Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ауыл күнін өткізу құптайтын бастама, егерде... - АРҚА АЖАРЫ

Ауыл күнін өткізу құптайтын бастама, егерде…

Әнші Мақпал Жүнісованың теледидардан жиі беретін ауыл туралы әніндегі «Анам сүйенген шарбақтан…» деген тұсын қанша тыңдасаң да, тыңдағың келе береді. Меніңше, әркімнің де өз ауылындағы анасының іс-қимылы әлі күнге сол қалпында көз алдында. Содан бері көп жылдар өтсе де осы әңді естіп отырғанда өмірден ерте өткен анам Хадишаның жаздың жайма шуақ күндерінің бірінде екі табаның арасына салып, тезекпен нан пісіріп жатқаны және тағы басқа істері көз алдыма елестейді.

Біздің дүниеге келген, балалық шағымыз өткен уақыт өте бір қиын кезең болса да, ауылдың тіршілік істері сол кездегідей көз алдыңнан кетпейді. Еркектер ұжымшардағы жұмыстарына қоса, қысқа отын дайындау, мал азығын жинау сияқты істермен айналысып, әйелдер қауымы үй шаруашылығында күн шыққаннан түнге дейін еңбек етіп жататын. Көптеген зиялы қауым өкілдері, жалпы, көпшілігіміз ауылда тәрбиеленіп өстік. Әлі де болса ұлттық тәрбие қалаға қарағанда ауылдық жерлерде жақсы сақталып келеді. Меніңше, ауыл – ұлттық тәлім-тәрбиенің өзегі.
Сондықтан, «Ауыл – ел бесігі» жобасы ауыл халқының әл-ауқатын, әлеуметтік және жалпы инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған. Үкімет келешегі бар және келешегі жоқ ауылдарды анықтады. Цифрлары есімде жоқ, жобасы төрттен үш бөлігінің келешегі бар деп есептелсе, төрттен бір бөлігі келешегі жоқ болып табылды. Әрине, бұл жағынан Үкіметті кінәлауға болмайды. Кішкентай ауылда бала саны өте аз, онда мектеп ұстауға жұмсалған қаржы өзін-өзі ақтамайды. Мұндай балалар мекемесіне жас мамандар да келе қоймайды. Содан білім сапасы төмен болады. Осындай жағдайда Үкіметтің қаржысы барлық саланы ойлағандай дамыта беруге жетпейді.
Осының бәрін айтып отырғанымның себебі, соңғы жылдары «Ауыл күні» деген термин айтылып жүр. Өте орынды бастама. Ал, бірақ, кейбіреулердің түсінігі бойынша жазда бір күнді белгілеп, жерлестер кездесіп, ойын-сауық өткізіп, ас ішіп тарқасу. Меніңше бұл дұрыс емес.
Ауыл күнін өткізудің бір мақсаты болғаны дұрыс. Мысалы, ауылың келешексіз деп есептелсе, Үкімет қаржы бөлмейді. Бұған көбіне кішкене қазақ ауылдары кіреді. Сонда ауыл қалай өмір сүруі керек?! Сол ауыл құлдырап кетпеудің жолын қарастыру керек. Ауыл тұрғындарына ең бірінші қажет тауарларды алып тұратын дүкен керек дейік. Дүкенді ашу үшін ғимарат, дүкенші, орталықтан тауар жеткізіп тұратын көлік керек. Осы үш мәселені шешетін кім? Өз ауылына жаны ашитын, осында туып-өскен азаматтар. Қазір әрқайсысы жан-жақта жүрсе де, бір күнді белгілеп ауылда кездесіп, барлық проблемаларды анықтап, оны шешудің жолдарын қарастырып, бағдарлама жасағандары дұрыс болар еді. Бір жылда ауылдың бірте-бірте бір-екі проблемалары шешіліп отырса, ауыл тұрғындарының біразы үйренген жерінен көшпей тұрып қалар еді. Сонда ауыл ел картасынан өшіріліп қалмас еді.
Бұл әрқайсымыздың арманымыз бен ойымыз. Ол өзінен-өзі бола қалмайды. Оған еңбек етуіміз керек, қаржылай көмек көрсетуіміз қажет. Көбіне біз, зейнеткерлер қаржы жағына келгенде сараңдық танытамыз, өзіме де жетпейді деп. Ата-бабамыздың сөзі бар: «тарта жесең тай қалады…» деген. Ауыл қандай болса да, оның өмір сүруіне үлес қосу сол ауылдың топырағына кіндік қаны тамған әрбір азаматтың парызы.
Елімізде бір ауылды ұстап отырған кәсіпкерлер де, шаруашылық иелері де жетіп артылады. Солардан үлгі алатындар аз. Біразымыз дайын асқа тік қасық деп жүрміз. Ол заман өтті. Ауылымызды сақтаудың бір жолы – Ауыл күні жай жерлестер кездесіп тарасумен шектелмей, туған елді мекенімізге бір пайдалы шаруа атқарып, келесі кездесуімізге дейін нендей мәселені атқаруымыз керек екендігін анықтап тарқасқанымыз дұрыс болар еді. Сол ауылда балалық шағымыз өтті, кейбіреуіміздің туыстарымыз, замандастарымыз тұратын шығар. Ең негізгісі, сол ауылдың бейітінде ата-анамыз немесе жақын туыстарымыз жатыр. Солардың аруағын сыйлау – әрқайсымыздың парызымыз. Бұл онымен қоса, еліміздің әр ауылының көркеюіне қосқан үлесіміз болар еді.
«Арбаны қыста дайында» деген қағида бойынша жазда өткізетін Ауыл күніне дайындықты қазір бастаған дұрыс болар еді.
Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар