ тілі кафедрасында істедім. Әйткен мұғалімді ұстаз ретінде ғана емес, үлкен отбасының иесі, ардақты әке, жанашыр туыс, Ақ мешіт ауылының құрметті азаматы ретінде де сипаттағым келеді. Ол кісінің өмірлік жары Зукән тәтем менің әкемнің туған қарындасының қызы, сондықтан Әйткен ұстазым маған жезде де болып келеді.

Бұл кісілер алты ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген ауылдағы іргелі де үлгілі шанырақ. Қазір жездеміз бен тәтеміз өмірден озғанымен, ата-ана салған сара жолмен келе жатқан, береке-бірлікті ту еткен балалары, немерелері, шөберелері бар. Ылайымда әулеттері өсіп-өрбіп, көбейе берсін, туыс ретінде амандық тілеймін. Бізді білім нәрімен сусындатқан, адалдық пен әділдікке тәрбиелеген аяулы ұстаздарымыздың жатқан жерлері жайлы болсын, – дейді шәкірті Зипаш Ағыманқызы.

Қолымызда бір кітапқа татитын көп дерек бар. Олардың барлығы Әйткен Жүсіпұлының өнегелі істерін баяндайтын естеліктер. Бірі адами келбетін үлгі етсе, енді бірі оның ұстаздық ұлағаты туралы баяндайды. Осындай көптеген жағымды жылы сөздер әсте жан баласын ойландырады, мына бейопа тірліктің әр сәтін өнегемен өрнектеген жандарға тәнті боласың һәм оларды өзіңе үлгі еуге тырысатының бар. Шәкірті Жақсылық Рақымұлы да:

– Әйткен ағамызды ес білген бала кезімнен білемін. Ол кісі орта бойлы, шымыр денелі кісі болатын. Тарих, география пәндерінен сабақ беретін. Ең  алғаш бүкіл әлемді, жер шарын, мемлекеттерді, тауларды, жер бетіндегі мұхиттарды, теңіздерді, өзендерді, көлдерді, бұғаздарды сол кісіден танып білдім. Ол кісі сабақ бергенде саңқылдаған дауысы коридорға дейін естіліп тұратын. Тарих пен географияны 4-5-ке оқыдым. Бұл дүниетану пәндері маған өте  ұнайтын.

Әйткен ағамыз 28 жыл ауылда мектеп директоры болып қызмет атқарды. Жүздеген бала оқытып шығарды. Бәрімізге өмір жолына жолдама берді. 1972 жылы наурыз айында кенеттен қайтыс болғанда біз, шәкірттері де қатты қайғырдық. Алла иман байлығын берсін. Артында қалған бала шағасына Алланың жақсылығы болғай, – деп еске алады.

Иә, ол кісі туралы мұндай жарқын естеліктерімен бөлісетін жандар айта берсе көп-ақ. Шынымен де, Әйткен ағамыздың өмірі – ұлағат, ісі – үлгі-өнеге. Халқымызда «Адам  өлген  күні өлмейді, ұмытылған күні өледі» деген қағида бар. Олай болса, Әйткен  Жүсіпұлы арамызда  жоқ  болғанымен, көзкөргендер тірі тұрғанда, қадір-қасиеті көз алдымызда  елес­теп, рухы да өшпейтіні, бізбен бірге өмір сүретіні сөзсіз. Аты аңызға  айналған азамат туралы жазылар да, айтылар да  сөз әлі алда болмақ…

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар