1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күні «Көкшетау» мәдениет сарайында «AMANAT» партиясының қолдауымен, Ақмола облыстық әкімдігі және Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының ұйытқы болуымен «Бес асыл» республикалық командалық өнер сайысы салтанат құрды.
Бұл доданың маңыздылығын облыс әкімі Марат Ахметжанов та сайысқа қатысушылар мен көрермендер алдында сөйлеген құттықтау сөзінде ерекше атап өтті.
Арқаның ажары, сұлулықтың символы болған киелі Ақмола, Көкше жері тағы бір мәрте ұлттық өнердің алтын діңгегіне айналды. Бұл күні сахна төрінде Ақмола мен Атырау облыстарының намысын арқалаған өнерпаздар жүздесті. Арқа мен Батыстың өнер мектебі тоғысқан бұл дода жай ғана сайыс емес, бабадан қалған асыл мұраны ұлықтап, ұлттық болмысты түгендеген ерекше рухани мега жоба ретінде тарихқа енді. Оның барысында талғампаз көрермен қауым нағыз рухани сусынға қанықты. «Бес асыл» жобасының аты айтып тұрғанындай, мұнда қазақтың бес бірдей киелі өнері – айтыс, жыр, терме, дәстүрлі ән мен күй астасып, ұлттық мәдениеттің мәртебесін биікке көтерді.
Көкше жеріндегі бұл дүбірлі доданың тізгінін Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, белгілі айтыскер ақын Аманжол Әлтай ұстаса, әділ қазылар алқасына Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының төрағасы, Қазақстанның халық жазушысы Жүрсін Ерман жетекшілік етті.
Сайыстың ашылуында сөз алған Аманжол Әлтай Көкше өңірінің тарихи маңызына тоқталып, жобаның негізгі мұратын айқындап берді:
– Бүгін киелі Көкше жеріндеміз. Бұл – сал-серілердің ізі қалған, ән мен жырдың қасиеті сіңген, талай тарлан талантты түлеткен өңір. Осындай рухы биік мекенде «Бес асыл» сынды ұлттық жобаның өтуі – үлкен мәртебе. Бұл жоба – қазақтың рухани болмысының айнасы. Айтыс, жыр, күй, терме және дәстүрлі ән – халқымыздың жан дүниесін, тарихын, тағдырын сақтап келген асыл қазына. Осындай бастамалар арқылы біз сол мұраны жаңғыртып қана қоймай, оны жас буынға аманат етеміз, – деп толғанды ақын.
– Бүгін біз ұлттық өнеріміздің қаншалықты бай әрі мазмұнды екенін көріп отырмыз. Дәстүрлі мәдениетті қолдау – ел болашағына қосылған үлкен үлес. Осындай жобалар жастарды рухтандырып, ұлттық құндылықтарды нығайта береріне сөз жоқ, – деді өз кезегінде Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.
Сайыс барысында ақындар айтыстың бірнеше түрінен – сүре айтыс, түре айтыс, қайым және өтірік өлең айтудан шеберлік байқасты. Көрермендер тек сөз сайысын ғана емес, домбыраның күмбірі мен жыр-терменің терең иірімдеріне куә болды. Ақмола облысының командасын белгілі айтыскер ақын Арман Бердалин, ал, атыраулық өнерпаздарды Саадат Нұрманов бастап шықты.
Арман Бердалин бұл жобаның қазіргі қоғам үшін өзектілігіне тоқталып:
– Бұл дер кезінде қолға алынған жоба. Себебі, қазір айтыс асқақтап тұрғанымен, күй, жыр, терме өнері біршама кенжелеп қалғандай еді. Осының бәрін бір арнаға тоғыстырып, қайта жаңғырту үлкен рухани ерлік, – деген пікірін білдірді.
Қызу тартыс пен парасатты пайымға толы өткен сайыстың қорытындысы бойынша Ақмола облысының құрамасы басым түсіп, жеңімпаз атанды. Олар келесі кезеңге жолдама алып, мерейлері үстем болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.
Осылайша, Көкшетау аспанында ұлттық рухтың үні асқақтап, «Бес асыл» жобасы қазақ өнерінің тамырына қан жүгірткен тағы бір тағылымды кеш ретінде есте қалды. Бұл – ұлттық өнердің ұлы көші тоқтамайтынының, бабалар аманатының сенімді қолда екенінің айқын дәлелі.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА.
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген: Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

