Зерде
Жуырда біздің кітапханада бұрынғы Кеңестер Одағының Чернобыль атом электр станциясындағы апат құрбандарын еске алуға арналған «Чернобыль жаңғырығы» атты тағылымды іс-шара өтті. Оған біраз адамдар қатысып, ерлік пен елдікке толы осы бір тарихи оқиғаны бірге еске алды.
Шараның негізгі мақсаты – 1986 жылдың 26 сәуірінде болған Чернобыль апаты туралы тарихи деректерге тағы бір оралу, сөйтіп, апат салдарын жоюға қатысқан азаматтардың ерлігін ұлықтап, жас ұрпаққа бейбіт өмірдің қадірін түсіндіру болды.
Кездесудің құрметті қонақтары ретінде Чернобыль атом электр станциясындағы апат салдарын жоюға қатысқан Болатхан Мұқаев пен Эвальд Красовский және 5510 әскери бөлімінің сарбаздары шақырылды. Қонақтар сол бір күрделі кезеңдегі естеліктерімен бөлісіп, жиналған көпшілікке апат аймағында атқарған қызметтері жайында айтып берді. Сондай-ақ, кітапхана қызметкерлері де қатысушыларға апаттың зардаптары, оның адам өмірі мен қоршаған ортаға тигізген әсері туралы мағлұматтар ұсынып, тақырыптық көрме ұйымдастырды.
Іс-шара барысында Чернобыль апатының адамзат тарихындағы ең ірі техногендік апаттардың бірі екені айтылып, оның салдары көптеген адамдардың тағдырын өзгертіп, бүкіл әлемге үлкен қауіп төндіргені туралы кеңінен баяндалды. Қатысушылар сол кезеңдегі осы апатқа байланысты туындаған қиындықтар мен ерліктің мәнін терең түсінуге мүмкіндік алды. Апат салдарын жоюға қатысқандардың батылдығы мен жанқиярлық еңбегі жас ұрпаққа үлгі екені ерекше атап өтілді. Қатысушылар тарапынан Чернобыль тақырыбына арналған өлеңдер оқылып, жүрек тебірентерлік естеліктер мен лебіздер айтылды. 5510 әскери бөлімінің сарбаздары домбырамен күй тартып, гитарамен ән шырқап, сол бір күндердің жанды елесіне бойлатқандай болды. Чернобыль апатын жоюға сол кезде біздің Қазақстан, оның ішінде Ақмола, Көкше өңірлерінен де көп адамдар ат салысты. Өз азаматтық парыздарына адал болған сол жандардың көбі бұл күнде ауру-сырқаулы. Өйткені, Чернобыль АЭС-інен тараған аждаһа сәулесі кезінде ешкімді де аямады. Апат салдарын жоюға қатысушылардан ажалынан бұрын дүниеден өткендері де баршылық.
Біз ұйымдастырған кездесу міне, сол сын сағатта жүрек әмірімен Чернобыль апатының ауыздықталуына ат салысқан азаматтарға тағзымымыз. Енді мұндай тосын оқиға еш жерде қайталанбасын. Қазіргі уақытта біз де өз елімізде атом станцияларын салуға кіріскелі жатырмыз. Тек ол қауіпсіз, барлық талаптарға сай болса, көңіл де орнында болары анық.
А.НҰРКЕНОВА,
Көкшетау қалалық зағип және нашар көретін азаматтардың
арнайы кітапханасының кітапханашысы.
![]()

