Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Бұланды ауданында жұмыс сапарымен болып, бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралап көрді, тұрғындармен кездесуінде олардың өтініш-тілектерін тыңдап, аудан орталығында біраз жылдардан бері шешілмей келе жатқан жылумен қамту, жол жөндеу, басқа да мәселелерге қатысты тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеді.
Тоғыз жолдың торабында орналасқан аудан орталығы Макинск қаласында алдағы жылдары облыстық бюджет есебінен бірқатар жобалар жүзеге асырылғалы отыр. Соның ішінде тұрғын үй құрылысы да бар. Үстіміздегі жылдың он айында 6,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Қазіргі таңда Макинск қаласында 45 пәтерлі тұрғын үй салынып жатыр. Жоба құны 304 миллион теңгені құрайды.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан бұл тұрғын үйден 30 пәтер көп балалы отбасыларына, қалған 15 пәтер кезекте тұрған азаматтарға беріледі. Ал, осы маңнан салынып жатқан тағы бір 45 пәтерлі тұрғын үй «7-20-25» бағдарламасы аясында келер жылдың аяғына қарай пайдалануға берілмекші.
Бірінші тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары 2018 жылдың шілде айында басталыпты. Құрылысты жүргізіп жатқан мердігер компания «DCT KAZAKHSTAN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі нысанды осы айдың соңында пайдалануға береміз деп отыр. Алайда, тұрғын үйдің ішкі әрлеу жұмыстары әлі шаш-етектен. Еден төселмеген, қабырғалар сыланбаған.
– Бұл үй мемлекеттік бағдарлама аясында көп балалы отбасыларына осы айда тапсырылуы тиіс болатын. Сіздердің жайбасарлықтарыңыздың кесірінен іс кейінге шегерілгелі отыр. Уақытты көп созбай, жұмыс күшін толық пайдаланып, құрылысты тездетіп бітіріңіздер, – деген Ермек Маржықпаев мердігер компания өкілдеріне ескерту жасады.
Макинскідегі жылу сақтағыш материалдарын шығаратын зауыт биылғы жылдың тамыз айында өндірісті қайта жандандырған. Жұмыс сапары кезінде серіктестікке ат басын бұрған облыс әкімі зауытты, сонымен қатар, жаңадан іске қосылған газоблок кірпішін шығаратын цехты аралап көрді. Кәсіпорынға өз ісін білетін жұмысшы мамандар қажет. Ермек Маржықпаев қала тұрғындарымен кездесуінде алдағы уақытта аудан орталығында жұмысшы мамандарды даярлайтын колледж ашу, жас-тарды қазіргі заман талабына сай жұмысшы мамандықтарына көптеп тарту мәселесіне ден қойды. Сондай-ақ, тұрғындардың үйлерін орталық жылу жүйесіне қосу туралы айтқан өтініштеріне былай деп жауап берді:
– Аудан тұрғындары қабылдауыма келіп, жылу мәселесін қозғаған болатын. Сол кезде сіздермен бетпе-бет кездесіп, мәселені шешуге уәде берген едім. Өздеріңіз байқағандай, қалада шешімін күтіп тұрған түйткілді мәселелер өте көп. Жақында келер жылдың бюджетін бекіткенде осы мәселелерді назарға алатын боламыз. Макинскіде жолдарды жөндеуге 300 миллион теңге қаржы бөлгелі отырмыз. Бұл – бір. Екіншіден, қалада салынып жатқан 45 пәтерлі екі тұрғын үйден бөлек, тағы екі көп пәтерлі тұрғын үй салынады. 2013 жылдан бері құрылысы тоқтап тұрған жылу қазандығын салып бітіруге 600 миллион теңгеден астам қаражат бөлінеді. Осы жылу қазандығының құрылысын аяқтап, одан жылу құбырларын тарту немесе блокты-модульді жылу қазандығын орнату арқылы үйлеріңіз келер жылы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылады.
Жұмыс сапары кезінде облыс әкімі Макинскідегі аяқталмай қалған, сондай-ақ құлдырау кезеңінен бері бос жатқан ғимараттарды аралап көріп, тиісті мекемелерге оларды жөндеуден өткізу, тұрғын үй, білім беру мекемесінің ғимаратына лайықтап салу мәселесін қарастыруды тапсырды. Қаладағы арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болғанында осында тұрып жатқан қарттардың хал-жағдайларын сұрап, алда келе жатқан мемлекеттік мереке Тәуелсіздік күніне орай мекеме ұжымына сыйлық табыс етті. Қарттар үйі ғимаратының шатырын жөндеу, сондай-ақ, қаладағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ғимаратын жөндеуден өткізу мәселесін қарастыратынын айтты.
Маман тапшылығы аудандық ауруханада да байқалады. Биыл медициналық мекемеге жаңадан үш қызметкер жұмысқа келген. Өткен айда аудандық әкімдік жеті жас маманға баспана беріпті. Облыс әкімі аурухананы аралау барысында науқастардың хал-жағдайларын сұрап, алда келе жатқан мерекелерімен құттықтады. Сапар соңында №5 Макинск орта мектебінде болған облыс басшысы аудан әкіміне білім ошағына қыста жылудың дұрыс берілмей келгені үшін бірқатар лауазымды тұлғаларға сөгіс жариялауды тапсырды. Сонымен қатар, мектепте кадр мәселесін дұрыс ұйымдастыру жөнінде тиісті мекемелерге ескерту жасады.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Бұланды ауданы.