«Менің Қазақстаным» әнін шырқап бардық…

Тәуелсіз ел болу ата-бабаларымыздың басты мақсаты, киелі, қастерлі арман-тілегі еді. Бұл жолда талай шайқас, соғыстар өтті, талай арыстарымыз, боздақтарымыз құрбан болды. Сол арман-тілектің бүгінгі байрағын көтерген желтоқсан жастарының көтерілісі соның айғағы. Өзім куә болған осынау тарихи оқиға туралы көзіммен көрген, есімде қалған жайттарды жазып қалдыруды жөн көрдім.

Мен 1986 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының (ҚазПИ) көркемсурет-графика факультетінің екінші курсында оқып жүрдім. Желтоқсанның 17 күні сабақтан шығып, Совет көшесі, 28 Панфиловшылар саябағының маңында орналасқан №2 жатақхананың алдында достарыммен әңгімелесіп тұрдым. Олардан кеше пленум өткенін, біздің елімізді басқаруға Қонаевтің орнына Колбиннің жіберілгенін естідім. Сол кезде біздің жатақхананың жанынан өтіп бара жатқан жастар шеруі өздеріне қосылуға шақырды, біз соларға қосылдық. Ол жастардың мақсат-ойлары елімізге қазақ немесе Қазақстанда туған басқа ұлт өкілін басшы етіп ұсыну екен.
Біз алаңға жеткенше Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әнін шырқап, алда тұрған жасақтың тосқауылына қарамастан, жиналған жастарға қосылдық. Біз өз талап-тілегімізге тиісті жауап күтіп, мінберге қарап тұрмыз. Бірақ, ел басшыларынан көңілімізге қонар жауап ала алмадық. Мінберге ҚазССР бас прокуроры Елемесов шығып, «…сендер заңды бұздыңдар, тараңдар!» – деді. Біз қозғалмадық.
Кеш бата Үкімет үйі жақтан қап-қара киінген, қолдарында қалқандары бар жігіттер шыға келді. Әлгілер, алдыңғы шептегі студенттерді соққыға жығып, өздерімен бірге алып кетіп жатты. Біз басында не істерімізді білмей сасқалақтап қалдық. Содан соң жастар есін жиып, олармен текетіреске көшті. Осылай біраз уақыт өтті. Бұл ойларынан түк шықпаған соң СОКП басшылары алаңға су шашатын машиналарды шығарды. Ол машиналар жастарды малмандай суға батырды.
Мен үсті-басым су болған соң қасымдағы екі-үш жолдасыммен жатақханаға оралдым. Мұнда соққыға жығылған көп қыз-жігіттерді көрдім. Ертеңіне 18 желтоқсан күні кеше болған сұмдықтарды естіп, жатақхананың жігіттерімен бірге тағы да алаңға бардым. Алаңда милиционерлермен бірге қолдарында таяқтары бар басқа ұлт өкілдерінің жасақтары тосқауыл жасап тұр екен. Шерушілер арасынан іріктелген бітімгерлер Үкімет үйіне талап-тілектерді жеткізуге кетіпті. Біз оларды күтіп, тыныштық сақтап тұрдық. Бірақ, кейбір арандатушылар бұзықтық жасауға тырысты. Бронетранспортер бастап келе жатқан машиналардың колоннасына тас, таяқ лақтырып жатты. Сол кезде колонна тоқтай қалып, машиналардың ішінен мұздай қаруланған солдаттар секіріп түсіп жатты. Алдымызда тұрған милиционерлер мен жасақшылар бізге қарай лап қойды. Артқы жағымыздан солдаттар қыспаққа алып, біз ортада қоршауда қалдық. Міне, осы кезде қатты қантөгіс қырғын басталды. Мен де басымнан соққылар алып, есеңгіреп қашып жүріп салынып жатқан бір үйдің үстіне шығып кетіппін. Сол кездегі жазықсыз жастарға жасалған сұмдық, зорлықтың бүкілін көрген, естіген куәгерімін. Осы күнге дейін сол кездегі оқиғалар әлі де көз алдымнан кетпейді.
Кейін КГБ адамдары жоғары оқу орындарына келіп, алаңға қатысқан студенттерді іздестіре бастады. Біз өзіміздің деканаттың, оқытушыларымыздың жасыруымен іздестірілуден аман қалдық. Сол кезде көптеген студенттер оқудан шығарылып, жауапқа тартылды. Талайы қамауға алынды, сотталды, партиядан, комсомолдан шығарылды, оқудан қуылды.
Осыдан біраз жыл бұрын Тәуелсіздік күні қарасыңда облыстық телеарнаға мені сұхбат беруге шақырған болатын. Сұхбат барысында Алматыдағы желтоқсан көтерілісі туралы деректі фильм көрсетілді. Мен телеарна қызметкерлерінен сол деректі фильмнің көшірмесін беруді өтіндім. Олар маған көшірмесін жазып берді. Үйге келген соң деректі фильмді көре отырып, шеруші студенттердің арасынан өзімнің курстасым Ешов Жанболатты көріп қалдым. Жанболаттың бір ерекшелігі көзілдірік тағатын, көзілдірігі жарқырап анық түсіпті. Содан соң деректі фильмді қажетті кезде тоқтатып қарап отырып, өзімді тауып алдым. Жанболатқа жақын жерден, сонымен қатар басқа да курстас достарымды көрдім. Өйткені, біз алдыңғы қатарда мінберге жақын тұрғанбыз. Сол кезде мінбер жақтан көптеген адамдар фотоаппаратқа, бейнекамерға түсіріп тұрды.
90-шы жылдардың басында Көкшетау педагогикалық институтында оқытушы болып жұмыс істеп жүргенмін. Бір күні курстас досым Сиязбаев Сайлау қуана күлімдеп, «Дәуіт, мынаған қара, сенің суретің» – деп бір газетті ұсынды. Газеттегі фотосуретке қарасам, мен бірге оқыған курстас достарымның арасында тұрмын. Аң-таң болып, суретке қараймын бұған қашан түстім деп, есіме түсіре бастадым. Сөйтсем, ол 1986 жылы желтоқсанның 17 күні мінберден түсірген сурет екен. Ол суретті бір мақаланың жанына қойыпты. Егер, жаңылмасам «Референдум туралы ойлар» деген мақала. Бұл мақала сол кездерде тәуелсіз «Азат» газетінде басылып шығыпты.
Біз Тәуелсіздіктің алғашқы қарлығаштары атанған жастардың Отансүйгіштік ерліктерін, Еліне деген сүйіспеншіліктерін айтып, құрбан болған боздақтарды еске алуға, олардың Тәуелсіздік жолындағы ерліктерін ұмытпауға, өскелең ұрпаққа өнеге етуге әрдайым міндеттіміз.
Дәуіт СҮГІРӘЛИЕВ,
Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті бейнелеу өнері, сызу және дизайн кафедрасының аға оқытушысы.

Суретте: Дәуіт Сүгірәлиев (ортада) Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының екінші курс студенті. 1986 жылдың қазаны.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар