Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
22 желтоқсан – Энергетиктер күні - АРҚА АЖАРЫ

22 желтоқсан – Энергетиктер күні

Ел экономикасының маңызды буыны

Біз өзіміздің кәсіби мерекемізді төртінші өнеркәсіптік революция дәуірінде қарсы алып отырмыз. Бүгінгі күні елімізде «100 нақты қадам» Ұлттық жоспары жүзеге асырылуда. Мұндағы 50, 51, 52 бағыттар республикамыздың электр қуаты саласын қамтиды. Осынау маңызды жоспарларды іске асыруда «Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымы іскерлік және жоғары біліктілік қасиеттерімен алда болуға күш салып келеді.

Біз қызмет көрсететін аймақта электр қуаты индустриясы тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде айрықша серпін алғанын атап көрсету керек. Атап айтсақ, өткен ғасырдың 50-85 жылдары көптеген электр тарату желілері мен подстанциялар салынды. Әйткенмен, уақыт ағымы өз үстемдігін көрсетуде. Сол жылдарғы жабдықтар өзінің нормативті мерзімінен 1,5-2 есе, кейбірі 3 есе артық қызмет етуде. Бағаналардың ағаш тіреніштері 25 жылдың орнына 70 жыл бойы ауыстырылмаған жағдайлар бар. Соған қарамастан ұйымшыл ұжым өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып келеді деуіміз керек.
Осы орайда, алғашқы кезеңдегі қиындықтарға қарамастан, аға буынның ерлікке тең еңбектері әрқашан өнеге сатысында тұратынын айтқымыз келеді. Өкінішке орай, олардың біршамасы қазір арамызда жоқ. Біздің ұжымда жуырда кәсіподақ ұйымы жұмысын қайта жалғастырды, техникалық кеңес белсенділік танытуда. Мен осы жағдайларды ескере отырып, өз ұжымымызда 2020 жылды «Аға ұрпақ жылы» деп жариялауды ұсындым. Ендігі жерде серіктестіктің абыройлы құрылымдары, подстанциялар сол ардақтыларымыздың есімімен аталып, даңқ музейі ашылатын болады.
Бүгінгі ұрпақтың мойнындағы жүк те салмақты. Мұны ел экономикасындағы өзгерістермен, яғни, жоспарлы экономикадан нарықтық қадамдарға көшуімізбен байланыстырғанымыз жөн. Жаңа бетбұрыс еңбек қатынастарын қайта бөлуге, заманауи технологияларды енгізуге, жалпы қоғамдық көзқарастың өзгеруіне алып келді. Біздің сала көптеген тосын жағдайлардан жол табуға талпынуда. Мәселен, соңғы 20-30 жылда ішкі және сыртқы миграция күшейді. Кезінде салынған 35 және 110 кило/вольттық қуат желілері мен подстанциялар сұраныстан шығып қалуда. Бұлардың көпшілігі 1-ден 10 пайыздық жүктемемен жұмыс істеуде. Электр қуатының экономикалық тиімділігі төмендеді. Осыған байланысты біз 15 подстанцияның санатын өзгертіп отырмыз.
Қолда бар мүмкіндіктерді пайдаланып, «Байлөсті-Советская» бағытындағы 34,5 километрлік қолданыстан шыққан электр желісін тараттық. Бұдан босаған материалдардың бір бөлігі Южная, Черноховская бағытындағы 35 километрлік құрылыс жұмыстарына пайдаланылды. Транзиттік бағыттағы мәселелер де кезең-кезеңімен шешілу үстінде. Атқарылатын жұмыстар мұнымен де шектелмейді.
Бұған қосымша, 75 километрлік электр желісі 10 квт. қуаттағы өлшемге көшірілді. Сонымен қатар, әлгі желілер асфальт және тас жолдар бойына, жылдам жетуге қолайлы аймақтарға орналастырылды. Бұл орасан көп жұмыс. Себебі, өткен жылу беру науқанында, далалық жерлердегі жоғары кернеулі желілердегі ақауларды қалпына келтіруде және оған дер кезінде жетіп баруда қиындықтар туындады. Қазіргі күні біз Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстық әкімдіктеріне елді мекендерді электр қуатымен қамтудың перспективалы кестесін жасауды ұсындық.
Жалпы, «Көкшетау-Энерго» ЖШС қайта құру мен қалпына келтіруге қыруар қаржы керек. Бұл мемлекеттік деңгейде шешіледі деген үміттеміз. Өзіміздің инвестициялық жобаларымызды да қайта қараудамыз. Монополияға қарсы комитет пен ҚР Энергетика министрлігі бұл жобаларға өзгерістер енгізіп, бекітіп берген. Осының нәтижесінде, биыл материалдық-техникалық жағдайымыз біршама нығайды. Нақтылай түссек, ақаулы кабельдерді табуға көмектесетін, трансформатор майын тазалайтын циолитті жабдықтар, кабель төсеніштерінің бұрғылау қондырғылары сатып алынса, автомобиль паркіміз 25 тонналық кранмен және кең алымды үш автомобильмен толықты. Бүгінгі мереке күні осындай үш машина серіктестік құрылымдарына табыс етіледі.
«Көкшетау-Энерго» өз қызметін цифрлық жүйеге көшіруде айтақаларлықтай қадам жасады. Әсіресе, тұтынушыларға электр қуатын таратуда биллингтік жүйемен қызмет көрсету, дерек базасын күнделікті жаңғырту, есептеу құралдарындағы көрсеткіштерді смартфондарға түсіру қызмет көрсетудің қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуде. Биыл Көкшетау қалалық электр желісінде орталықтандырылған қызмет көрсету және CALL CENTRE орнын аштық. Екінші деңгейлі банктер қызметін пайдалану өрісін кеңейттік. Бұл қосымша қолайлылықтар алып келгені белгілі. Осының нәтижесінде, өткен 11 айда 2018 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда өндірістік шығындар 25,2 миллион киловольт-сағатқа азайды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауында адам капиталының сапасын жақсартуды басты міндет етіп қойды. Біз қолда бар резервтерді іске қосып, кәсіпорын ұжымының орташа айлық еңбек ақысын 42,5 пайызға көтеріп отырмыз. Сондай-ақ, біздің басты мақсатымыз еңбек қауіпсіздігін сақтау, серіктестік қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайларын одан әрі жақсарта түсу болып табылады.
Біз жылдағы дәстүр бойынша кәсіби мерекемізді жоғары табыстармен қарсы алып отырмыз және 2019 жылға белгіленген жоспарларымызды абыроймен орындаймыз деп айта аламыз.
Мереке құтты болсын, әріптестер!

Досымхан Аралбаев,
«Көкшетау энерго» серіктестігінің бас директоры

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар