Облыс әкімі Ермек Маржықпаев «Ақмола – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінде жеке бастарының мәселелері бойынша келген тұрғындарды қабылдап, мүмкіндігінше кейбір мәселелерді сол арада шешсе, бірқатар мәселелердің заң аясында қарастырылатынын айтты.
Бұл жолы қоғамдық қабылдауда болған тұрғындар өңiр басшысы алдында сумен жабдықтау, жол қатынасы, кәсiпкерлiктi, ауыл шаруашылығын дамыту және әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді көтерді. Көкшетау қаласының тұрғыны, бірінші топтағы мүгедек, «Көкшеутилизация» серіктестігінің директоры Владимир Плетнев қоқыс таситын көлік сатып алуына көмектесуді сұрады. Қабылдауда айтылғандай, кәсіпкер «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы субсидия түрінде мемлекеттік қолдауға қол жеткізе алады. Облыс әкімі кәсіпкердің қолға алып отырған кәсібі қала үшін маңызды екенін айта келе, бұл мәселені қала басшылығына заң аясында қарастыруды тапсырды.
Ал, Бурабай кентінің тұрғыны Аягөз Тлеулина балалардың шығармашылығын дамыту орталығын ашуда туындап отырған кейбір кедергілер туралы айтса, Целиноград ауданының Ақмол ауылынан келген Нұрбол Аязбаев өзі басқаратын «Табыс» ПКФ» серіктестігіне су, жол тарту сияқты инфрақұрылымды дамытуда мемлекеттік қолдау көрсету мүмкіндіктерін қарастыруды сұрады. Облыс басшысы балалардың шығармашылығын дамыту орталығын ашуда туындап отырған кедергілер бойынша тиісті органдар айналысатынын түсіндірсе, «Табыс» ПКФ» серіктестігіне сумен қамтамасыз ету мәселесі шешілетінін, ал, жол салуға келетін болсақ, ауданға сапары барысында өзі соғып көретіні туралы уәде берді.
Қабылдауға келген облыс орталығындағы «Мирас» қоғамдық қорының атқарушы директоры Ирина Костицына Көкшетау қаласында кризистік орталық ашуды және Щучинск қаласында ерекше білімге мұқтаж балаларға білім беру үрдісін ұйымдастыруды жоспарлап отыр екен. Оның сөзінше, бүгінгі күні мүгедектер, дамуында ерекшелігі бар балалар, қарттар және тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсететін кризистік орталық қажет.
Дәл, осындай сұрақпен бірінші топтағы мүгедектерге көмек көрсетумен айналысатын «Қайырымдылыққа сенім» қайырымдылық қорының төрайымы, екінші топтағы мүгедек Татьяна Спиглазова да жүгінді. Ол өз кезегінде қор орналасатын ғимаратты жалдау мәселесін көтерді, сондай-ақ, жүріп, отыра алмайтын бірінші топтағы мүгедектерді тасымалдау үшін арнайы реанимобиль қажет екенін айтты. Облыс басшысы бұл мәселені шешу мүмкіндіктерін тиісті сала басшылары қарастырып, алдағы уақытта нақтылы жауабын беретінін айтып түсіндірді.
Бұдан бөлек, қабылдауда кәсiпкерлiктi, ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері бойынша бірқатар тұрғындар болып, өздерін толғандырған сауалдарын облыс басшысына тікелей қойды.
Ермек Маржықпаев қабылдауға келген барлық азаматтардың өтініш-тілектері ескеріліп, заң аясында шешілетіндігін айта келе, азаматтардың арыз-шағымдарын бақылауға алуды тапсырды.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.