Ел шебінде Ұлттық ұлан сарбаздары

Көкшетау қаласының тыныштығын кірпік ілмей күзеткен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5510 әскери бөлімі үшін 7мамыр – жай ғана күнтізбедегі мереке емес, кәсіби серт пен Отанға деген адалдықтың айрықша символы. Бүгінгі таңда ел қауіпсіздігінің берік қалқанына айналған офицерлер мен сарбаздар қала көшелеріндегі қоғамдық тәртіпті сақтай отырып, бейбіт күннің бағасын іспен дәлелдеп келеді. Отан қорғаушы күні қарсаңында біз осы бөлімнің тыныс-тіршілігіне үңіліп, темірдей тәртіп пен жауынгерлік рух ұштасқан сарбаздар өмірінің бір күніне куә болған едік.

Әскери бөлімнің тынысы

5510 әскери бөлімі ширек ғасырдан астам уақыт бойы ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздіктің күзетінде қалтқысыз қызмет етіп келеді. Бөлімнің іргетасы 1995 жылғы 1 қыркүйектегі ҚР Министрлер Кабинетінің № 1217 Қаулысы мен сол жылғы 12 қазандағы Ішкі әскерлер Қолбасшысының бұйрығы негізінде, Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлерінің жеке жедел мақсаттағы батальоны ретінде қаланған болатын. Солтүстік құраманың құрамында құрылған бұл әскери бөлім үшін 2004 жылдың 13 ақпаны ерекше тарихи күн ретінде есте қалды. Дәл осы күні Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бөлімге жауынгерлік айбынның нышаны – Жауынгерлік Ту салтанатты түрде тапсырылды. Уақыт талабы мен қызмет аясының кеңеюіне байланысты, 2008 жылғы 26 маусымдағы бұйрықпен жеке батальон полк болып қайта құрылып, оның жауапкершілік жүгі бұрынғыдан да арта түсті.

Бүгінде 5510 әскери бөлімі қаладағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етумен қатар, маңызды стратегиялық міндеттерді атқарады. Атап айтқанда, 2013 жылдан бастап Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығына бағынатын бөлімінің жеке құрамы Гранитный және Саумалкөл кенттеріндегі, сондай-ақ, Атбасар қаласындағы түзеу мекемелерін күзетуді, сотталғандарды қадағалауды және сот қарауылдарын қамтамасыз етуді жүзеге асырады. Бөлім құрамындағы бөліністердің географиялық орналасуы да ауқымды: Гранитный кентіндегі 1-ші жеке атқыштар ротасы, Саумалкөлдегі 3-ші рота және 2019 жылдан бастап құрамға енген Атбасардағы 4-ші атқыштар ротасы өз міндеттерін жоғары деңгейде атқарып келеді.

Бөлімнің жауынгерлік шежіресінде ел басына күн туған сын сағаттарда көрсеткен ерліктері де аз емес. Мәселен, 2011 жылы Гранитный кентіндегі түзеу мекемесінде орын алған жаппай тәртіпсіздіктерді ауыздықтауға бөлімнің жедел резерві қатысса, 2012 жылы жеке құрам Жаңаөзен қаласындағы қоғамдық қауіпсіздікті қалпына келтіру бойынша күрделі тапсырмаларды абыроймен орындап шықты.

Берік тәртіп пен жаңашыл технология

Ұлттық ұланның сап түзеген сарбаздары мен офицерлері – ел іргесінің беріктігі мен қоғамдық тыныштықтың кепілі. Бүгінде 5510 әскери бөлімі тек жауынгерлік дайындығымен ғана емес, сонымен бірге, заман талабына сай цифрлық жаңғыру жолындағы ілкімді істерімен де ерекшеленеді. Бөлімнің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары бөлімшесінің бастығы, майор Нияз Сәдуақасовтың айтуынша, бөлім жеке құрамы кез келген қиын сәтте жоғары үйлесімділік пен темірдей тәртіптің үлгісін көрсетіп келеді. Әскери қызметшілердің жанқиярлығы тек тактикалық оқу-жаттығуларда емес, ел басына күн туған сын сағаттарда, әсіресе, су тасқыны мен төтенше жағдайлар кезінде халыққа қол ұшын созуда ерекше көрініс тапты.

Отан алдындағы борышын өтеп жатқан сарбаздардың әрбір күні бөлім командирі бекіткен қатаң кестеге негізделген. Таңғы «Рота, ұйқыдан тұр!» деген пәрменнен бастап, кешкі ұйқыға дейінгі әрбір минут жауынгерлік даярлыққа арналған. Дүйсенбі мен сәрсенбі күндері сарбаздар жылдамдыққа жүгіруге машықтанса, сейсенбі мен бейсенбі күштерін шыңдап, жұма күні кедергілер жолағынан өту арқылы төзімділіктерін сынайды. Сарбаздар үшін жауынгерлік қызмет – күн тәртібіндегі ең маңызды іс. Олар қала көшелерінде қоғамдық тәртіпті күзетумен қатар, түзеу мекемелерінің қауіпсіздігі мен сотталғандарды айдауылдау сынды жауапты міндеттерді мінсіз атқарып келеді.

– Бүгінгі әскердің бейнесі бұрынғыдан өзгерек. Қазіргі сарбаздар – заманауи, жан-жақты, көбі жоғары білімді жастар. Олардың жаңа әрі жайлы казармаларда тұрып, қажетті қару-жарақпен және мүлікпен толық қамтамасыз етілуі егемен елдің әлеуетін көрсетеді. Бөлім ішіндегі спортзал мен кітапхана жауынгерлердің бос уақытын тиімді өткізіп, рухани байып, физикалық тұрғыдан шыңдалуына жағдай жасайды. Сонымен қатар, бөлім аумағында патриоттық іс-шаралар жиі өткізіліп, Ұлттық ұлан қатарындағы батырлық мысалдар жеке құрамға тұрақты түрде дәріптеледі. Әскер қатарындағы айтулы жаңалықтардың бірі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел халқына Жолдауы аясында жүзеге асырылып жатқан цифрландыру үдерісі. Қазіргі таңда бөлімдегі құжат айналымы мен жедел ақпарат алмасу процестері арнайы қосымшалар арқылы жүргізіледі. Бұл жүйе уақытты үнемдеп, шұғыл шешім қабылдауға мүмкіндік береді, – дейді майор Нияз Сәдуақасов.

Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары бөлімшесінің бастығының сөзінше, тіпті, жасанды интеллект жүйесімен қамтылған бейнебақылау камералары да іске қосылуда. Бұл технология сарбаздың бет-әлпетіндегі өзгерістер мен көңіл-күйін аңғарып, қандай да бір ауытқу байқалса, дереу командирлердің ұялы телефонына хабарлама жібере алады. Мұндай озық жобалар елордада бастау алып, алдағы уақытта 5510 әскери бөліміне де орнатылмақ.

Әскери қызметтің тартымдылығын арттыруда «Срочник 2.0» әлеуметтік жобасының орны бөлек. 2023 жылдан бері іске қосылған бұл бағдарлама сарбаздарға үлкен мүмкіндіктер сыйлауда. Атап айтқанда, қызметін мінсіз атқарған жастар ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орындарына грантқа оқуға түсуге (2024 жылы 3000 грант бөлінген), несиелері бойынша төлем демалысын алуға және қызметтен кейін «Самұрық-Қазына», «Қазақстан темір жолы» сынды ірі компанияларға жұмысқа орналасуға басымдық алады. Сондай-ақ, әскерде жүріп жүргізуші, аспаз немесе байланысшы мамандығын меңгеріп, сертификат алуға, ай сайынғы қалта шығыны мен демобилизация кезіндегі біржолғы төлемге ие болуға жағдай жасалған.

Жауынгерлік дайындық немесе әскери шыңдалу  

Әскери өмірдің табалдырығын аттаған әрбір жас өрен үшін алғашқы күндер үлкен сынақ пен жауапкершіліктің бастауы. Бұл кезеңде кешегі ерке баланың бойында жауынгерлік рух қалыптасып, темірдей тәртіп пен Отанға деген адалдық ұялайды.

5510 әскери бөлімінің жауынгерлік дайындық бөлімшесінің бастығы, майор Данияр Күзенбаевтың айтуынша, жаңадан келген сарбаздарды даярлау жүйесі қатаң алгоритм мен ғылыми негізделген әдістемелерге сүйенеді.

– Әскерге келген сарбаздарға алғашқы жеті күн бойы бастапқы жауынгерлік дайындық өткізіліп, бұл әскердіңқызметтік-жауынгерлік іс-қимыл кезіндегі ең бірінші қадамдары саналады. Мәселен, алғашқы күндері сарбаздар өздерінің киімдерін, жеке заттарын қадағалап, жатын орындарын күн тәртібіне келтіруге машықтанса, саптық дайындықта жеке құрамның бірлесіп іс-қимылдар жасауына шыңдалады және жеке саптық тәсілдерге әбден үйретіледі. Ал, жауынгерлік дайындықта атыс алаңында қару-жарақтардан атудың қыр-сырын меңгереді. Қызметтік-жауынгерлік қолдану тактикасында сарбаздар қару-жарақты және техниканы қалай орналастыру мен қолданудың әдіс-тәсілдерін жан-жақты зерделейді. Қысқаша айтқанда, мұның өзі әскери бөлімнің немесе құқық қорғау әскерлерінің өздеріне жүктелген арнайы міндеттерді орындау өнері мен ғылымы, – дейді тәжірибелі командир.

Майор Күзенбаевтың айтуынша, сарбаздар алғашқы 40 күнде осы негізгі үш бағытта қарқынды дайындалады. Бұл уақыт аралығында жас жауынгерлер тек физикалық тұрғыда ғана емес, сонымен бірге, психологиялық тұрғыда да нағыз маман болып қалыптасады. Олар атыс алаңында нысананы дәл көздеуді, қаруды жылдам бөлшектеп-жинауды және атыс кезіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтауды автоматты деңгейге дейін жеткізеді. Сарбаздар өздерінің осы уақытқа дейінгі алған білімін практика жүзінде атыс залында тапсыратын қорытынды сабақ арқылы дәлелдейді. Осы сынақтан кейін әр сарбаздың моральдық-психологиялық жағдайына, жеке қызметтік қабілеті мен икеміне қарай олар нақты міндеттерді орындайтын тиісті роталарға бөлінеді. Бұл іріктеу әрбір сарбаздың әлеуетін барынша тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, қазіргі заманғы әскери қызмет тек тыныш уақыттағы күзет емес, кез келген тосын жағдайға дайын болуды талап етеді. Төтенше жағдай туындағанда сарбаздың шешім қабылдау жылдамдығын арттыру мақсатында аптасына 48 сағат арнайы сабақтар ұйымдастырылады.

– Бұл сабақтар бекітілген кестеге сәйкес өткізіліп, жауынгерлік және арнайы дайындық тақырыптарын қамтиды. Төтенше жағдай орын алғандағы нақты іс-қимылдар алгоритмі сарбаздарға толық түсіндіріліп, практикалық жаттығулар арқылы бекітіледі. Біздің мақсатымыз – жауынгердің кез келген стресстік жағдайда сасқалақтамай, бұйрықты нақты әрі жылдам орындауына қол жеткізу, – деп атап өтті өз сөзінде майор Данияр Күзенбаев.

Мұндай жүйелі дайындықтан өткен сарбаздар қоғамдық тәртіпті сақтау кезінде де, күтпеген табиғи немесе техногендік сипаттағы апаттар орын алғанда да кәсібилік танытып, ел сенімін ақтауға қабілетті болады. Осылайша, Ұлттық ұлан қатарындағы алғашқы жауынгерлік дайындық бойынша 40 күндік дайындық циклы жас жігіттің нағыз темірдей тәртіпке бағынған, өз ісіне сенімді жауынгер болып шығуына жағдай жасайды.

Атыс қаруынан дронға дейін

Бүгінгі таңда әскери саладағы технологиялық дамудың қарқыны өте жоғары және 5510 әскери бөлімі бұл үрдістен қалыс қалмай, заманауи құралдарды қызметтік-жауынгерлік іс-қимылдарға кеңінен енгізуде. Әсіресе, барлау жұмыстары мен іздестіру-құтқару шараларында ұшқышсыз ұшу аппараттарының алар орны ерекше.

5510 әскери бөлімі барлау қызметінің бастығы, лейтенант Дәурен Әлімжановтың айтуынша, жеке құрам тек физикалық тұрғыдан мықты болып қана қоймай, жоғары технологиялық техникаларды да шебер меңгеруі тиіс.

– Біздің әскери бөлімнің қару-жарақ арсеналында барлау қызметіне, іздестіру жұмыстарына және құтқару функцияларын орындауға арналған заманауи ұшқышсыз ұшу аппараттары бар. Атап айтқанда, Қытай Халық Республикасында өндірілген «DJI Mavic 3 Pro» дрондары біздің негізгі көмекшіміз болып табылады. Бұл дрондарды біз бірінші кезекте түрлі сипаттағы төтенше жағдайларда, сондай-ақ, тұрақты дислокация пункттерінде өткізілетін тактикалық-арнайы оқу-жаттығулар кезінде белсенді қолданамыз. Дронды басқару мамандарымен барлау дайындығының жоспарына сәйкес мерзімді сабақтар өткізіліп тұрады, –дейді лейтенант Дәурен Әлімжанов.

Ұшқышсыз ұшу аппараттарын меңгеру – бұл жай ғана техниканы үйрену емес, заманауи ұрыс даласындағы стратегиялық басымдыққа ие болудың жолы. Оқу-жаттығу жиындарында мамандар дронды әуеге көтеріп қана қоймай, одан келіп түсетін бейнекөріністерді сараптауды, нысананың координаттарын дәл анықтауды және бүркемеленген нысандарды табуды үйренеді.

Осылайша, 5510 әскери бөліміндегі барлау қызметі де заман талабына сай жаңғырып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жоғары тиімділік танытып отыр.

Тамағы тоқ, киімі жаңа

Әскердің айбыныоның дайындығында болса, сол дайындықтың іргетасы сарбаздардың толыққанды тамақтануы мен сапалы киім-кешекпен қамтылуында жатыр. Бүгінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жауынгерлердің тылдық қамтамасыз етілуі қандай деңгейде? Бұл сұраққа бөлімнің киім-кешек және азық-түлік қызметінің бастығы, лейтенант Әділ Серіков жауап берді.

– Әскери бөлімде азық-түлік және киім-кешек қызметін ұйымдастыру жұмыстары бекітілген басшылық құжаттарға сәйкес қатаң бақылауда ұсталады. Қазіргі таңда жеке құрамның қажеттіліктері 100 пайыз деңгейінде өтеліп отыр, – дейді лейтенант.

Бөлімде сарбаздардың күш-қуатын қалыпты ұстау үшін үш мезгіл құнарлы ас ұйымдастырылған. Қызмет бастығының айтуынша, ас мәзірі тек қағаз жүзінде емес, іс жүзінде де жаңарып, түрленіп отырады.

– Сарбаздардың күнделікті мәзірін өзім тікелей қадағалап, бекітемін. Соңғы енгізілген оң өзгерістердің нәтижесінде жауынгерлеріміздің дастарханы айтарлықтай байыды. Мәселен, апта сайын мәзірге ұлттық тағамымыз – бешбармақ, сонымен қатар, дімләма мен палау қосылады. Сарбаздардың рационында күн сайын міндетті түрде жұмыртқа мен балғын көкөністер бар. Ал мерекелік күндері жауынгерлерді түрлі тәттілер мен нан-тоқаш өнімдерімен қуантып тұрамыз, – дейді Әділ Серіков.

Киім-кешекпен қамту мәселесі де жүйелі жолға қойылған. Сарбаздардың әскери формасы жылына үш рет жаңартылып отырады. Бұл ретте қызмет бастығы әскери киімнің тек стандартты жиынтығы емес, салтанатты жағдайларға арналған үлгілеріне де тоқталды. Мәселен, алғашқы кезеңде сарбаздар әскер қатарына шақырылғанда қажетті керек-жарақпен толық қамтылады.Орта кезеңде алты айлық қызметтен кейін киім-кешек жаңартылады. Ал, қорытынды кезеңде сарбаз мерзімді қызметін аяқтап, запасқа босатылар алдында әрбір сарбазға салтанатты (парадтық) форма беріледі.Бұдан бөлек, ауа райының құбылмалылығы мен қолайсыз жағдайларына (аяз, жаңбыр, жел) қарсы арнайы киім жиынтықтары толықтай қарастырылған. Бұл жауынгерлердің кезкелген климаттық жағдайда тапсырманы мінсіз орындауына мүмкіндік береді.

– Қорыта айтқанда, бүгінгі қазақ әскерінің тылдық әлеуеті бұрынғы кезеңдермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Біздің басты мақсатымыз – сарбаздың тамағы тоқ, киімі бүтін болып, Отан қорғау жолында еш алаңсыз қызмет етуін қамтамасыз ету,–деп түйіндеді сөзін лейтенант Әділ Серіков.

Заманауи техникаға сүйенген

Көкшетау қаласының тыныштығын кірпік ілмей күзеткен 5510 әскери бөлімінің тыныс-тіршілігі бүгінде заманауи талаптарға сай жаңарып, нығайып келеді. Әскери бөлімнің жауынгерлік дайындығы мен материалдық базасының сапасын арттыруда техника мен қару-жарақтың алар орны ерекше. Осы орайда, жедел мақсаттағы батальон командирінің техника және материалдық қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары, капитан Ернұр Әбдікәрім бөлімдегі ауқымды жұмыстар мен сарбаздардың кәсіби шыңдалуы жайлы маңызды деректермен бөлісті. Оның айтуынша, Отан алдындағы борышын өтеуге келген әрбір жас сарбазға алғашқы күннен бастап үлкен жауапкершілік жүктеледі. Ең алдымен, оларға заңды түрде қару-жарақ бекітіліп, жауынгерлік шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік беріледі. Әсіресе, ату жаттығулары кезінде мергендігімен көзге түскен, нысананы жазбай танитын сарбаздарға арнайы мергендік винтовкалар тапсырылып, олар «мерген» лауазымына тағайындалады. Сондай-ақ, сарбаздың жеке икемі мен физикалық мүмкіндігіне қарай танкіге қарсы гранатаатқыш секілді қуатты қаруларды меңгеру де жолға қойылған.

Әскери бөлімнің техникалық паркі соңғы жылдары айтарлықтай жаңартылып, сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілді. Капитан Ернұр Әбдікәрімнің мәлімдеуінше, 2026 жылы жасалған автокөліктермен жабдықтау туралы келісім-шарт аясында Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының шешімімен бөлімге 12 дана шетелдік заманауи «Hyundai Tucson» көлігі табысталған. Бұл техникалардың алтауы жеке құрамды жедел тасымалдауға бағытталса, қалған алты көлік қала көшелерінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша жауынгерлік қызметте қолданылмақ. Айта кетерлігі, 2025 жылдан бастап бөлімдегі техникалық қайта жарақтандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, өткен жылы жеке құрамды тасымалдауға арналған жаңа КАМАЗ жүк көліктері де қолданысқа берілген болатын.

Дегенмен, заманауи техниканы меңгеру үшін жоғары біліктілік қажет. Оқу пунктын аяқтаған, жүргізушілік куәлігі бар сарбаздар тікелей рөлге отырмас бұрын бір айлық арнайы оқу-әдістемелік дайындықтан өтеді. Бұл сабақтар тек әскери шеңберде шектелмей, облыстық полиция департаменті және жеке мамандандырылған мектептермен бірлесіп өткізіледі. Сарбаздарға тек жеңіл автокөліктерді басқару сеніп тапсырылса, ауыр техникалар мен күрделі машиналарды тізгіндеу ісі тек тәжірибелі, келісім-шарт бойынша қызмет атқаратын әскери қызметшілерге жүктеледі. Осылайша, 5510 әскери бөліміндегі темірдей тәртіп пен жаңашыл техникалық жабдықталу – ел қауіпсіздігі мен халық тыныштығының мызғымас кепіліне айналып отыр.

Әке жолы – адалдық мектебі

Әскери бөлімнің клуб бастығы, капитан Ғани Ереже 13 жылын Отан алдындағы қасиетті борышына арнаған. Оның әкесі Назкен Елеукин де әскери адам болған, қазір құрметті демалыстағы зейнеткер.

– Бала күнімнен әкемнің жұмысына жиі барып, сарбаздар мен офицерлердің қызметін бақылап өстім. Сондықтан болар, өзімді осы мамандықтан басқа салада елестете алмадым, – дейді Ғани Назкенұлы.

Тәжірибелі офицердің айтуынша, оған адамдармен жұмыс істеу, сарбаздарды тәрбиелеу ісі ерекше қызық. Оның тікелей міндетіне әскери қызметшілердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру да кіреді.

Ғани Ереженің сөзіне сенсек, сарбаздардың бос уақыты да шектеулі, өйткені, бүкіл күн тәртіп бойынша өтеді. Ал, жексенбі күндері клубта жауынгерлер үшін тақырыптық немесе музыкалық кештер ұйымдастырылып, кинофильмдер көрсетіледі. Осылайша, әке жолын қуған офицер бүгінде жас сарбаздардың тәртібі мен тәрбиесіне, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып жүр.

Отан алдындағы борыш – ардың ісі

Әскер – ер-азаматтың мінезін қалыптастырып, жауапкершілік жүгін сезіндіретін, төзімділік пен батылдықтың шынайы мектебі. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жас өрендер Ұлттық ұлан қатарында Отан алдындағы қасиетті борышын өтеп жүр. Солардың бірі – Ақтөбе қаласынан Көкшетаудағы 5510 әскери бөліміне шақырылған қатардағы жауынгер Азамат Есентай. Сарбаздың айтуынша, әскери өмір – бұл тек қару ұстап, сап түзеу емес, бұл өзіңді шыңдау мен рухани толысу жолы.

– Әскерге келерімде физикалық тұрғыда шынығып, нағыз ер-азамат болып қалыптасатыныма сендім және көзім жетті. Әскерге келген кезден бастап, командирлер бізге теориялық және практикалық сабақтар өткізіп дайындайды, сол үшін қызмет барысында ешқандай қиындықтарға кездескен емеспіз. Әскердің біз үшін пайдасы өте көп. Бұл жерде темірдей тәртіп, барлығы уақытпен, ережемен. Ең қызығы, әр қаладан дос табасың және әскерде тапқан достардың орны бөлек. Туған үйден жырақтап, ата-ана, бауырдың да қадірін білдік. 5510 әскери бөлімінде әскери борышымды өтегеніме өте қуаныштымын, – деп ағынан жарылды жас жауынгер.

Азаматтың бұл сөздері бүгінгі сарбаздардың ортақ толғанысын аңғартқандай. Шынында да, әскер қабырғасындағы алғашқы күндерден бастап жастар уақытты тиімді пайдалануды, әрбір минуттың құндылығын ұғынады. Күн тәртібі бойынша таңғы оянудан бастап, кешкі тексеріске дейінгі әрбір сәт жүйелі жоспарланған. Бұл жүйе жас жігіттің бойындағы жалқаулықты жеңіп, оны жинақылық пен ширақтыққа тәрбиелейді.

Әскери бөлімдегі өмір тек қатаң тәртіппен ғана шектелмейді, мұнда заманауи жауынгерлік дайындықтың барлық мүмкіндіктері қарастырылған. Сарбаздар тактикалық дайындық, атыс өнері және топография секілді арнайы пәндерді меңгере отырып, төтенше жағдайларда дұрыс шешім қабылдауды үйренеді. Сонымен қатар, 5510 әскери бөлімі сияқты жедел мақсаттағы бөлімдерде қызмет ету – үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Мұндағы сарбаздар қала көшелерінде қоғамдық тәртіпті күзетіп, ел тыныштығын тікелей қамтамасыз ететіндіктен, олардың бойындағы психологиялық төзімділік те ерекше шыңдалады.

Әскердің тағы бір маңызды қыры – достық пен бауырмалдық. Азамат атап өткендей, еліміздің әр қиырынан келген жастар бір казармада тұрып, туған бауырдай болып кетеді. Бір үзім нанды бөліскен «әскердегі достардың» байланысы өмір бойы үзілмейді. Бұл – қазақстандық патриотизмнің жарқын үлгісі, өйткені, мұнда рушылдық пен жершілдік емес, біртұтас елдің мүддесі бірінші орынға шығады.

P.S.

Отанды сүю – оны қорғаудан басталады, ал, әскер, сол махаббатты іспен дәлелдейтін қасиетті мекен. Сондықтан, бүгінгі жас буын үшін әскери қызмет тек міндет емес, бұл өз елінің нағыз патриоты екенін көрсететін абыройлы жол болып қала бермек.

Күнделікті қызметте көше патрульдері арқылы қала тұрғындарының тыныштығын күзететін, ал, төтенше жағдай туындағанда алдыңғы шептен табылатын 5510 әскери бөлімінің жеке құрамы бүгінгі күннің нағыз қаһармандары. Олардың Отан алдындағы антқа адалдығы мен кәсіби біліктілігі өңірдегі тұрақтылықтың басты кепілі болып қала бермек.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА.
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар