Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Оттан да ыстық Атажұрт - АРҚА АЖАРЫ

Оттан да ыстық Атажұрт

Қазақстанның, шындап айтқанда қазақ халқының сан ғасырлық арман-мақсаты ол – азаттық, тәуелсіздік болатын. Сол азаттықтың жолында қаншама бабаларымыз өздерінің ғұмырларын сарп етті, бастарын берді. Осы жолда ғұмырларын азаттыққа бағыштап, соған арнап, күрескерлік рухтың үлкен бір үлгілерін көрсетіп кетті.

Атажұрттағы, тарихи Отандағы қазақтардың егемендікке, тәуелсіздікке деген талпынысын шеттегі қазақтар да кереметтей сезініп, соны жүрегімен қабылдап, ұғынып, армандап, соған алыста болса да, бір үн қатып жататын. Қалай айтқанмен де, тарих дөңгелегі диалектикалық заңдылықпен жылжитыны рас. Ешқандай империя ұзақ жасамайды. Кеңестік жүйе, кеңестік үлкен бір империя ерте ме, кеш пе ыдырайтыны көзі қарақты, көкірегі ояу адамдарға белгілі болды. Сол бір сәттер біздің әлі көз алдымызда, санамызда.
1991 жылы 20 қазан күні Қазақстанның Тәуелсіздік декларациясы қабылданды. Одан кейін сол жылы желтоқсан айының 16-сында Қазақстан өзінің тәуелсіздігін мемлекет екендігін жариялады. Біз ол кезде Моңғолияда Баян-Өлгей аймағында тұрып жатқан едік. Сол үлкен қуанышты, ғасырлық арманның орындалуын біз ерекше бір сезіммен қабылдадық. Бұл қуанышты жаңалықты теледидардан көріп, көзге жас алдық.
Бұл күллі қазақтың мейманасы тасыған, арманға қол жеткізген, алыстан бір сәулеленіп көрінген үміттің шындыққа айналған күні деп білемін. Қазақстанның тәуелсіздік алуы Қазақ елінің ішкі және сыртқы саясатын дербес жүзеге асыруына мүмкіндік берді. Шеттегі қазақтармен қарым-қатынас бұрынғыдан бетер жандана түсті. Әсіресе, Моңғолиядағы қазақтармен рухани-мәдени, білім саласындағы қарым-қатынас өте жақсы болатын.
Дегенмен де, Қазақстан тәуелсіздік алып жатқан кезде шеттегі қазақтың алыстан қол бұлғап, қошемет қана көрсетіп отырғаны, шындығын айтқанда, санаға сыймайтын нәрсе. Атажұртқа көшіп келу әңгімесі Қазақстан тәуелсіздігін алмай тұрып, содан бір-екі жыл бұрын тілімде пісіп жетілген дүние болатын. Моңғолиядағы 150 мың қазақтың ортасында екі-үш азамат, нақтылап айтсам, белгілі түрколог ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы, марқұм Солтаншәріп Төндібайұлы және мен «Қазақтың ұлттық бірлік қозғалысы» деген қоғамдық-саяси ұйым құрған едік. Соның айналысына қазақтарды топтастырып, Қазақстаннан ақын-жазушыларды, өнер адамдарын шақыртып, тарихи Отанымызды насихаттауды екі-үш жыл бұрын бастағанбыз. Қоғамдық-саяси ұйымымыздың платформасында қазақтардың басын біріктіру, шеттегі қазақтарды атажұртқа қоныстандыру идеясы болатын. Осындай қоғамдық-саяси жаңа бір сілкіністің арқасында аймақтың сол кездегі әкімі болған марқұм Мизамхан деген азаматқа шығып, Моңғолиядағы қоғамдық-әлеуметтік жағдайды түсіндіріп айтып, соған байланысты Баян-Өлгей аймағында шоғырланған қазақтарды Қазақстанға көшірудің тиімді жолдарын қарастырып, еңбек күші ретінде шығарудың жолдары бар екендігін алдын ала біліп, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа аймақ әкімінің атынан хат жаздық. Сол хаттың мәтінін жазған мен едім.
Сол басталғаннан Ұланбатыр, Эрдэнэтте тұратын қазақтар да қозғалып, 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін алардан бірнеше ай бұрын Моңғолиядағы қазақтар Қазақстанға жұмыс күші есебінде жіберіле бастады. Ал, шындығына келгенде, Баян-Өлгейдегі қазақтың түп қопарылып, үлкен ұлы көшті бастаған шағы 1992 және 1993 жылдар болатын. 100 мыңға жуық қазақтың Баян-Өлгейден бері қарата көшуінің арғы жағында Қазақ еліне деген махаббат, қазақ жұртына деген сағыныш жатқанын сөзбен айтып жеткізу қиын. Осының барлығы дербес тәуелсіз Қазақстанның өз қолы өз аузына жетіп, өз тағдырын өзі шешетіндей қауқарға келгендігінің, сол кездегі Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың шеттегі қазақтарға деген үлкен қамқорлығының жемісі деп білеміз.
Әкем екеуіміз, тағы бір топ азаматтар бар, сонау 1992 жылы бұрынғы Уәлиханов ауданының үш сов-хозына алпыс үй көшіріп әкелдік. Сол жылы елге келгенде бірде-бір шетелдің қазағы, соның ішінде Моңғолияның қазағы жоқ екен Көкшетауда. Жалғыз үй мен болдым. Содан кейін қалада зиялы қауым өкілдерінің біразымен танысып, сол кісілер Шоқан Уәлиханов атындағы педагогикалық институтына аға оқытушы болып орналасуыма көмектесті.
1993 жылы Көкшетау қаласына Жанат Қасым бастаған Алаш қозғалысының, «Семей-Невада» ұйымының мұрындық болуымен облыстық, қалалық әкімдіктерге шығып, Көкшетауға тағы сегіз отбасын көшірдік. Сол көштің басында Жеңіс Темірханов есімді азамат екеуіміз жүрдік. Арнайы автобус жалдап, Баян-Өлгейге барып, оқыған-тоқыған, зиялы, өнерлі деген отбасыларын көшіріп алып келдік. Қазіргі таңда солардың көбісі осында аһарлы-шаһарлы отбасына айналды, іргелерін кеңейтті, құда-жекжатты болды, қысқасы осы Көкше топырағына, Қазақстанға балдай батып, судай сіңді.
Қалай айтқанмен де, еліміз қалай тәуелсіздік алғанының, осы мақсатқа жету үшін Қазақстан қандай жолдармен жүріп өткенінің біз тікелей куәгеріміз. Сол Тәуелсіздікті біз өзгелермен бірге қолымызбен ұстап, көзімізбен көріп, сана-сезімімізбен бағамдап сезініп, шама-шарқымызша егемендіктің баянды болуына үлес қосып жатқан қазақтармыз. Атажұртта бақыттымыз.
Жоғарыда айтып өткенімдей, Көкшетауға келгенде алғаш педагогикалық институтта еңбек еттім. Өмірімнің он жылы газетте өтті. Театрда, телеарнада да қызмет атқардым. Журналистер Мәтен Бижанов, Серік Жетпісқалиев үшеуіміз «Бұқпа!» газетін аштық. Шығармашылықпен қатар, ғылыми жұмыстармен де айналысып келемін. 1991 жылы «Түркі-моңғол эпостарының сюжеттер типологиясы» деген ғылыми жұмысты жазып, осы жобам әртүрлі жағдайларға байланысты қорғалмай қалған болатын. Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер инстутының фольклортану бөлімінде істеп жүргенімде ғылыми жобамды әрі қарай жалғастырудың орайы келіп, аталған тақырыбым бойынша Қырғызстандағы Шыңғыс Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының ғылыми кеңесінде жобамды сәтті қорғап, филология ғылымдарының кандидаты деген атақ алдым. Сол аралықта магистратураны бітіріп, екі үлкен монография жаздым. Қырғызстанда қорғалған кандидаттық дипломның негізінде биыл Қазақстанның Білім және ғылым министрлігінің шешімімен маған философия докторы атағы берілді. Қазіргі таңда Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінде, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде оқытушы болып еңбек етемін.
Қазақтың ұғым-түсінігінде «уызынан жарыған деген сөз бар». Төл уызынан жару керек, уыз ішпеген төл әлжуаз болады. Адам да солай. Кешегі XIX ғасырдағы көшпелі өмірдің жұрнағын көрген шеттегі қазақтар уызынан жарыған десем, бұл пікірім жаңсақ болмас. Олар халқымыздың ауыз әдебиетін, фольклорын сақтап қалуға тырысты. Өйткені, бұл олар үшін өте қажет болды. Оны сақтамаса, олар жұтылып, жоғалып кететін еді.
Екіншіден, қазақтың қанында бар нәрсе – өнерпаздық қабілет. «Әу демейтін қазақ жоқ» дейді ғой. Шеттегі қазақтардың көбісі дерлік суырып салмалық, қара өлең айту өнеріне жақын. Қазір кеңінен таралған «Қара жорға» биі Моңғолия қазақтарында сақталынған. 1975 жылы Ұланбатырда Моңғолияның оқушы пионерлерінің слетінде осы қара жорғаны билеп, күміс медаль алғаным бар. Бұл биді кілең ерлер билейтін. «Қара жорға» ешқандай да қытайлардың, моңғолдардың емес, ата заманымыздан келе жатқан түркілердің биі. Бұл биді қайдан үйренді дейсіздер ғой, сол ауылдағы ақсақалдардан үйрендім. Ол жақта өнер жақсы сақталынған.
Тағы бір айта кететін дүние, шетте тұрсақ та, Қазақстанмен байланысымыз жақсы болды. Сонау қырқыншы жылдардан бастап Баян-Өлгейдің қазақтары аз-маз болса да, Алматыға барып оқып тұрды. Солардың біреуі менмін. Әкем де Алматыда оқыған. Қазақстанда қандай баспа, газет-журналдар шықса, соның бәрін алып тұрдық. Ол бізге үлкен бір рухани кемелдік берді, жасыратыны жоқ. Ұлтқа, ұлттың өнеріне, әдебиетіне, мәдениетіне деген кереметтей аңсарымыз бар еді. Сондықтан, біз Атажұртымыздан тамырымызды үзгеніміз жоқ. Шетте жүрсе де, әр қазақ өз баласын қазақ қылып тәрбиелеп, қазақ қылып қалдырып кету, қазақ қылып сақтап қалуға деген жанкештілікті көрді.
Өз басым, «Мәңгілік ел» идеясы өте құптарлық дүние деп білемін. Оны дақпырт қылмай, нақты іске асыру керек. Оны әр қазақ өзінің санасына жазып, жүрегіне ұялатып, отбасындағы баласына соны сіңіру керек. Әркім әртүрлі жағдаймен, экспансиямен өздерінің дүниесін құндылыққа балап, бізге тықпалап жатыр. Оның бізге ешқандай қажеттілігі жоқ деп есептеймін. Қазіргі таңда ұлттық құндылық, рухани жаңғыру жайлы көптеген әңгімелер айтылып жатыр, істеліп те жатыр. Оны жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен де, тәуелсіздікті алғанымызға міне, отыз жылға жақындап қалды. Тәуелсіздікті алғандағы сезім ыстық әрине, бірақ одан да өткен ыстық дүние бар, ол – осы тәуелсіздікті баянды ету. Біздің басты құндылығымыз – осы.
Ерболат БАЯТ,
философия докторы, Қазақстан
Жазушылар одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар