Жас өнертапқыштар жаңашыл жобаларымен сүйсінтті

Байқау

Көкшетау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде Дүниежүзілік роботтар олимпиадасының (World Robot Olympiad) аймақтық іріктеу кезеңі қорытындыланды. Биылғы додада Ақмола облысының  50-ге жуық командасы бас қосты.

Бұл маусымның басты тақырыбы – заманауи технологияларды мәдениет пен өнер саласына біріктіруге бағытталған «Роботтар және мәдениет» тұжырымдамасы болды.

Осы ретте, редакциямызға дарынды, инновацияшыл жастар арнайы сұхбат беріп, өз жұмыстарын таныстырды. Солардың бірі – «Жанұя» жобасы.

– Бұл жүйе жасанды интеллект арқылы тауықтардың ауруларын анықтауға бағытталған. Олардың мінез-құлқы мен сыртқы белгілеріне қарап, жасанды интеллект көмегімен анықтаймыз. ЖИ жобасын арнайы бағдарламалау арқылы дамыттық және оны оқыту үшін қажетті ақпараттық базаны құрдық. Жобаның құны шамамен 120 мың теңге деп бағаланады. Жоба әлі де жетілдіру үстінде, бірақ, белгілі бір деңгейде дайын. Роботқа арнайы қосымша камералар орнатылады, осы арқылы зерттеуді жүргізуде маңызды рөл атқарады. Қазіргі уақытта жоба Түркиядағы жарыстың көрсетілімінде, – дейді жоба авторлары.

Келесі стартапшы балалар «Миксипад» жобасының авторлары. Өз сөздерінше, олардың жасап шығарған заты музыканттар үшін таптырмас дүние. Оны өздері былай деп толыққанды түсіндірді:

– Біздің жобамыздың ең басты ерекшелігі – шығармашылыққа, яғни, музыканың табиғатына терең бойлау. Құрылғыда «пэд» деп аталатын 12 батырма орналасқан. Осы батырмаларды басқан кезде дыбыс шығады. Нақтырақ айтсақ, батырмадан келген сигнал дефплеер мини модуліне беріледі, ал, ол өз кезегінде сигналды ESP32 микроконтроллеріне жолдайды. Осыдан кейін барып дыбыс динамик арқылы сыртқа шығады. Сондай-ақ, біз дыбыс күшейткішті де қолдандық. Яғни, дыбысты басқаратын энкодер ең жоғарғы деңгейде тұрса да, күшейткіштің көмегімен дыбысты тағы да арттыруға болады. Жобада екі түрлі энкодер бар. Бірінші энкодер дыбыс деңгейіне жауап береді, оны оңға немесе солға бұрау арқылы дыбысты күшейтуге немесе азайтуға болады. Екінші энкодер дыбыстар кітапханасын таңдайды. Мысалы, бір кітапханада барабандар жинағы болуы мүмкін. Бір файлдың ішінде 12 түрлі дыбыс сақталған, себебі, әр дыбыс панельдегі жеке батырмаға тиесілі. Кәсіби музыканттардың өз құрылғыларын тастап, біздің жобаға бірден өтуіне әлі ерте, өйткені, біз оны әлі жетілдіріп жатырмыз. Біздің болашақ жоспарымыз бен даму бағытымыз айқын. Жақын арада жобаға блютуз модулін қосамыз, бұл басқаларға кедергі жасамай құлаққаппен музыка тыңдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ESP32-ге қарағанда дамыған, қосылым нүктелері көп заманауи микроконтроллерді қолдануды жоспарлап отырмыз. Сол кезде барып музыканттар өз аппараттарын біздің микси-падқа алмастыра алады, – деді жоба авторлары Раджан Рашидов пен Әлихан Нұрмұхаммед.

Сайыс барысында қатысушылар төрт ресми санат бойынша бақ сынап, бағдарламалау мен стратегиялық ойлау қабілеттерін ортаға салды. Төрешілер алқасының шешімімен RoboMission санатының бастауыш тобында «Жаңа белес» командасынан Санжар Асқатұлы мен Бағжан Олар үздіктер қатарынан көрінді. Екінші бір «Жаңа белес» командасының мүшелері Абзал Қалиев, Санжар Өмірәлі мен Арсен Байзақов та жеңіске жетсе, жоғары топта «IsakovRobotics» намысын қорғаған Никита Полынин мен Тимур Заруни қарсыластарынан оқ бойы озық шықты.

Инновациялық жобаларға арналған «Болашақ инновациясы»  санатында да бәсеке жоғары болды. Бастауыш буында «Жас тұлға» командасынан Айша Ахметбекова мен Раяна Озат, сондай-ақ, «Джамперс» сапында Холид Кабдрахманов пен Ақарыс Қайдар екінші орынды өзара бөлісті. Орта буында «ОюЛайк» жобасымен Нұрайлым Уәлихан мен Әдия Назымбекова үздік танылса, жоғары топта «ЧэйнджМэйкерс» тобының қатысушылары Қайрат Ескен, Юсуф Мұхамбетқалиев және Даниэль Жақыпов жеңімпаз атанды.

Сонымен қатар, спорттық бағыттағы RoboSports санатында Әлинұр Оспанәлі, Нұралы Базаров, Ерасыл Қайрат бастаған «Alex Pereira» командасы жеңіс тұғырына көтерілді. Ал, күрделі инженерлік шешімдерді талап ететін Future Engineers бағыты бойынша «RoboFlow» командасының мүшелері Нұрәлі Төлеген мен Азамат Батыржан жүлделі үшінші орынға ие болды.

Аймақтық кезеңде топ жарған бұл дарынды жеткіншектер енді Ақмола облысының намысын қорғау үшін 18-19 маусым күндері Алматы қаласында өтетін WRO республикалық олимпиадасына аттанады.

 Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар