Тұғыры биік Тәуелсіздік – мәңгілік елдің айғағы

Тәуелсіздік – қазақ халқының тарихындағы ұлы бабалардың асқақ арманының, аманатының айшықты айғағы. Сан ғасырлар бойы қилы замандарды басынан өткерген қазақ халқының, ғасырдан-ғасырға ұласқан еркіндік жолындағы айбарлы күрестерінің жалғасы болған 1986 жылдың 16 желтоқсаны Тәуелсіздіктің бастауы болды. Қазір тәуелсіз, іргелі ел екенімізді әлем мойындады. Алпауыт елдермен терезесі тең мемлекетке айналдық. Ұлттық құндылықтарымыз қайта жаңғырып, рухани дүниелеріміз қайта оралды.

Тәуелсіздік бірқатар іргелі істерді атқаруға мүмкіндік берді. Қазақ халқының бай мәдени мұрасы әлемге танылып, қазақ атты қайсар рухты ел саяси аренаға көтерілді.
Иә, бұл Тәуелсіздік атты ұлы сөздің құдіреттілігі осында. Қазіргі таңда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылуы ұлттық құндылықтарымызды түгендеу жолындағы тағы бір ұмтылысымыз. 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні қарсаңында «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы» мемлекеттік мекемесінде Көкшетау медициналық колледжі студенттерінің қатысуымен «Тұғыры биік Тәуелсіздік – мәңгілік елдің айғағы» атты акция ұйымдастырылып, Ақмола облысының тарихи-мәдени мұралары туралы деректер таныстырылды. Сонымен қатар, Тәуелсіздік мерекесіне орай Көкшетау қалалық үлгілі қазақ кітапханасымен бірлесіп, «Мәңгілік ел» тақырыбында іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шара барысында Көкшетау жоғары техникалық колледжі студенттеріне Тәуелсіздік жолындағы қазақ мемлекетінің басынан өткен тарихы туралы деректі фильмдер көрсетіліп, Ұлан Зейнелқабделұлы, Нұрлан Қыстауұлы сияқты жастар рухымызды көтеретін өлеңдер оқыды. Студенттер сонымен бірге, Ақмола өңірінің киелі жерлерінің тарихымен танысып, қызықты мәліметтер алды. Осылайша Тәуелсіздік күні құрметіне тағылымы зор шаралар ұйымдастыру орталықтың игі дәстүріне айналып отыр.
Ел ертеңі – бүгінгі жастар. Сондықтан, жас ұрпақтың санасына тәуелсіздіктің қадір-қасиетін сіңіріп отыру баршамызға ортақ міндет. Осы орайда, ақын Қалақаман Сариннің тәуелсіздігімізге арнап жазған:
Саған жету қиын болса қаншалық,
Сақтап тұру қиынырақ одан да.
Алла берген азаттықтың әр сәті,
Аманат қой саған, маған, оған да! –
деп келетін өлеңі бәріміздің көкейімізде жүрсе дейміз. Сонда ғана Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, негізі мықты болмақ.
Ғалия НАЗАРҚЫЗЫ,
Ақмола облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының қызметкері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар